Күнкөріс қамымен ақша табам деп жүрген жұмысшылардың өлімі артып барады

ab7a9907f1e540e72a72ed902cda9d30Өзекті жанға бір өлім. Бірақ ажалдың аранына уақытынан бұрын түсіп қалатындар қазір көбейіп барады. Әсіресе, өндіріс орындарында бұл жағдай алаңдатарлық деңгейге жеткен. Мұның басты себебі өнеркәсіп орындарында қауіпсіздік ережелері әлі күнге дейін сақталмай келеді. «Оқыстан мерт болып ауруханаға жеткізілді. Аурухана төсегінде жатып қаза болды» деген ұзынсонар хабарлар халықтың құлағын әбден сарсытып жібергелі қашан. Бүгін біз өндіріс орындарындағы өлім-жітім туралы ой қозғап, толғағы жеткен түйінді мәселенің бүге-шігесін ақтаруға тырысамыз.  Қазіргі статистика жаға ұстатарлық күйге жетіпті. Халықаралық еңбек ұйымының таратқан дерегіне жүгінсек жыл сайын әлемде тек өндіріс орындарынан 270 миллион адам түрлі деңгейдегі жарақаттар алады екен. Ал оның 160 миллионы біржола мүгедектікке душар болып қалатын көрінеді. Өзекті мәселе қазір қазақ елінде де аса қатерлі болып тұр. Қазақстан Республикасының статистика агенттігінің мәліметтері бойынша тек былтырғы жылдың өзінде елімізде өндіріс орындарында жұмыс істейтін 301 адам қаза тауып, 1997 адам ауыр жарақаттар алған жариялады. Әсіресе, зауыт-фабрикалары мен ауыр индустриясы қарқынды дамып жатқан Қарағанды облысында 43 адам қаза тауып, 305-і түрлі деңгейдегі жарақаттарға ие болыпты. Шығыс Қазақстан облысында 237 адам ауыр жараланса, 24-і қаза болған. Қостанайда 23 жұмысшы жан тәсілім етіп, 233-і жараланған. Халық санын көбейтеміз, 2020 жылы 20 миллионға жетеміз деп ұрандатып жатқанда, етектен шалған мұндай кесапат қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті. «Kompetenz» ақпараттық-сараптамалық орталығының мәліметтері бойынша көбінесе құрылыс фирмалары мен тау-кен, сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететіндер және мұнай-газ өндірісінде жұмыс жасаушылар апатқа жиі ұшырайды. Орталықтың статистикасына қарасақ тіркелген қайғылы оқиғалардың 49 пайыздан астамы тау-кен өндіру орындары мен металлургиялық секторлардың үлесіне тиеді. Өндіріс орындарында жарақат алатындар мен қаза болатындар жөнінен екінші орынға құрылысшы мамандар жеткен. Көбіне биік қабатты үйлерден құлап мертігіп жататын құрылысшылар жалпы тіркелгендердің 10 пайызына жетіп жығылыпты. Үшінші орын мұнай-газ саласының еншісіне тиіп отыр. Аса көп электр қуаты мен кернеуден мұрттай ұшып, көз жұматындардың саны 9 пайызға жетіпті. Бұл мәліметтерді еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де растады. Министрліктің мәлімдеуінше бүгінде Қазақстанда 376 мыңнан астам адам зиянды жерлерде жұмыс істеуде. Олардың ішінде жартысынан астамы аса үлкен айғай-шулы жерде істесе, әрбір үшіншісі жағымсыз иісі қолқаны қабатын орындарда, ал әрбір алтыншы жұмысшы ауа-райы қолайсыз жерлерде жұмыс істеуге мәжбүр. Ақмади САРБАСОВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік қорғау және бақылау комитетінің төрағасы: –«Липскор» ЖШС-і құрылыс нысанында жақында ғана қайғылы оқиға орын алған. Сылақ жұмыстарын жүргізіп жатқан бірнеше жұмысшы ауыр зардап шекті. Кәдімгі ауыр металдардан құрастырылған темірлер үстеріне құлап кеткен. Салдарынан 18 бірдей жұмысшы ауцыр жарақат алыпты. Құтқарушылар жеткен тұста құрылыс үйіндінің астынан 4 адамды аршып алды. 11 адам аса ауыр жағдайда аурухана жеткізіліп, олардың жетеуі қазір амбулаториялық емделуде. Ал мұның өзі Елордамыз Астанада болып отырған жағдай. Ал, емдеу мекемелері аз, шалғайдағы өндіріс орындарында мұндай жағдай болса қайтер едік... Комитет төрағасының мәлімдеуінше өткен жылы елімізде 696 мың өндріс орындарының жұмысшылары зиянды жұмыста еңбек еткендері үшін жәрдемақы алған. Жұмыс берушілер жұмысшыларына бір жыл ішінде 86 миллиард теңге көлемінде қаражат төлеген. