Қытайлар: қазақтар, сендер малсыңдар, иелерің жоқ!
2014 ж. 20 мамыр
5095
7
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың,
ҚХР Президенті Ши Жинпиңнің назарына!
Қытайда тұратын бір жарым миллион қандасымыздың біразы Шыңжаң ұйғыр автономиясының орталығы Үрімжі қаласында тұрады. Негізінен қала маңына шоғырланған қазақтар мал шаруашылығымен айналысады. Соңғы жылдары Қытай үкіметі тұрғылықты халықтың жерін сатып алып, әртүрлі мақсаттарға(завод-фабрика, демалыс орындары) пайдаланып келген. Сол арқылы Ішкі қытайдан ағылған жұмысшалар нөпірін Шыңжаңға қоныстандыруды мықтап қолға алып еді.
Үрімжі қаласының маңындағы Дабанчың районы сондай ауданның бірі. Сол ауданда Тиянь-шан шаруа қожалығына қарасты 1 ауылда малшылардың «Машинақұдық» деп аталатын көктеулігі бар. Кеше ғана сол Көктеулікте бүкіл елді шулатқан қанды оқиға болды. Оқиғаның мән-жайы былай болған.
Жақында Қытай билігі дәл осы көткеуліктен жол өткізуді ұйғарыпты. Есесіне жер иелеріне аз ғана тиын-тебеннің шетін көрсетіпті. Бұған риза болмаған малшылар жолды жауып тастаған екен. Қытай жұмысшылары жолда тұрған 7 адамдық автокөлікті таспен ұрып, таяқпен сындырып, адамдарды «экоскаватормен көміп тастаймыз» деп қорқытыпты. Әйтеуір жергілікті полицейлер келген соң ғана Қытай жұмысшалары «сабасына» түскен көрінеді.
Іле-шала 100-ден астам қытай жұмысшылары қолдарына сойыл алып, шаруа қожалығының директоры Нұрмұрат Махмтұлының үйіне басып кіріп, әй-шайға қаратпай, Нұрмұраттың әйелі Жеңісгүлді күрекпен ұрып, қолын сындырады, әйелдерді шаштарынан сүйреп, сабайды. Баласы Ұлан Нұрмұратұлын қуып жүріп, таспен ұрып сойылға жығады. Ол жан сауғалап қашады. Онысына қарамай ұстап алған қытайлар Ұланды екі адамға ұстатып қойып, «бізге тізе бүгіп, бас ұр, әйтпесе өлтіреміз» дейді. Ол бас ұрмай қойған екен, иығына сойылмен ұрып, басын жерге тигізіпті. Әйтеуір, айтуға ауыз бармайтын неше түрлі сұмдықтарды жасаған. Кішкене сәбилерді де аямаған олар «Бұлар иесі жоқ, тауда жүрген мал, өлтіріп тастасақ та ешкім іздемейді. Құнын төлеп құтыламыз» деген екен.
Қытайдың соңғы сайланған Прзеиденті Ши Жинпиңнің аты миллиардтар елін тәртіпке келтірумен, жемқорлықпен күресумен шығып еді. «Коммунистік партияның» әділдігі, 56 ұлттың бірлігі де айтылуындай айтылған. Тіпті қазақтың ұлттық мәдениетін дамытушы ел ретінде Қытай мемлекетінің жинаған абыройы да аз емес болатын. Дегенмен қарапайым қазақтың басына келген мына зауал Қытайдағы бір жарым миллион қазақтың тағдырына төнген қауіпті көрсетіп отыр. Басқасы басқа, қытайлардың «қазақтар, малсыңдар, сендердің иелерің жоқ» деуі – сол Нұрмұраттың отбасына ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының бетіне шашқан түкірігі. Олар Қазақстан деген мемлекеттің бар екенін, оның иесі қазақ екенін білмейді емес, біледі. Тіпті, жыл сайын Қазақ топырағына мыңдап келіп, мұнайын сорып, бизнесін жасап отыр. Олар кезінде Шыңжаңға да солай келген. Ендеше, Қазақстан жұртының да бұл сөзді еститін күні алыс емес.Ерлан Төлеубай
Abai kz