ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ, ҚАЗАҚ ТІЛДІЛЕРГЕ АРАША КЕРЕК!
2014 ж. 21 сәуір
2989
13
ҚР Президенті Н.НАЗАРБАЕВ мырзаға!
ҚР Бас прокуроры А.Дауылбаевқа,
ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа,
ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі
комиссия төрағасы Қ.С. Сұлтановқа,
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.О.Шакировке,
ҚР Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлына,
Білім және ғылым министірі А.Б.Саринжиповке,
Парламент Мәжілісі депутаттары А. Перуашевқа, О.Асанқазықызына, Н.Сабильяновқа, Р. Қалмұрадовқа
ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗА!
ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ, ҚАЗАҚ ТІЛДІЛЕРГЕ АРАША КЕРЕК!
Ашық хат
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Құрметті мырзалар! Төменде жазылған жайтты жеке бастың шаруасы деп емес, қоғамдағы қауіпті, сіздердің назарларыңызды аударуға ұратын жағдай деп, оқуларыңызды сұраймын. Биылғы 3 сәуірде Кереку қаласындағы «Моя семья» атты дүкенде, кешкі сағат 8 шамасында нан сатып алмақшы болып, сатушыдан: «Бір бөлке ақ нан беріңізші?» деп сұрадым. Нанды бере тұрып еуропапішіндес сатушы: «Говорите на нормальном русском языке» деді. «До каких по будете считать казахский на ее же родине ненормальным» деуім мұң екен, дәл жанында тұрған еркек: «На каком оснований с русской девушкой говорите на непонятном языке?»-деп, сатушыны қоштай кеткені мұң екен, сатушы: «Если не хотите говорить на русском, почему в русскую одежду одеты? Езжайте тогда со своим казахским пасти своих баранов назад в свои юрты, освободите нас от себя»-деп, тіпті өршіп шықты. Өз жерімде өз тілімде сөйлегенім үшін осыншама қорлық көрген мен: «Осы сөздеріңіз үшін прокуратураға шағымданамын» дегенімде, әлгі еркек сатушыға: «Ничего их проукатура с вами не сделает!»-деп біздің заң орындарын іске алғысыз етті... Сонда қазақтың жерінде өмір сүріп жатқан бұлардың мемлекеттік органды «их прокуратура» дегені біздің мемлекеттік биліктің намысына тимей ме? Оған тағы бір еуропапішіндес адам қосылып: «Вот, на Украине из-за украинского Крым отобрали, там тоже захотели на своем разговаривать! Везде, все должны говорить по русски» деді. Мен мынадай заңсыздыққа күйініп, сыртқа шықпақшы болғанымда осы айтылғандарды қостап, шытынап тұрған еуропапішіндес сатушы әйел: «Сказано тебе, чтобы уходила назад в свои юрты, и здесь чтобы не появлялась со своим казахским, скоро здесь Россия будет, мы все будем россияне» дегеніне шыдамай, кешіріңіздер, қолымды шығардым да, полиция шақырттым да, іле сыртқа шығып кеттім. Полиция жасағы келгенде дүкенге бірге кірдім. « ...Скоро здесь Россия будет» деген сатушы дереу дүкендегі бір адамды өтірік куәгерліке алып, «она меня ударила по щеке, и вообще у меня сейчас истерика случится, уберите ее» деп долдана жылағанда, сөз таба алмай қалдым. Полицейлерге: «Камераларын тексеріңіздерші, болмаса судмедэкспертизаға жіберіңіздер»-деп өтіндім. Енді ең масқарасы, куәгерлерім бола тұра, полиция мені соттамақшы. Бұл жайт іспен танысқанда белгілі болды. Айтатын уәждері, оларды мен шақырсам да, уақыт бойынша алдымен сатушылар арызды жазыпты. Өйткені маған полицейлер «шыға тұрыңыз» деген. Нәтижесінде арызымды үйде жазып, жарты сөтке кеш әкелдім. Себебі, кезінде Сізге және лауазымды адамдарға да жазып, бірақ тек жергілікті полиция мен прокуратураға ғана өткізілген арыз хатым үшін полиция әкімшілікпен бірге мені «орныма» қоймақшы болды деп ойлаймын. Ол хатымды қосымша ретінде жіберіп отырмын. Бірақ не де болса, полиция алдымен мемлекет мүддесін қорғап, жұмыс істеуі керек қой. Мында керісінше болып тұр! Құрметті Елбасы! Сіз ылғи да орыс тілінің қорғаушысысыз. Орыс тілділерге еш кемсітушілік болмасын деп үнемі ескертіп отырасыз. Бұны орыстілділер өз пайдасына шешіп, «қазақ тіліне жол жоқ, ол 2020 жылы, тіпті одан да ары шегерілген, 2025 жылы ғана пайда болуы мүмкін, ал қазір бүкіл қарым-қатынас тек орыс тілінде құрылуы керек» деп қате ұғынады. Орыстілділердің қатарына негізінен қазақтардан құрылған орыстілді әкімдер бастаған әкімшілік қызметкерлері де жатады. Бір қызығы, олар да Сіздің :«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегеніңізді құлақтарына да ілмейді. Нәтижесінде қала қоғамында (жалғыз Керекуде емес деп ойлаймын), қазақ тілін қабылдамаушылық, кейде өшпенділікке баратын қарсылық қалыптасты. Осы айтылғандарды қала көшелерін аралап, әртүрлі мекемелерге