Ауылдың жағдайы алаңдатады
2014 ж. 24 мамыр
5238
0
Мен өзім ауылда туып өскеннен бе, бүгінгі ауылымның жай-күйін көріп қатты қапаланамын. Бала кезімде ақсақалдардың әңгімелерін ұйып тыңдаушы едім. Олар Үкілі Ыбырайдың «Атаңа нәлет Николай арғымақ атқа мінгіздің, жібек киім кигіздің, айналайын бәлшебек, ағаш атқа мінгіздің, шоқпыт киім кигіздің» деп айтқан өлең жолдарын түсінбесекте жаттап өстік. Осы өлең жолдарының мағынасын сұрағанда «Е, қарғам, Николай заманында кедей адамдардың өзінде құрып кеткенде 30 шақты қой, он шақты жылқысы болушы еді. Бүгінгі күні әулетті дегеннің өзінде 5-6 қой, жылқы жоқтың қасы осы да тірлік пе. Сәбет өкіметі мал-мүлкімізді тартып алып, аштыққа ұрындырды. Ауылдың бар жақсысын халық жауы деп құртты. Ауылдың нар азаматтары соғыста шәйіт болды. Одан тың көтеру басталып, келген келімсектерден жәбір көрдік. Енді не істейсің қазақтың көрген қоқайы көп қой» деп күрсінетін.
Бірақ, Брежневтің билік құрған уақытын тоқырау кезі десе де сол кезде халықтың тұрмыс деңгейі әжептәуір көтерліліп қалған еді.
Сол кезде ауылым кеңшар орталығы болып құрылып, оның 6 бөлімшесі болды. Кеңшардың өзінде ғана, яғни мүшенің малдарын қоспағанда 30 мың қойы, 2 мың жылқысы, 6 мың қара малы болды. Мүше мен ортақтың малдары өріске шыққанда дала төскейі малға сыймай кететін. 15 мың егістік жер болды. Кеңшар ет, сүт, жүн, теріні жоспар бойынша үкіметтің қоймасына өткізетін. Мүшенің адамдарын да жем-шөппен тарықтырмайтын. Онымен қоймай халықтың өзі де ат-арбасымен малдың азығын дайындап алатын.
Әр үйдің алдында кем дегенде 5-6 бала ойнап жүретін. Ауыл аудан орталығына 30 шақырым қашықтықта болса да асфальтты тас жолды, бөлімшелерге де тас жолды бюджетке қол жаймай өз қаражатымен салды. Ауылда жұмыссыз деген болмайтын, кеңшар жастарды жоғарғы оқу орындарына, кәсіби мамандық оқуларына да өз қаражаттарымен оқытты. Бала-бақша, наубайхана болатын. Ол кезде бұл біздің ғана совхозда емес барлық совхоздарда осындай жағдай жасаған еді. Бір сөзбен айтқанда «Совхоз» халықтың әлеуметтік жағдайын бюджеттің қаражатына қол созбай басты назарда ұстайтын.
Тәуелсіздік алдық, бөркімізді аспанға аттық. Бірақ, бүгінгі күні 6 ауылдан үш ауыл ғана қалды. Ортақ мал құрыды, енді ауыл адамдарында бар жоғы 1000 бастай ғана мал қалыпты, оның өзін бағу қиын болып тұр. Себебі азық-түлік бағасы тым қымбаттап кетті.
Аштық жылдарын көрген ақсақалдар айтып отырушы еді, аман қалу үшін «ілгері жаққа өттік» деп, ендігі сол жағдай бүгінгі қазақтың басына түсіп отыр. Ауыл адамдары жұмыс іздеп ілгері жаққа көшіп жатыр. Қазақтың демографиялық өсімін құрайтын ауыл осылай көз алдымызда құрып бара жатыр.
Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сала ауыл шаруашылығы, осы саланы дамыту үшін үкімет қаражат бөліп жатыр-ау, бірақ сол қаражатты нақты ауыл адамдарына ұстатпай жағдай тү-зел-мей-ді! Әйтпесе, үкіметтің ауылға бөлінген қаражаттары құмға сіңген су сияқты, ақшаның сылдыры бар, бірақ нәтижесі жоқ.
Теледидарды қарап отырып медиа форум, экономикалық форумдарды көріп, қайран, осыған кеткен қаржыны ауылды өркендуге құйса ғой, ауыл өркендесе еліміз тоғайар ма еді деп ойлаймын. Неге осындай шараларға кеткен қаржыға ұжымдық шаруа (колхоз) ұйымдастырылмайды. Кезінде «Колхоз» шаруашылығы (өзін-өзі қаржыландыратын ұжым) өзінің артықшылығын көрсеткен жоқ па еді.
Қазақстан телеарнасының «Алаң» бағдарламасынан Қазақ елі бір жылдың ішінде 3 млрд. теңгеге азық-түлік тағамдарын шетелден тасымалдайды дейді. Не деген сұмдық, сонда біз шетелдің экономикасын қаржыландырып отырғанымыз ғой. Одан да неге ол қаражатты өзіміздің ауыл шаруашылық экономикасына құймасқа, сонда «еліміз бай, халқымыз тоқ болар еді». Қытай елінің жетістіктерін үлгі етеміз, онда неге біз олар сияқты алғаш құрылған шаруашылықты екі жылға салықтан босатпаймыз. Айта берсең толып жатыр.
Қазақ елінің әрбір адал азаматының міндеті – елімізді мүмкіндіктерге толы ел қылып, Қазақстанымызды тонауға жол бергізбей, еліміздің тәуелсіздігін қорғау, болашақ ұрпақ алдындағы азаматтық борышымызды өтеу. Бұл бәрінен де маңызды болуы керек.
"Намыс" порталы, Ерсін ЕРҒАЛИЕВ