Алматыда жоғары шенді экс-полицей жезөкшелер ордасын ұйымдастырған

prostitut_0512Алматыда Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Серік Бегасылов "жезөкшелер" ордасын ұйымдастырды деп айыпталуда.

Қуандық Ешметтің айтуынша, Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Серік Бегасылов жезөкшелікпен айналысатын 8 адамнан тұратын қылмыстық топ құруға атсалысқаны үшін айыпталып жатыр.Бұл туралы қалалық соттың баспасөз маманы Қуандық Ешмет хабарлады.

Жедел іздестіру жұмыстары барысында ол жақында ғана шартты түрде босап шыққан Ольга Хамбулатова (Мама Роза) есімді азаматшамен бірігіп, жыныстық қызмет көрсететін орда ашқандығы анықталды. Оларды қорғағаны үшін экс-полиция өкілі 4 мың АҚШ долларын алған.

"Жедел шаралар басталған кезде Бегасылов "Мама Розаны" алдын ала құлақтандырып қойған. Олар пәтерді өзгертіп үлгерген. Сонда да қылмыстық топ мүшелері Ақылбек, Темірханова, Салықбаева, Ларин, Моисеев, Челюк ұсталды. Олардың айыбы дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін", - деді Қуандық Ешмет.

Аталған қылмыстық іс арнайы ауданаралық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған сотында қаралуда. Келесі отырыс сәуірдің 29-ында өтеді. Істі судья Ерлан Болатов қарауда.

Қазақпарат