Әкелер нені ескермейді?
2014 ж. 11 мамыр
2725
1
Хат үлгісінде жазылған, көлемі 1,5-2 беттей ғана болатын бұл мақала әлемнің бірнеше тіліне аударылып басылған. Алғаш жарық көргенінен бері бір ғасырдан аса уақыт өтсе де құндылығын әлі күнге жоғалтпай келе жатқан туынды. Керектеріңізге жарар деген ниетпен аударып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Ұлым, сен алақаныңды жастанып ұйықтап жатырсың, мен болсам саған қарап ойланып отырмын. Ақ сары шашыңшың бірнеше талы жіпсіген маңдайыңа жабысып қалыпты. Мен жаңа ғана тығылып, ешкімге байқатпай, бөлмеңе кіргенмін. Оның алдында бірнеше минут бұрын ғана кітапханадағы жұмыс үстеліме отырып, анау-мынау қағаздарды парақтап шықпақшы болған едім, бірақ кенеттен өкініштің толқыны лақ етті де, көмейіме келіп тұрып алды. Сондықтан да өзімнің кінәмді мойындап, сенің жатын бөлмеңе келдім.
Әкеңді мынадай ойлар мазалап отыр, балам: мен күні бойы саған тым қатал қараппын. Таңертең мектепке кетіп бара жатқаныңда орамалмен бетіңдегі кірді сүрте салғаның үшін ұрыстым. Бәтеңкеңді тазаламапсың деп тағы зекідім. Абайсызда заттарыңды жерге түсіріп алғанда шыдамай кетіп, саған ауыр сөздер айтып жібердім.
Таңғы асты ішіп отырғанда да саған килігетін ілік таптым. Стақандағы шырынды төгіп алдың. Тамақты қомағайланып жедің. Шынтағыңды үстелдің үстіне қойып отырдың. Нанға майды тым қалың ғып жақтың. Ал таңғы пойызға мінгенімде сен: «Сау бол, әке!» деп айқайладың, сонда мен басқа сөз таппағандай, қабағымды түйіп: «Иығыңды тік ұста, қане!» деп жекіп қалдым.
Кешкісін тағы солай болды. Үйге қайтып келе жатсам, сен жолдастарыңмен асфальттің үстінде тізерлеп, шарик ойнап жүр екенсің. Шалбарыңның тізесі қажалып қалыпты. Достарыңның алдында ұятқа қалдыратынымды ойламастан мен сені дереу үйге қуып тықтым. «Киім тегін келмейді – егер өзің сатып алсаң ғой, байқап киер едің!». Осы сөз әкенің балаға айтатын сөзі ме еді!
Біраздан соң, мен кітапханада газет оқып отырғанымда сен кіріп келдің де, маған кінәлі адамның көзімен қарап тұра қалдың. Мен зейінімді саған аудардым да, ұнатпаған адамдай қарап: «Не керек?» деп бұрқ еттім. Сен ештеңе деген жоқсың. Жүгіріп келдің де, мойнымнан құшақтап, бетімнен сүйіп алдың. Мойнымнан құшақтағаныңда маған деген махаббатыңды сездім. Ол махаббатты жаратушы иемнің өзі жүрегіңе орналастырғандай еді. Және ол махаббат менің қаталдығыма қарамастан еш бәсеңсімеген екен. Содан соң сен есікке беттедің. Тыпырлап, жоғарғы қабатқа шығып бара жатқаның естіліп тұрды.
Бірнеше минут өткеннен кейін қолымдағы газет сусып түсіп кетті. Бойымды қорқыныш кернеді. Құдайым-ау, деп ойладым, менікі не әдет осы? Килігу, ұрсып тастау – саған күнде істейтінім осы. Сондағы сенің бар кінәң – бала болғаның ғана. Мен сені жақсы көрмеймін деуге келмейді; дұрысырағы, мен сенен тым көп нәрсе күтетін сияқтымын. Бірақ сен әлі кішкентайсың. Мен саған өзіме қоятын талаптарды қойып, өзімнің жасымдағы адамның түсінігемен қарайды екенмін.
Әсілінде, сенің әрекеттерің мейірімге толы әрі шынайы да. Сенің жұдырықтай жүрегің өте үлкен болуы мүмкін – ол биік-биік құздардан да асып, көтерілетін күн секілді. Жаңа жүгіріп келіп, маған қайырлы түн тілеп, бетімнен сүйгеніңде мен соны түсіндім. Сенің бұл әрекетің оғаш, тіпті ерсі секілді, қалай істегің келсе, солай істедің. Бірақ соның өзі жақсы. Басқасының бәрі бұныңмен салыстырғанда түкке татымайды. Міне, енді мен кереуетте ұйықтап жатқан жеріңе келіп, тізерлеп, ұяттан өртеніп отырмын!
Әрине, бұл отырысым менің бар кінәмді жуып-шая алмайды. Оның үстіне ертең сен оянғанда осы ойларымның бәрін айтсам, сен бәрібір түсінбейсің. Алайда мен ертең нағыз әке болып отырам! Мен саған дос боламын, сенің уайымың менің уайымым, сенің қуанышың менің қуанышым болады. Тіпті саған қатқыл бір сөз айтқым кеп кетсе де, тілімді тістей қоюға әдеттенемін. «Ол әлі бала ғой – кішкентай ғана бала» деп дұғаны қайталағандай ішімнен қайталап жүремін.
Осыған дейін мен саған балаға қарағандай емес, үлкен адамға қарағандай қарап келіппін. Бірақ қазір сенің бір уыс боп жатқан жатысыңды көріп, сенің әлі де балдырған екеніңді әбден түсініп отырмын. Кеше ғана анаңның иығына басыңды қойып, кеудесінде тыныш тауып жататын бөбек едің ғой. Мен сенен тым көп нәрсе талап етіппін…
Уильям Ливингстон Ларнед
Аударған Арман ӘЛМЕНБЕТ