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық, - дейді Ақмади Сарбасов. Алайда, тексеріс барысында өндіріс орындарында өрескел заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтақнда 2013 жылы 2208 заң бұзушылық тіркеліп, өндіріс орындарына 143,5 миллион теңге көлемінде 1926 айыппұл салыныпты. Сондай-ақ адам өміріне қауіп төндірсе де жұмыс істеуі тоқталмаған 28 өндіріс орны жабылып, 250 дана құрал-жабдықтардың жұмысы тоқтатылып, заңсыздық жасаған 1489 лауазымды тұлға жұмыстан шығарылған. Тіпті, заңсыздықтардың шектен шыққаны сонша құқық қорғау органдарына 2089 материал жолданып, 155 қылмыстық іс қозғалып үлгерген. Қаза тапқан жандардың отбасылары мемлекет тарапынан материалдық көмек пен түрлі қайырымдылық шаралары жасалатыны рас. Бірақ, көптеген жекеменшік өндіріс орындары әлі күнге дейін жұмыс үстінде жарақат алып, тіпті мүгедектікке душар болғандарға көмек жасамауы алаңдатады. Тіпті, байлықтың арқасында май-шелпекке батып отырғандарға биліктің де тісі батпай тұрған тәрізді. Өйткені, өндіріс орындарындағы қауіпсіздік техникасының өрескел бұзылғаны үшін аз-маз айыппұл төлеп құтыла салады. Өндіріс орындарындағы қауіпсіздіктің жоқтығынан жараланып зардап шеккен жұмысшылар да тілші қауымына жарытып ештеңе айтпауға тырысады. Айтса, нанын тауып жеп отырған жұмысынан айырылып қаламын деп қорқады. Бірді-екілі батылдылауының өздері аты-жөнін айтудан да бас тартады. Айнұр ЖАЛБЫРОВА, жұмысшы: –Жолдасым «Алтынтау-Көкшетау» кен орнында жұмыс істейтін. Осыдан бір жылдай уақыт бұрын айналып тұратын транспортерді оңдап жатқанда айналып тұратын зіл темір қысып жіберіп кеудесін жаншып тастады. Бір жылдан астам уақыт өтсе де, өндіріс орнының ббасшылығынан өтемақы ала алмай отырмыз. Бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Бірақ, қарға қарғаның көзін шұқымайды ғой. Тауымыз шағылып, жігеріміз құм болып жасып қалдық. Барлық шығындарды өз тапқанымызбен емделген болдық. Бірақ әлің де жараның орны сыздап түн баласы жолдасым ауырып шығады. Қайтейік... Бала-шағамыз бар ғой. Сонда да болса жеңіл-желпі күзетші болып істеп жүр. Өйтпесе болатын емес.... Міне осындай тектес шағымдар қазір жүздеп саналады. Алайда, бармағын балға малып отырған мықтылардың жонынан таспа тіліп жөнге салатын жан табылмай тұр. Яғни, заңды белден басатындар осы өндіріс орындарында болып отырған сыңайлы. Бәлкім бұл жаза басқан бұл өндіріс орындарын да заң арқылы қатаң шара қолданып, қауіпсіздігін ережелерін бірден түзетуге ыңғайлату қажет шығар. Мәселен көршілес қырғыз елі өндіріс орындарында кәсіподақ ұйымдарын ашуды қолға алыпты. Қырғыз кәсіподақтарының төрағасы Асылбек Тоқтағұловтың жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат бергенде өндіріс орындарында жарақат алған азаматтардың саны жыл санап өсіп баратын жеткізген. Өткен жылы қырғыз елінде де 2500нан астам адам өндіріс орындарынан жарақат алған. Негізінен жеке меншік иелері қауіпсіздік ережелеріне мүлде назар аудармайды дейді федерация төрағасы. Сонымен қатар, өндірісте жарақат алғандарға өтемақы төленбей келеді. Мұны қырғыз ағайындар кәсіподақ құру арқылы шешпек ниетте. Мемлекеттен тыс болғандықтан ішкі істеріне айналыстыру былай тұрсын. Мемлекеттік ірі лауазымды адамдардың өзі ішіне қарауыл күзетпен бірге зорға кіргізіледі. Тіпті, арнайы рұқсаты болмаса, тілшілердің өзін аттап басқызбайды. Айналасы ат шаптырым жердің бәрі биік дуалмен қоршалып, ішке тек рұқсат құжатымен ғана кіргізіліп, темір іздегіш құралдармен тексерілгеннен кейін ғана өткізіледі. Кірген күннің өзінде басқа жаққа басыңды бұрғызбастан күзетші қасыңда еріп отырып, алып барып, қайтарда дәл солай қолына қару ұстап шығарып салады. Мұны кезінде өз көзімізбен көргендіктен айтып отырмыз. Бір жағынан әрине қауіпсіздік шарасы болғаны да жөн. Дегенмен, байлықтың арқасында «патшалық» құрып алған пәтшағар басшыларға тықыр таянтатын кез жеткен сияқты. Олай етпесе, өндіріс орындарында тақыл-тұқыл тиын үшін терін төгіп, арқа еті арша, борбай еті борша болып, жарақат алса да жымиып жүрген көнтерлі қазақтың намысы кетеді. Ең өкініштісі сол осындай өндіріс орындарында ең көбі өзіміздің қаракөз бауырларымыз жүргенін көреміз. Әрине, мәселе ақшаға тіреліп тұратын заңға қайшы келетін тұстар жетерлік. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, заң арқылы мәселені шешсек жөн болатын сияқты.

"Алаш айнасы"