Үрімжіде қытайлық жұмысшылар қазақ отбасын жаппай тепкінің астына алған
2014 ж. 06 мамыр
1755
1
Қытай жұмысшыларының жаппай тепкісінің астында қалған қазақ отбасы Үрімжі қаласындағы ауруханада әлі жатыр.
Өздерінің меншігіндегі жер телімдерінің үстінен жол салуға қарсы болған қазақ шаңырағы Жол жөндеушілердің таяғына ұрынған. Үш күннен бері бұл оқиға туралы қаншама қазақ сайттары жазып жатқанымен, оларға қол ұшын берер ешкім болмай тұр.
Қанды оқиға Үрімжі қаласының маңындағы Машинақұдық деп аталатын көктеулікте болған. Қытай билігі сол маңнан жол салмақ болыпты. Алайда, жер иелеріне, яғни сондағы жергілікті қазақтарға өтемақы ретінде аз ғана қаражат ұсынған. Бұған келіспеген қандастарымыз жолды жауып тастаған.
Бірақ жергілікті қазақтардың бұл қылығы жақпаған қытай жұмысшылары олардың жолда тұрған көліктерін таяқпен ұрып, сындырып, өздерін де аяусыз соққыға жыққан.
"Да да деді, ұр ұр дегені ғой, осы сөзін естідім. Ес ақылымыз шығып кетті. Өлтіреміз көміп қоямыз, - деген сөздерін ұқтым", - дейді жәбірленуші Жеңісгүл Мағраж.
Қазір Үрімжі ауруханасында жатқан Жеңіскүл Мағражбен телефон арқылы тілдестік. Айтуынша, жергілікті полиция қызметкерлері келгенше, қытай жұмысшылары бала-шаға, әйел демей, бәрін таяқтың астына алған.
Қанды қақтығыстан қолы сынып, ауруханада жатқан әйел, ұлының жарақаты тым ауыр дейді.
"Менің қолым сынды, ұлымды ұрғанда, оны қорғаймын деп, басын қорғаймын деп, басын құшақтап жатып алғанда, менің қолым сынды. Ұлымның басын аман алып қалдым. Қолдарында күрек болды, шотының сабы болды", - дейді Жеңіскүл.
"Ол жерде туған әпкем бар, бәрі ұрмаңызшы, ұрма деп қорғалайды ғой. Әйелдердің шашынан жұлып, бала-шағаға дейін бұларды тұқымымен тұздай құрту керек дейді. Жас-кәрісіне қарамай, жарақат алғандардың жанын ауыртқан, ашындырған жағдай - денелерінің қанға бөккені емес, қытай жұмысшыларының айтқан ауыр сөзі", - дейді жәбірленушінің туысы Ерлан Төлеубай.
"Сендер, қазақ малсыңдар, Ұланды ұстап алады да, сендер қазақ - малсыңдар, сендердің сұрауларың жоқ. Біз сендерді өлтіріп, құндарыңды төлейміз дейді", - деп ашынды Ерлан Төлеубай.
Ұлан Нұрмұрат - даулы жердің иесі Нұрмұрат Махмұттың ұлы. Қазақтардың қарсылығы шымбайына батқан жұмысшылар, Ұланды екі адамға ұстатып қойып, бізге тізе бүгіп, бас ұр, әйтпесе, өлтіреміз деп қорқытқан. Қан-жоса болған азамат қазір Үрімжі ауруханасында жатыр.
"Ұлан алғашында кешелері ауырмаған, бүгін басым ауырды деп, таңертеңнен бері қарай қатты ауырып жатыр деп жатыр. Денесінде, аяғында, қолдарында, аяғында бар. Тізерлетеміз деп, желкесін ұрған ғой",- дейді жәбірленушінің балдызы Мұхит Қазынабиұлы.
Енді бір күннен соң, қолы сынған Ұланның анасы - Жеңісгүлге ота жасалады. Бірақ дәрігерлер ол кісінің енді қанша мәрте пышаққа түсетінін ашып айтып отырған жоқ. Ал Ұланның өзі - қытай дәрігерлерінің жіті назарында.
Ал жергілікті полиция қызметкерлері екі күннің бірінде жәбірленушілерден жауап алып отыр. Жазықтылар табылса, жазаға тартамыз депті. Алайда, екі-үш күннен бері қазақ сайттары жарыса жазып жатқан бұл жағдайға қатысты, азаматы соққыға жығылған қазақ өкіметі үнсіз отыр.
31 арна