Қазақстанда халық сөзін сөйлейтін телеарна ашу қажет пе?
2014 ж. 31 наурыз
3380
1
Өркениетті елдердің көпшілігінде қоғамдық телеарналар мен радиолар бар. Айталық Францияда үш бірдей қоғамдық телеарна, радио бар екен.
Сондай-ақ Канадада "Си-Би-Си" қоғамдық телеарнасы, Британияда "Би-Би-Си" арнасы әлемдік деңгейдегі ақпараттық алыпқа айналған.
Германияда да қоғамдық арналардың қызметі дұрыс жолға қойылған. Эстония, Латвия және Литва, Гүржістан мемлекеттерінде тәуел¬сіз телеарналар жақсы жұмыс жасауда.
Аталған мемлекеттердің тәжірибесіне қарап отырып, қазіргі таңда біздің қоғам халықтың сөзін сөйлейтін, жоғын жоқтайтын қоғамдық телеарна ашуға дайын ба деген сауал туады.
Осы орайда Алаш айнасы "Қазақстанда да қоғамдық телеарна ашатын уақыт жетті ме" деген сауалды мамандар талқысына ұсынып көрген еді.
Намазалы Омашев, профессор: Қазіргі таңда қоғамдық телеарна ашатын уақыт жетпек түгіл асып кетті. Біз демократиялық бағытты ұстанатын мемлекетпіз. Өркениетті елдердің қатарына қосыламыз деп ұмтылып жүрміз. Мұндай жағдайда қоғамдық пікірдің өзінен өзі алға шығатыны белгілі. Сондықтан қоғамдық телеарнаның болғаны, қоғамдық пікірді білдіретін хабарлардың жасалғаны өте оңды болар еді.
Құқықтық демократиялық мемлекет болғандықтан қоғамдық телеарнаның қажеттілігі белгілі. Қазіргі таңда біздегі телеарналар мемлекеттің, жекелеген адамдардың, қаржыландыратын құрылтайшылардың айтқанынан аса алмай, белгілі бір дәрежеде соларға тәуелді болып отыр.
Қоғамдық телеарна ашылса, бұл біз үшін өскендік, бір табан болса да алдыға жылжығандық болар еді.
Қазақстанда телеарналар көп. Өкінішке қарай, арналардың ешбірі қоғамдық пікірді қалыптастаратын бұқаралық телеарна дәрежесіне жете алмай отыр. Неге? Себебі, дамыған мемлекеттерде елдің есебінен ашылған телеарналар жұмыс істейді. Халықтың сөзін жалтақтамай, батыл түрде жеткізеді және онда қызмет жасайтын тілшілердің жалақысын сол елдің азаматтары төлейді.
Бізде осындай үрдіске көшуіміз қажет. Төртінші билігі дамыған мемлекет қана жетістікке жете алады. Себебі, журналистер мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын насихаттап қана қоймай, қоғамдық пікір қалыптастырушы институт болып табылады.
Серік Әбікенұлы, тележурналист: Қоғамдық телеарнаның басты функциясы қоғамдағы ашық пікірді жеткізу, журналистік функцияны толығымен атқару ғой.
Қазір бізде телеарна көп. Егер осылардың қайсысы қоғамдық телеарнаның функциясын атқара алып отыр дейтін болсақ, өкінішке орай, ешқайсысын да атай алмайсыз.
Кейбір телеарналар там-тұмдап қоғамдық пікірлерді білдіріп жатады. Мысалы, "31 арна" "Информбюро" жаңалықтарында кейбір қоғамдық мәселелерді айтқан болады, бірақ бәрібір бір хабар арқылы Қазақстандағы қоғамдық мәселелерді көтеру мүмкін емес.
Қазіргі біздегі ақпарат кеңістігін арғымаққа баласақ, оның езуі керіліп тұрып ауыздықтаулы. Сондықтан қазіргі таңда "Қоғамдық телеарна ашқананнан не ұтамыз?" деген сұрақ туады. Егер біздің елімізде демократиялық жүйе толығымен орнап, жариялылыққа тиым салынбайтын болса, қолда бар телеарналарымыз-ақ өздеріне жүктелген функцияны атқара алған болар еді.
Қоғамдық телеарна қоғамнан қаржыландырылса, мемлекет тарапынан қоғамдық арнаны қаржыландыратын тетік болмаса, сонда ғана қоғамдық арнаға толық үміт артуға болады. Ал қазір бізде барлық ақпарат құралдарының негізгі тетігі міндетті түрде үкіметтің қолында болады. Сондықтан құзырлы органдар өзінің көңіліне жақпаған дүниелерді арнадан көрсетпейді, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне шектеу қояды.
Ең алдымен қоғамды, қоғамға деген саяси көзқарасты өзгерту керек. Содан кейін ғана қоғамдық телеарна ашуға болады.
Қоғамдық телеарна қажет-ақ және тәуелсіз телеарна ашатын уақыт та жетті. Тәуелсіз арна дегенде тек оппозициялық пікірді ұстанатын емес, жалпы қоғамдық пікірді жан-жақты байыппен жеткізе алатын арна жөнінде ой қозғап отырмыз. Алайда қаржыландыру мәселесінің шешілмеуі бұған басты кедергі болып отыр.
Егер қоғамдық арнаны мемлекет және қалталы азаматтар қаржыландыратын болса, онда бұл арнаның басқа арналардан еш айырмашылығы болмай қалуы әбден мүмкін. Қандай да бір күш телеарнаның ішкі жұмысына араласатын болса, онда қоғамдық арнаның ешқандай салмағы болмайтыны бесенеден белгілі.
"Алаш айнасы"