Көбей, Қазақ, Көбей!
2014 ж. 16 мамыр
3538
3
Кеше ғана барша қазақтан «Ақсарбас» деп сүйінші сұраған жақсы жаңалығымызға бүгіндері өзіндік толықтырулар енгізілді. Алдында шекарадан ат терлетіп келіп, он жылға жуық етегіне сүрініп, түрлі мекеме есігін қарауылдап, азаматтық ала алмай көңілі аласарған қандастарымызды енді аталған мәселесі бір жыл барысында шешілетін болады деп қуантып едік. Ал бүгін Үкімет отанына оралғысы келетін ағайындарымызды құшағын кеңге жая қарсы алатын жеті өңірдің тізімін жариялады. Олар: Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары...
Жер шары картасында көлемі бойынша тоғызыншы орынды қамтитын Қазақстанда бүгінгі таңда демографиялық мәселе өте өзекті. Сондықтан ел дамуы стратегиясында бала туу көрсеткіштерін арттырумен қатар, сырттағы қазақтарды елге тарту маңызды рөл атқарады. Бәрінен бұрын, келейін деп жатқандар – басқа емес өзіміздің қазақтар. Демек, олар тек демография емес, тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл уақыт болса-дағы, өкінішке қарай, қоғамда, саясатта белгілі бір деңгейде өзектілік танытқан мемлекеттік тіл, ауылдың жайы, ұлттық сана мен салт-дәстүрді жаңғырту сынды қазаққа нағыз керекті бағыттарда ықпал етуші күш, маңызды әлеуметтік топ. Осы жағынан алғанда, мемлекетіміз сырттан сендей қозғалған осы көшті іркілтпей, үздіксіз ағылуына барынша күш-жігерін жұмсауы тиіс-тұғын. Алайда 1993 жылдан бері қарай орын алған бұл жақсы үрдіс соңғы кездері кілт үзілді. Нақтырақ айтқанда, тәуелсіздіктен бері қарай беріліп келе жатқан мемлекеттік квота 2012 жылы үкімет қаулысымен тоқтатылған болатын. Оған қоса, елім деп келген азаматтардың басына түскен түрлі қиындық та бұл кезде «Нұрлы көшке» (мемлекеттік бағдарлама атауы) тұсау бола бастаған. Соның ішіндегі басты мәселе – азаматтық алу, әлеуметтік қамсыздандырылу жағы.
Мәселен, осыған дейін елге оралған ағайындар 4 жыл мерзім Қазақстанда уақытша тұрушы азамат боп саналған, одан кейін азаматтық алу 3 жыл барысында шешілуі тиіс болатын. Міне, осы уақыт аралығында өзін қонақ ретінде сезінуіне ғана мүмкіндік берілген ағайындардың біразы шыдамай кері қайтып кеткен жағдайлары да бар екен. Бұл туралы ресми статистика жоқ.
Сол секілді уәде етілген баспанаға да қол жеткізе алмай, тоз-тозы шыққан көңілі пәс қандастарымыздың бізге өкпесі қара қазандай. Әрине, мұның барлығы біздің көңілімізді де нілдей бұзады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та шеттегі қандастардың жайын ешқашан ойдан жырақ қалдырған емес. Ақыры барша қазақ көптен күткен нәтижеге қол жетті. Енді...
- 2014 жылдан бастап атажұртына ораламын деген қандастарымыз Қазақстан Республикасының азаматтығын бір жыл ішінде ала алады.
- бұрынғыдай төлем қабілеттілігін дәлелдеу талап етілмейді.
- Үкімет белгілеген өңірге қоныстанғандарға әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылып, баспананы жалға алуға мүмкіндік беріледі.
Ал Үкімет бүгін Қазақстанның тұрғылықты азаматы болам деушілерді қоныстандырғысы келетін, нақтырақ айтқанда еңбек ресурстары жетіспейтін жеті өңірдің атауын жариялады. Олар: Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Бұл арада салалық заңда елді-мекенді таңдау құқығына қатысты шектеу жоқтығын баса айта кетелік. Аты аталып, түрі түстелген өңірге жүгін түсіргісі келетін шетелден келген қазаққа мынандай жеңілдіктер қарастырылған: көшіп келуіне, жүктерін тасуға жәрдемақы енгізіледі және қызметтік үй қарастырылады, сондай-ақ өзіне берілген үйді 5 жыл бойына жалдамалы баспана ретінде пайдаланып, осы уақыт өткен соң оны жекеменшігіне шығарып алуына құқық беріледі.
