Ақмола облысында зиратта шақалақтың өлі денесі табылды

002160b Ақмола облысында жаңа туған шақалақтың өлі денесі табылды. Нәрестенің мүрдесін Щучье қаласындағы мұсылман зиратына апарып, жақында қайтыс болған адамның бейітінің жанына тастап кетіпті. Сәбидің денесін орап топырақпен көмген. Қазір оның анасын полиция іздестіріп жатыр деп хабарлайды КТК арнасы. Жақында туысқаны қайтыс болып бейітін бекітуге келген азамат қатты шошынып қалыпты. Зиратты жағалай қазып тас орнатпақ болған кезде күрегі жұмсақ нәрсеге тиген. Бірден қолмен қазып қараса, жаңа туған нәрестенің денесі. Орынбай Омаров "шақалақты енді ғана әкеп тастаған сияқты, өйткені денесі бұзылмаған" дейді. Бірақ маңайда адам байқалмаған. Нәрестенің денесі туысқанының зиратынан табылғанына қарап ол алғашқыда жақындарының бірінің баласы ма деп күдіктенген екен. Сөйтіп, олардың барлығына хабарласып шыққан. Полиция да тексеріп көрген. Зиратқа өлі шарананы кім әкелгені әзірге белгісіз. Дене қазір сараптамаға жіберілді. Щучье қаласының жанындағы мұсылман зиратына нәрестені кім әкелгендігін күзетшілер де байқамаған. Бейіттері биік салынғандықтан келіп-кеткен адам тасадан көрінбейді екен. Бұл осы аймақтағы бірінші оқиға емес. Өткен сәуір айында ғана су құбырын тартып жатқан жұмысшылар сол жерден тағы бір нәрестенің өлі денесін тапқан. Бауыр еті баласын көзі қиып, далаға тастаған безбүйрек әйелдің кім екені әлі анықталған жоқ.