Қарағандыда әкімдікте қызмет ететін қызды алып қашып кетті
2014 ж. 15 сәуір
1887
0
Қарағандыда әкімдікте жұмыс істейтін 20 жастағы қызды алып қашып кетті, - деп хабарлайды Nv.kz.
Вольный елді мекенінде тұратын 23 жастағы жігіт жұмыстан қайтып келе жатқан қызды ұрлап әкеткен. Қыздың туысқан әпкесі полицияға шағымданды. Оның айтуынша, Нұржас есімді жігіт қызды машинасына күштеп отырғызып, белгісіз бағытқа кетіп қалған.
Полицейлердің мәліметінше, жігіт құқық қорғау органдарына әкімдік қызметкеріне үйленуді ұйғарғанын және қызды өзінің Шет ауданындағы ата-анасының үйіне апарғанын айтқан. Қыз жергілікті әкімдікте іс жүргізумен айналысады екен.
Тәртіп сақшылары мұның адам ұрлау қылмысына жататын-жатпайтынын анықтап жатыр. Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов елімізде қыз алып қашу әрекеті үшін қылмыстық жазаны күшейту керектігін айтқан болатын. Депутаттар қалыңдық ұрлаған адамға 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қарастыруды ұсынады.
"Бастысы, бұл жерде адамның негізгі құқықтары бұзылады: адамды ұрлау, тұтқындау. Қандай мақсатқа болмасын, пайдалануға, зорлыққа, үйленуге, тағы басқа. Адамның негізгі құқы бұзылып тұр, ол үшін ең ауыр жазаны енгізу қажет. Адамның өз жоспары болады: жұмысқа барады, оқиды, басқа бірнәрсемен айналысады, ал оны алады да, қашады. Бұған кімнің қандай құқы бар?! Мұндайды қандай да бір санкциялар тоқтатуы тиіс. Қалғаны - оң ниеті, тағы басқасы - бөлек мәселе. Адамды бір сағатқа, бір минутқа ұрласа да, ату жазасы берілуі керек", - деген болатын Бұрханов Мәжілісте Қылмыстық кодекске енгізілуі тиіс түзетулерді талқылау барысында.
tengrinews.kz