Петропавлда 1 жарым жасар сәби бесінші қабаттан құлап, аман қалды
2014 ж. 23 мамыр
1674
0
Петропавлда 1 жарым жасар сәби бесінші қабаттан құлап, аман қалды. Дегенмен қазір нәресте аса ауыр жағдайда дейді ақ халаттылар.
Кей ақпараттар бойынша, сәби терезеден құлаған кезде үйлерінде анасы мен әжесі болыпты. Күндізгі уақытта құлаған бала денесінің сау тамтығы қалмаған. Қазір ол арнайы құрылғының көмегімен тыныс алып жатыр.
"Ашық ми жарақаты, бас сүйектерінің сынуы, бас миының ауыр жарақаты, өкпесіне көп қан және ауа жиналған, іш қуысына қан құйылып, бауырынан қан кеткен. Және жамбас сүйегі сынған", - дейді СҚО балалар ауруханасының жарақат бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Асылхан Жағыпаров.
Сәби бірнеше дене жарақаттарымен 5 күн бұрын ауруханаға жеткізіліп, әлі де жан сақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Қазір оның өмірі үшін облыстың ең мықты деген травматологтары мен хирургтары күресуде.
Олар алғашында қан тоқтамаған соң, баланың көк бауырын алып тастауға да мәжбүр болыпты. Айтуларынша мұндай жағдайда сәби түгіл, ересек адам да 1 күннен артық өмір сүре алмайды.
Ал, Петропавлдағы қан орталығы дәл осы балаға қан жинап жатыр.
"Баланың ата-анасы үлкен мөлшерде қан керек екенін айтты. Бұл туралы естіген қалалықтар балаға жандары ашып, көптеп келіп жатыр. Арасында кәмелетке енді толғандары да бар. Көмек көрсетемін дейтіндерге айтарым, балаға 2-ші топтағы қан керек", - дейді СҚО қан орталығы бас дәрігерінің орынбасары Наталья Солодухина.
31 арна