Қызғаныштан сақ болыңыз!
2014 ж. 19 мамыр
4086
1
Қызғаныш нақтылы себептермен емес, ойдан шығарылып, адамның қиялы арқылы туындаса, ол ауыр күйге түсіреді. Егер адам, қызғаныш сандырағымен ауырса ол әдетте өзінің жағдайын дұрыс бағалай алмай, өз қызғанышының себептерін өзі ойдан шығарғандығын да түсінбейді.
Өз әйелін не себептен қызғанғанын жақсы түсініп, білген адамды мысалға алуға болады. Ол өзінің әйелін қызғануға себептерді өзі ойлап тапқан, әйелім де маған адал болмауы мүмкін деген созылмалы ойларынан арыла алмаған. Ол әйеліне деген күдіктенулерін ұрыс-керіс арқылы шығаруды жөн көріп, өз бойына жиналып қалған теріс эмоциялардан арылуға тырысқан. Қандай деңгейде болмасын қызғаныш сезімін барлық адамдар басынан өткереді. Егер сіз өз күйеуіңіздің қызығушылығымен санасып, оған толық еркіндік берсеңіз, сіз оны өзіңізге баурап аласыз және ортақ сенімділікті орнатасыз. Егер сіз оның әр қадамын аңдып отырсаңыз, онда ол сіз тарапындағы қысымды сезіп, іштей қарсыласуы мүмкін. Осы қарсыласу реакциясы мінез-құлқын мүлде теріс жаққа өзгертуі ықтимал. Есіңізде болсын, өз күйеуіңіздің мінез-құлқын үнемі аңдып отырудың салдарынан арақатынасыңызды бұзып, ажырасуға дейін барасыз. НЛП-шылардың (нейро лингвистикалық бағдарлама) айтуы бойынша: «Сізден алынған реакция – бұл сіздің коммуникацияңыздың нәтижесі». Адамдар бір-бірін әрқашан да қызғанған, жақын адамынан айырылып қаламын ба деген қорқыныштан, өзіне бағынышты етуге тырысудың салдарынан бірін-бірі өлтіруге дейін барған. Қызғанышты жою мүмкін емес, бірақ оны өз ақылымызға бағындыру әрқайсымыздың қолымыздан келеді. Қызғаныштың буырқанған көрінісі тек денсаулыққа зиянды ғана емес, сонымен қатар ол иманды да әлсіретеді. Кім көп қызғанады? Өздеріне сенімсіз, біреулерге тәуелділер қызғаншақ келеді. Сол секілді өзіне сенімділігі жоғары, басқаларның өзіне бағынышты болуын қажет деп санайтындар да қызғаншақ болады. Қызғаныш ағасы мен інісі арасындағы бақталастықтан да көрініс табады. Балалық шақта сәби ата-ананың мейірімі мен пейіліне жеткілікті ие болса, өсе келе өз бойындағы қызғаныш сезімін жеңе алады. Ересек адамның қызғанышы – бұл балалық шақта қалыптасқан мінез-құлық моделі. Үш жастан асқан балалар үшін шектен тыс қадағалау мен аса қамқорлық қате тәрбие болып есептеледі. Бала тәрбиесіне жоғары талап қоюшы, мазасыз ата-ана баласының өзіндік «менінің» дұрыс қалыптасуына зиянын тигізеді. Осындай ортада өскендердің қызғанышы көп болады. Сүйетін адам қызғанады. Әрине қызғану сіздің сол адамға қымбат екеніңізді білдіреді, бірақ ол әрқашанда махаббат бола алмайды. Қызғаныш сезімін жасанды түрде тудыру мүмкін емес. Ерлі-зайыптылар бір-біріне деген бауырмалдық, сенімділік сезімдері жанданған сайын қызғаныш азая түседі. Махаббат пен күдіктену, сенбеушілік бір-біріне керағар. Егер сіздің күйеуіңіз қызғаншақ болса, оның сізге эмоционалды тәуелділікте екендігін білуіңіз керек. Күйеуіңіздің қызғануына жол бермей, қатынасыңызды сенімділік негізіне бұрыңыз, күйеуіңізге көбірек көңіл бөліңіз. Өз сезімдеріңізді тізгіндеуге тырысыңыз, негізсіз қызғаныш – бұл отбасылық қатынасты бұзудың басы. Екеуіңіздің мамандығыңыз жуық немесе сіз үй шаруасының адамы болсаңыз, сіз жай ғана күйеуіңіздің жетістігіне қызғанышпен қарайтын шығарсыз. Бұл жағдай ағайындылыр арасындағы бәсекелестікке ұқсайды. Және лидерлікке деген осындай құштарлық мүлде орынсыз нәрсе. Есіңізде болсын, жақын адамыңызды өз бағдарыңыз бен иелігіңізге тәуелді етіп, үнемі күдікпен, қатаң талаппен қатынас құрамын деп ниеттенбеңіз, себебі осының қырсығынан болашағы жарқын қатынастың бетін тұмшалайсыз. Негізсіз қызғаныш азаматтық некеде тұрушылардың да арасында болады. Біреуі бұл махаббаттың ұзаққа созылғандығын қаласа, екіншісі жанындағы адамына еш міндетті еместігін біліп, өзін бар жағынан еркінмін деп санайды. Сондықтан да азаматтық некеде емес, заңды түрде заңның алдында, ең негізгісі Алланың алдында бір-бірлеріне қамқорлық, сыйластық, махаббатпен тату-тәтті өмір сүруге ант берген адамдар арасындағы қатынас аса тұрақты келеді. Ондай адамдардың жүрегінде иманы болса, ерлі-зайптылар күнәға, нәпсіге жол бермеуге, өз араларына кірбің салмауға тырысады. Уәйс Шондыбай ақынның айтуы бойынша «адамның нәпсісі – қасқыр, ақылы – қақпан». Сол қасқырды (нәпсіні) ақылымен қақпанға түсіріп отырсаң, нәпсіңнің емес, ақылдың құлы болғаның. Стенфорд университетінің профессоры Фредерик Лускин өз кітабының тұсаукесер рәсімінде: «Кешірім, қайырым адамның бойындағы қатыгездік, ашу-ыза, депрессия, қызғанышты кетіреді. Үміт, сабырлық, өз-өзіне сенімділікті тудырады», - деп түсіндірген. Егер сіз ашу-ызаға жол берсеңіз жағдайдың мәнісін саналы түсінуден қаласыз. Кенеттен туындаған ашу-ыза ағзада адреналинді бөледі, яғни мұндай сәтте адам өз-өзін бағдарлай алмайтын болады. Оның мінез-құлқынан тек ашу-ызаның ұшқыны көрініп тұрады. Қызғаныш – қашанда ашу-ызаның қайнар көзі. Ашу-ыза – иманның дұшпаны.islam.kz