Жас жұбайлардың бүгінгі ахуалы
2014 ж. 09 мамыр
3030
2
Нені болса да бірінен бірін асыруды ғана мақсат, мақтан ететін қазақ үшін той жарыс деген бір дода. Соңғы кезде той үстінде неке куәлігін тапсыру деген шықты. Осыған байланысты Қызылорда облысының Әділет департаментінің бас маманы Гаухар Досмағанбетовамен жолығып,осы мәселеге орай әңгімелескен едік.
- Көптеген жастар некелерін салтанатты түрде, барлық ағайын-туысқанның алдында қидырғысы келеді. Жалпы, АХАТ қызметкерлері мейрамханаларға барып жастарды некеге тұрғызып, куәлік береді ме?
- Әрине, тойда салтанатты түрде неке қидырып, куәлік алғысы келетіндер көп-ақ. Алайда, біздің тойларға шығып, некені тіркеп, құжат беруге құқымыз жоқ. Салтанатты түрде неке қидырғысы келетіндер, Әділет басқармасының Салтанатты неке қию Залында қидырады.
- Орайы келгенде біліп қалайық, Қызылорда облысы бойынша жыл басталғалы қанша жұп жұбайлық өмірге жолдама алды?
- 2014 жылдың 1-тоқсанында Қызылорда облысы бойынша барлығы 8226 азаматтық хал актілерін тіркеді. Соның ішінде неке қиюға 1624 жұптан өтініш түсті. Бұл былтырғы жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда неке қиюшылардың саны 167-ге артқанын аңғартады. Некелесушілердің 80 пайызын 22-35 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Қазір шаңырақ көтеріп, отбасының жауапкершілігін мойнына алғысы келетіндер, әсіресе, жастар арасында белең алуы көңіл қуантады. Демек, тәуелсіздігіміздің түйдей құрдастары, бүгінде бір шаңырақтың отанасы мен отағасы атанып отыр.
- Жастардың некелесіп, шаңырақ көтеріп жатқаны қуантады. Алайда дәм-тұзы жараспай, жолдары екіге айырылып кететіндер көп пе?
- Ажырасу оқиғалары жылдан жылға көбейіп келеді. Мәселен, 2014 жылдың 1 тоқсанында 424 неке бұзу фактісі тіркелгін болатын. Соның ішінде, кәмелет жасқа толмаған, ортақ балалары жоқ, бір-біріне мүліктік және өзге де талаптар қоймайтын ерлі-зайыптылардың өтініштері негізінде 27 неке бұзылды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың алғашқы 3 айымен салыстырғанда 68 неке бұзу акт жазбасына көбейгенін көрсетеді. Әрине, себепсіз салдар болмайды. Осындай белгілі себептермен ажырасып жатқан жұптардың жас айырмашылығы әртүрлі. Бізде тек бірін-бірі әлі толық танып үлгермеген жас отбасылар ғана ажырасуға бейім деген түсінік бар. Өкінішке қарай, ажырасу жас талғамайды. Оның ішінде күні кеше ғана шаңырақ көтерген жас жұбайлар да, «іргетасы» берік қаланып, бүгінде отбасы өсіп-өнген үлгілі жұбайлық жұптар да бар.
- Сәті түскен сұхбатымызға уақыт бөлгеніңізге үлкен рахмет.
Сәкен АЛДАШБАЕВ.