Назарбаев жер телімдерін қайтармай отырған шенеуніктерді сынады...
2014 ж. 16 мамыр
2034
1
Шымкентке жұмыс сапарымен Мемлекет басшысы келді. Президент халық санын бір миллионға жеткізу жоспарланып отырған шаһарда тұрғын үй санын еселеп арттыру керектігін баса айтты.
Сондай-ақ мемлекет басшысы игерілмей жатқан 540 мың гектар жердің мәселесін тездетіп шешуді міндеттеді.
"540 мың гектарды алып алып, егерде шынымызды айтсақ, оның бәрі шенеуніктер, біздің арамызда бәрі. Заманында басып алған. Бір жерді ауыл шаруашылығын жасаймыз, бір жерді құрылыс жасаймыз. Анау да жоқ, мынау да жоқ, ұстап отыр жерді. Ең басында біз не үшін бердік оларды. Заңменен, сотпенен барлығын қайтару керек. Кім болса, ол болсын. Қайтармаса, маған айтыңдаршы, мен тауып берем кімдікі екенін оның. Өздері-ақ алып кеп салады. Үлкен қалалардың барлығына алған біздің аппараттың адамдары", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев алдымен ел аумағында кілем шығаруды бірінші болып қолға алған фабрикада болды. Жалпы құны сегіз жарым миллиард теңгеге салынған кәсіпорын жылына 10 млн шаршы метр кілем өнімдерін шығаруға қуатты.
Президент мұнан соң жаңа әкімшілік іскерлік орталықтағы "Өңірлік тауарлар көрмесіне" қатысты. Бұл жерде аймақтың фармацевтика, азық-түлік, тоқыма, құрылыс материалдары сондай-ақ мұнай өңдеу салаларын қамтитын, жалпы саны 66 өндіріс, кәсіпорын өнімі қойылған. Кәсіпкерлермен арнайы кездескен Президент мемлекеттің шағын және орта бизнесті дамыту үшін барынша жағдай жасап жатқанын тағы еске салды. Соның арқасында елде жұмыссыздық азаяды деді. Дей тұрғанмен, Елбасы бір кездері өзі келіп ашқан мақтаулы зауыттардың артынша жабылып қалып жатқанын да қынжылыспен сынға алды. "Мысалы, керамика шығаратын зауыт, томат өндіретін зауыт. Онымен кім шұғылданады? Орынбасары кім? Зауыт салынды. Ақша бөлінді. Қаражат игерілді. Істемейтін болғаннан кейін ең басынан бастап шұғылдану керек қой. Астанаға барып шешіңдер, осы жерден басына. Ол ондай қарызды алып, несиені алып, зауытты салып жұмыс істеткізбейтін бизнесмендердің не керегі бар бізге? Істемейтін болса", - деді мемлекет басшысы.Астана арнасы