кіріп, қазақша сұраныс жасаған әр адам анық көреді. Сондықтан орыс тіліне емес... керісінше, ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ, қазақ тілділерге АРАША керек! Егер осыдан 20 жыл бұрын, көлеңкемізден қорықпай қазақша балабақшалардың санын күрт өсіргенде, жоғарыдағы қазақтың намысына тиетін сөздер айтылып, ұлтаралық қатынасқа сызат түспеуші еді деп ойлаймын. Осыны тым болмаса қазір қолға алмаса, ертең мүлде кеш болады. Мен, қазақ қызы ретінде, мемлекет тіліне қажеттілік тудыру үшін, өз елімде қазақша сөйлеу міндетім деп есептеймін. Сондықтан, қазақ елінің орыстілді қаласында, қоршаған ортаммен қатынасымды барынша қазақша құрып, сол үшін көрінген жерден қуылып, жанкештілікпен өмір сүріп жатырмын. Өзімнің өмірлік тәжірибемнен көріп отырмын: неғұрлым ортада қазақ тілі аз қолданылса, соғұрлым тілді естіп үйренбеген адамдар қазақ тіліне өршелене қарсы тұрады. Керісінше, тіл көбірек пайдаланса, үйреншілікке айналып, оған деген озбыр, үстем, шовинистік реакция азаяды. Жоғарыда жазғандарымды басшылыққа ала отырып, Президент мырза, сізден өтінерім, Ресеймен шекаралық аймақтарда сепаратистік пиғылда жүрген, мемлекет тұтастығына көз алартатын адамдарды назарыңыздан таса қылмасаңыз деп сұраймын. Және мұны мемлекет қауіпсіздігіне жауапты адамдардың бәрінен қатаң талап етсеңіз деймін. Өз ортасымен қазақша қатынас құратын мен сияқты бірлі-екілі адамды тілдік, ұлттық кемсітілушілікке жол бермесеңіз. Кедендік одаққа кірген уақыттан бері, енді қазір Еуразиялық экономикалық одаққа қол қойылар шақта, орыстардың шовинистік, озбыр, астамшылық пиғылы көптеп қылаң бере бастады. «Забудьте ваш никому не нужный язык», «Скоро с Россией объединяемся, казахский ваш отменяется», т.с.с. сөздерді жиі еститін болдық. Қазақстан азаматы бола тұрып, ешбір орыс қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде іс жүзінде мойындамайды.Оған тағы Украинадағы жағдай қосылып, дем беруде. Қатты жүрек ауыртатын жайт, қалада 40-50 шақты балалардың атракциондары, ойын орындары бар. Біреуі де қазақ тілінде қызмет көрсетпейді. Әндері тек орыс тілінде, басқа да шет тілінде. Қай мемлекеттің болашағын тәрбиелеп жатырмыз? Бұл- мемлекетке төнген тікелей қауіп! Әкімшілікке бұл жан ауыртар жағдай қанша жылдан бері айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ олар ұлттық, тілдік тәрбиені көрші мемлекеттің еншісіне өткізіп жіберген. Басқаша айта алмайсың да. Міне, ең басты қауіп! Мені тек қана сынайды екен демеңіздер. Бұрынғы жылдар Тілдер басқармасына, Ішкі саясатқа, мемлекет-қоғам болып бірлесіп жұмыс жасауға ұсыныс жасағам. Қалай жасауын да ұсынғамын, бірақ қабылданбады... Қазақ тілін кемсітушілік орын алып отырғанда Тілдер басқармасының ұстанатын позициясы: «Біз кім көрінген үшін жүгіре бермейміз...»,-дейді. Ал ғайыптан тайып, шақырғанға келе қалса, «Я русская, и обслуживаю только на русском» дегендермен ымыраласып, қазақ тілін жығып кететіндіктен, оларға шағымдануымды қойдым. Осыдан 2-3 ай бұрын, «Галактика» деген компьюторлық қызмет орынан қазақша қызмет сұрағаным үшін полиция шақырып қумақшы болғанда (ғимараттары дәл алдында), Тіл басқармасы бастығы Қабжанға 3 рет өтіндім, тым болмағанда менің қазақша сөйлеуге құқым бар» екенін айтып звондаңызшы деп. Үндемей құтылды... Ондай қолдарынан түк келмейтін, мемлекет мүддесін қорғап, заңды орындата алмайтын бейшара Тіл басқармаларына онда неге сонша ақша шығындап ұстап отырмыз? Әкімдіктердегі Ішкі саясаттың лауазымды қазақ қызметкерлерінің позициясы: «На каком удобно, на таком и буду разговаривать»-дегенге саяды. «Как можно с РУССКИМИ говорить на КАЗАХСКОМ» дегЕН құлдық сана ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ 23 ЖЫЛ БОЛСА ДА олардан, еліміздегі барлық мемлекеттік қызметкерлерден өшпей отыр. Жиырма үш жылда, өңірде тілін мүлде білмейтін, ассимиляцияланып кеткен, білетін бірен-сараны қазақша сөйлеуді ар санайтын жастар қалыптасқанда, мемлекеттік қызметкерлердің осындай позиция ұстанып отырғандары өте қауіпті жағдай. Құдай сақтасын, егер көрші ел келіп, паспорт тарататын жағдай туса, оны орыстармен бірге таласа алатын ұрпақ өсіріп келеміз. Өйткені орысты қазақтан, басқа да ұлттардан биік көретін жергілікті билік осыны өзі анық сезінбесе де, қауіпті санамен осы жағдайды қалыптастырып отыр!.. Құрметпен, Руза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ, Кереку қаласы Мекен-жайым: Кереку қ., Қаирбаев к. 104-136, Телефондарым: 8(7182)-511050, 8701-182-52-65