Әрине, жақсыға қуанған жақсы. Дегенмен мұнымен шектелуге мүлде болмайды. Ол үшін сырттан келген ағайынның арыз-шағымына ұдайы көңіл бөліп, іс-шаралар қабылдап отырған дұрыс.
Елден жеткен жақсы хабарға білдірілген лебіздер
Зағипа Керей (үш баланың анасы, 1979 жылғы), Қытай қазағы:
– Азаматтықты бір жылда алуға болады дегенді естіп қуанып кеттік. Мұны алдында атажұртқа көшкен достарымыздан естідік. Содан бел шешіп, осылай қарай жолға шықтық. Мақсатымыз – қоныстануға өңір таңдау. Алматыда жүріп, түрлі ұлт өкілдерін кездестірдік. Өзбекті, тәжікті де. Әрине, олар мұнда жетіскеннен жүрген жоқ қой. Бірақ олар Қазақстанға неге келді?.. Демек, заңы әлеуметік-экономикалық ахуалы жағынан Қазақстан ыңғайлы. Осы ой біздің намысымызды қайрады. Жете алмай жүрген армандағы – атажұртта басқалардың жүргені бізді ептеп қызғандырды.
Бізді қорқытатыны – қазақ мектептері соңғы кездері жаппай жабыла бастады. Балаларым тілді ұмытып барады. Оқу бағдарламасы да күрделі. Балаларым математикаға жүйрік. Ал Қазақстанда техника саласына басымдық беріліп жатқанын көріп, балаларыма болашақ барын байқадым. Көшкен қазақтар бірдеме қып мәселені «жайғастырасыңдар» ғой деп кеңес беріп жатыр. Өйткені Қытай елі біздің көшкенімізді қаламайды, ал тұрғылықты жерде ұлт ретінде сұйылуымызға мүдделі. Елшіліктен анықтама алу – тозақтың апанына барумен бірдей деседі. Ал ол анықтамасыз мұнда азаматтық бермейді екен. Осы мәселені оңтайландыру жағына отанымыздағы басшылар көңіл бөлсе деймін. Мұнда, негізінен, жас отбасылар тарихи отанына оралуға өте мүдделі.
Тұрдәлі Қайырбай, моңғол қазағы:
- Қазір Моңғолияда 90 мыңнан аса қазақ бар. Бұған дейін біз моңғол ұлтымен бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрдік. Десек те, соңғы бірнеше жылдың бедерінде моңғол билігінің қазақтарға деген көзқарасы өзгерді. Қазақ мектептері азайып, моңғолдандыру саясаты қарқын алып келе жатыр. Бұл, бір жағынан, дұрыс та шығар. Ел моңғолдікі ғой. «Сендерге Қазақстан тарапы астыртын көмек көрсетіп жатыр» деп кінәлап, кейде бізге күдікпен қарайтын жайттар да орын алуда. Мұның соңы не болатыны белгісіз? Бізде моңғолдандыру саясаты күшейген сайын үрку, қорқыныш бары рас. Кел десе, мұнда барам деп отырған қауым-қауым жұрт бар. Өкінішке қарай, соңғы жылы Қазақстан көші-қонды тоқтатты. Енді бұл істі қайтадан жандандырыпты, бір жылда азаматтық беріледі екен деген сүйінші хабар бізге де жетті. Қуанышымызда шек жоқ. Бір-бірімізді көре қалсақ, айтатынымыз осы жақсы хабар. Енді осы мүмкіндікті тиімді пайдалану керек десіп жатырмыз...
Қалай дегенмен де тәуелсіз Қазақстан елі үшін геосаясаттан бастап ішкі саяси-экономикаға дейінгі аралықта «Көбей, қазақ, көбей!» ұраны өздігінен сұранып тұрғаны – бүгінгі замана шындығы.
Керек дерек
- Ресми деректер бойынша, бүгіндері әлемде 5 миллионға жуық қазақ бар. Олар жер шарының 40-тан аса елдерде өмір сүреді:
• 1,5 млн. – Өзбекстанда
• 1,5 млн. – Қытайда
• 1 млн. – Ресейде
• 100 000 – Түркіменстанда
• 80 000 – Моңғолияда
• 45 000 – Қырғызстанда
• Қазақ диаспорасының айтарлықтай басым бөлігі Түркия, Ауғанстан және Иран мемлекеттерінде өмір сүреді.
• Сондай-ақ, қазақтар Батыс Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінде де өмір сүруде.
- Статистика агенттігінің цифріне жүгінсек, 2014 жыл бойынша ел халқының өсімінде қазақтар бірінші қатарға шығады екен. Санға шаққанда – 97 пайыз.
"Алаш айнасы", Кәмшат Сатиева