Жұмыс бізді үш түрлі зор қырсықтан: зерігуден, кемшіліктен және мұқтаждықтан құтқарады
2014 ж. 29 мамыр
2869
0
Ия, жұмыстың оңайы жоқ. Бірақ, соның ең ауыры жұмыс іздеу екендігін көпшілігіміз көріп те, біліп те, басымыздан кешіп те жүрміз. Жақсы өмір сүру үшін жақсы және тындырымды еңбек ету керек. Жұмыс – бұл еңбек адамының капиталы. Десек те, өзің ойлаған, таңдаған, қабілетіңе, мамандығыңа лайық жұмыстың табыла қоюы, қазіргі шындыққа қарай айтсақ, таптыра қоюы екіталай болып тұр. Мұны бір жағынан нарық заңдылығына да апарып тірейміз. Өйткені, капитал немесе тауар нарығы сияқты еңбек нарығы да болады. Яғни, мамандық пен жұмыс күшін де тауарға теңейміз.
Жұмыс күші немесе қажетті мамандықтар экономикалық даму мен мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына қарай үкіметтің қызметімен және басқа да жағдайлармен реттеледі. Тауар сияқты жұмыс күші мен мамандықтар үшін де ұсыныс пен сұраныс заңы жүреді. Яғни, олардың бағасын да сұраныс пен ұсыныс реттейді. Жұмыс табудағы қиыншылықтардың бір себебі де осыдан. Бірақ, ең бастысы мамандықты адамдар өздері таңдайды, жұмысты да өздері іздеп табады. Мемлекет әркімге жұмыс тауып беруге міндеттенбейді. Бірақ өз азаматтарының жұмыс таба алуына жағдай жасайды, бизнестің және кәсіпкерліктің дамуына, жұмыс орындарының ашылуына қолдау көрсетеді, тіпті арнайы қаражат та бөледі, еңбек заңдылығының сақталуын қадағалайды, еңбек адамдарының құқығы мен бостандығын қорғайды.
Жұмыссыздық барлық елде бар. Марксизмше айтсақ, ол: «капитализмнің қыр соңынан қалмайтын көлеңкесі». Жұмыссыз қалудың немесе жұмыссыздықтың орын алуына экономикалық та, әлеуметтік те себептер жетерлік. Біреулер жақсы еңбек етіп, жұмыстың көзін тауып маңдай терін төгіп, тақыр жерден бизнес ашып дәулеттілер қатарына қосылуда. Енді біреулері болса тағдырдың жазмышынан, басына түскен ауыр жағдайдан немесе өзінің әрекетсіздігінен еңбектің көзін таба алмай кедейшілікте өмір сүруде. Тағы біреулер заңды айналып өтіп, оңай жолмен келетін тәсілдерді меңгеріп немесе билігі мен лауазымын пайдаланып шылқыған байлыққа ие болады. Халық та сондайларды көріп ренжиді, билікті сынайды. «Құдай кедейлерді жақсы көреді, бірақ байларға көмектеседі» деген сөз бар. Кейде осыны рас па деп қаламыз. Рас болса рас шығар. Өйткені, «кедейлер салықты уақытылы төлейді, ал байлар болса салық төлеуден қашқақтайды» ғой. Жұмысқа шақыру хабарламалары мен жарнамалары бойынша да жұмыс табу оңай емес. Оқу орнын енді бітірген жас мамандардан да еңбек өтілі талап етіледі. Олар жұмыс істемесе еңбек өтілін қайдан алады? Сонымен қатар жастардың бір бөлігі қолмен атқарылатын жұмыстарға бара бермейді. Жоғары немесе орта кәсіптік білімі барлар тіпті ондай жұмыс атқаруды намыс та көреді. Еңбек етіп адал ақша табудың қандай ұяттылығы бар? Жастарға осыны көбірек түсіндіру қажет сияқты. Ең төменнен бастап сатылап еңбек етудің де өмірлік пайдасы көп. Бірден орындыққа отыру, бұйрық беретін қызмет іздеу – мансапқорлыққа апаратын төте жол. «Ең кішкентай бастық – ең үлкен бастық» деп те бекер айтылмаса керек.
Әркімнің өзіне, мамандығына, қабілетіне қарай «қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар» (ҚР Конституциясы, 24 баб)» десек те мұндай құқықты бүгінде тамыр-танысы және қолдаушысы барлардың «көбірек» пайдалана алатынын да көріп жүрміз. «Екі қолға бір күрек табылады», - дей тұра бүгінгі күнгі жұмыс істеудің ең ауыры – жұмыс іздеу болып тұрғандығын да жасыра алмаймыз. Сонымен қатар, жұмыс, жұмыссыздық және демалыс туралы айтқыштардың не дегендерін де назарларыңызға ұсынып отырмыз. Оқып көріңіз, бір пайдаңызға жарап қалар!
Еңбек, жұмыссыздық және демалыс туралы афоризмдер
«Бізде едәуір көп адам жұмыс істемей өмір сүреді және соншалықты адам өмір сүрмей жұмыс істейді».
Чарлз А. Браун
«Барлық жұмыс әлі жұмыс істеп үйренбегендердің арқасында орындалады». Аркадий Давыдович
«Басқадан жақсы жұмыс істей білген адам, басқадан артық жұмыс істемеуді де біледі». Ж. Элгози
«35 жастан кем емес, қырық жылдық еңбек тәжірибесі бар менеджерлер керек». Авторы белгісіз
«Егер сізге «біз өз шешіміміз туралы хабарлаймыз» деп айтса, бұл сіздің хабардар болғаныңызды білдіреді». Авторы белгісіз
«Орта жас - бұл сенің зейнеткерлікке шығу үшін әлі де жас екеніңді, ал басқа жұмысқа тұру үшін тым кәрі екеніңді білдіретін жас». Лорис Питер
«Жұмысыңды бағалап көрудің ең жақсы тәсілі - өзіңді жұмыссыз адам қатарына қосып көру». Авторы белгісіз
«Жұмыс бізді үш түрлі зор қырсықтан: зерігуден, кемшіліктен және мұқтаждықтан құтқарады».
Вольтер
«Еңбегің сіңбей абырой алғанша, еңбек сіңіріп аталмай қал». М. Твен «Егер күйеуі әйелін демалысқа жіберсе, оның шындығында да демалғысы келгені». Авторы белгісіз
«Егер сен демалуға уақыт таба алмасаң, көп ұзамай емделуге уақыт табасың». Д. Уэйнмейкер
«Іскер қызметкер басқаға қарағанда көп еңбек етеді және басқалардан көбірек демалады». Том Хопкинс
БЕКМЫРЗА СЫРЫМБЕТҰЛЫ
Abai kz