АЗАТ ПЕРУАШЕВ: ҒАЙБАТТАН ҚОРЫҚПАЙМЫН!
2014 ж. 22 мамыр
1724
2
Өзім ғайбаттан қорықпаймын. Бірақ заңнамаға енгізілген бұл ұсыныс өте күмәнді. Бұл бап жиі қолданылмайды деп үміттенемін! - дейді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев. Біз жуырда "Ақ жолдың" төменгі палатадағы фракциясы жетекшісіне жолығып, бірқатар заңдарға енгізілген өзгерістер туралы ой-пікірін білген едік.
Жас қазақ: Азат аға, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістердің ішіндегі ғайбат туралы бапты қолдайсыз ба? Өзіңіз ғайбат дегенге қалай қарайсыз?
Азат Перуашев: Өзім ғайбаттан қорықпаймын! Өйткені, сыртымнан ғайбат сөз айтылатынын білемін. Қоғамдық өмірге белсене араласқан соң мұндайға дайын болуың керек. Мен дайынмын. Бұрын ондай әңгімеге әйелім мен анам ренішпен қарайтын. Қазір үйренді. Елемейтін болды. Бірақ заңнамаға енгізілген бұл талап өте күмәнді. Оның жиі қолданылмайтынына үміттімін.
Жас қазақ: «Қаңқу сөз тарататындар 12 жылға абақтыға қамалады» деген бап қалатын болды ма? Мұндай баптың қажеті бар ма?
Азат Перуашев: Қажеті жоқ. Мысал келтірейін. Фантаст жазушылардың шығармасын кезінде замандастары өсек деп қабылдаған. Бірақ солардың ұшқыр қиялының нәтижесінде су астындағы қайық, ғарышқа ұшатын зымыран, телескоп және т.б. пайда болды ғой. Яғни олар ғылыми-техникалық прогреске ықпал етті. Сонда қалай оларды өсекші дейміз?.. Сондықтан мен де осы нормаға қатысты қоғамдағы сенімсіздікті жақтаймын. Оның қолданылуы пайда әкеле ме, әлде, құқықтық нонсенс бола ма - уақыт көрсетер.
Жас қазақ: 30 сәуірден бастап елімізде жол жүру ережесіне қатысты жаңа тәртіп күшіне енді. Бірақ бірнеше есеге өскен айыппұл көлемі жүргізушілерді шошытып тастады. Сіздің ойыңызша, бұл қадам жолдағы жемқорлықты, бассыздықты тыюға әсер ете ме?
"Жас қазақ" газетінен
Азат Перуашев: Иә, айыппұлдың көлемі күрт өсті. Әріптестерімнің пікірінше, бұл жүргізушілерді де, жол полицейлерін де парақорлық пен жемқорлыққа итермелеп отыр. Бұл пікірді мен де қостаймын. Мысалы, жол ережесін бұзған жүргізушіге қымбат айыппұлды төлегенше, оның жартысын жол полицейіне бере салған тиімді. Мұндай жағдайда жұрттың көбі парақорлыққа өздері мүдделі болады. Кейбіреулер «Айыппұлдың арқасында бюджеттің бүйірі қампаяды» дейді. Бұған да келіспеймін. Бюджет ешқашан айыппұлға сүйенген жоқ. Ол салыққа сүйенеді. Ал айыппұлды өсірудегі мақсат - заң бұзуды тоқтату. Әрине, бұдан кейін заңбұзушылар аяғын ептеп тарта бастайды. Сөйтіп, тәртіпсіздік азаяды деп үміттенемін.