14 жасар оқушы қызды өлтірген павлодарлық сотталды
2014 ж. 15 мамыр
2143
0
Павлодар соты Евгеньевка ауылының тұрғыны Виктор Бахаревті 25 жылға бас бостандығынан айырды. Ол 14 жасар мектеп оқушысы Настя Шарипованы зорлап, артынша өлтірген деп айыпталды.
Сот, сондай-ақ, жапа шегуші отбасына келтірілген моральдық шығынды да белгіледі. Енді Виктор Бахарев қаралы жанұяға 2 млн теңге төлеуі тиіс.Сот отырысы биылғы ақпан айының ортасынан бері жабық түрде өтіп келді. Қылмыскер соңғы сәтке дейін өзінің жазықсыз екенін айтып, тағылған айыпты мойындамады.
Қорғаушы Бауыржан Азановтың сөзіне қарағанда, олар сот шешімімен келіспейді және апелляцияға береді.
Айта кетейік, Евгеньевка ауылында болған қылмыс бүкіл елді дүрліктірген еді. Өткен жылдың 21 қазан күні Настя Шарипова сабақтан кейін үйіне қайтып оралмаған. Оның денесі екі апта өткен соң ғана табылды.
Жасөспірімнің мәйіті үйіне жақын жердегі арықтан табылған. Тергеу кезінде полиция 21 жастағы Виктор Бахаревті ұстады. Ол ұстау кезінде қылмысты мойнына алып, кейін бас тартқан.
Қазақпарат