Қазақстан барысы отау тікті
2014 ж. 26 наурыз
2307
0
«Қазақстан Барысы» жобасының жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев отау тігіп, көктемнің шуақты күнінде Әбдірахман ағай мен Ләззәт әпкенің үйіне келін түсті! Жамбыл өңірінің ғана емес, күллі қазақтың азаматына айналған Бейбіттің таңдауы Әйгерім есімді аруға түсіпті. Батыр ұлды қуанышымен құттықтаудың және сұхбат алудың сәті түскен еді.
- Бейбіт, Тараз төрінде өткен «Еуразия Барысы» турниріндегі жеңісіңіздің басты құпиясы неде? Өзінен 60 келідей ауыр балуанды жығу кез-келгеннің қолынан келмейді ғой...
– Шыны керек, бұл бәсеке басталар алдында, біраз қобалжыдым. Біріншіден, «Еуразия Барысы» - командалық дода. Бұрын тек өзің үшін күрескен соң, ұтсаң да, ұтылсаң да ешкімнің алдында есепбермейтінсің. Командалық сын болғаннан кейін, құрамадағы жігіттер мен бапкерлер еңбегін жоққа шығармау керектігін түсіндім. Екіншіден, бәсеке басқа емес, өзім туып-өскен аймақта - Тараз қаласында өтті.
Менің тілеуімді тілейтін мыңдаған жанкүйер алдында жігерсіздік танытып, жеңіліп қалсам, жігіттігіме сын болар еді. Осы ойлар жаттығу кезінде миымның бір бұрышында жүрді. Бір қызығы, әлгі ойлардың барлығы алғашқы белдесуімнен соң-ақ. ғайып болды. Жанкүйер қиқуын, қолдауын көріп, кімді де болса жеңуге дайын едім.
Моңғолиялық қарсыласым Сугаржаргал Болдпурев, әрине, өте мықты, шебер балуан. Басқа көрсеткіштерін былай қойғанда, исалмағының өзі біраз қарсыласты қобалжытатыны рас. Бірақ. оны жеңетініме сендім. Дегенмен, санаулы секундтар ішінде таза ұтамын деп ойламаппын. Моңғолдыжылдам жеңгенім өзім үшін де тосын болды.
- Сугаржаргалдың салмағы біз үшін үлкен болып көрінгенмен, Моңғолияда одан да ірі балуандар өте көп екен. Ал біздің елдегі алыптар көшін өзіңіз бастап тұрсыз. Осынша салмақты ұстап тұру сізге қиындық туғызбай ма? Денсаулығыңызды қалай күтесіз?
– Әрине, денсаулығыма белгілі бір мөлшерде күтім жасаймын. Мәселен, диета. Спортшының өмірінде диета үлкен рөл ойнайды. Себебі, жарыс алдында салмақ қууға немесе өсіруге тура келеді. Мен көбіне«Түйе балуандар» бәсекесіне қатысқан соң, салмақ қуу жөнінен қандай да бір қиындыққа тап болған жоқпын. Алайда, бәрібір күтім керек. Әсіресе, ішетін тағамның құнарлы әрі пайдалы болғаны абзал.
Өзім көбіне сұйық тамақ ішкенді ұнатамын. Содан соң, анам дайындаған астан ешқашан бас тартпаймын. Менен «салмақты, ірі болуыңыздың себебі неде?» деп сұрайтындар көп. Бұл мүмкін қанға, текке де байланысты шығар. Атам Ыстыбай балуан болған екен. Одан бөлек, өзім туып өскен Жамбыл облысы, Талас ауданындағы Көшек батыр ауылынан кіл кесек денелі, сүйегі ірі, етжеңді азаматтар көп шыққан. Кейде туған жердің де тұлғалы болуыма септігі бар шығар деп ойлаймын.
- Қазақ күресінен өткен «Қазақстан Барысы» турнирінің үш маусымына да қатысып, мәртебелі додада топ жарып үлгердіңіз. Сіз үшін қайсысы қиын, «Қазақстан Барысы» атану ма, әлде сол атақты қорғап қалу ма?
– Екеуі де оңай емес. Бұл - Олимпиада чемпионы атанып, 4 жылдан соң қайтадан сол атағыңды қорғап қалумен тең десем, артық емес шығар. Себебі, жыл өткен сайын «Қазақстан Барысындағы» бәсекелестік артып келеді. Балуандар мақсатты түрде осы додада жеңіске жету үшін дайындалуда. Демек, жеңіс ешкімге де оңай келмейді. 2011 жылы «Қазақстан Барысының» финалдық сынында ұтылып қалдым ғой. Жеңілдім, жолым болмады екен деп жүнжіп жүру қазақ жігітіне теріс қылық қой. Сол сияқты, ол жеңіліс маған қайрақ болды.
«Келесі жылы осы сайыстың биігіне қалайда көтерілемін» деп өзіме уәде бердім. Алла қолдап, бұл мақсатым орындалды. Осы орайда, бір мәселені түсіндіре кеткім келіп тұр. 2012 жылы жеңіске жеткен соң, «Алла қаласа, әлі үш рет «Қазақстан Барысында» топ жарамын» дегенім бар. Бірақ көп журналистер осыны дұрыс түсінбеген секілді. «Бейбіт, сіз үш рет қатарынан жеңемін деп сөз беріп едіңіз,2013 жылы бұл сөзіңізде тұрмадыңыз» деп өкпе-назын білдіріп жатады. Біріншіден, мен Алла қаласа, жеңіске жетемін деген едім. Екіншіден, бұл спорт. Жеңіс бар жерде, жеңіліс те бар. Оның үстіне, мен бүгін-ертең үлкен спорттан қол үзейін деп тұрған жоқпын. Алла көлденең жарақаттан аман қылса, әлі талай «Қазақстан Барысына» қатысып, өз мықтылығымды дәлелдеймін.
- Бейбіт, спортшылар арасында шынайы достық бар ма?
- Әрине, достық бар. Кілемдегі қарсыласу бар болғаны 5 минутқа созылады. Қалған уақытта бәріміздің де сәлеміміз түзу. Мысалы, Ұлан Рысқұл. Екеуміз 2011 жылы финалда белдесіп, Ұлан жеңді. Тұңғыш«Қазақстан Барысы» ретінде тарихта Ұлан қалды. Бірақ, содан кейін екеуміздің жауласып кеткен ештеңеміз жоқ. Бір-бірімізбен өте жақсы сыйласамыз. Жасымыз қатар, үзеңгілес болған соң, жиіәзілдесетініміз де бар. Ата-аналарымыздың халін білу үшін бір-біріміздің үйімізге барып тұрамыз.
- Қазақ күресі турнирлерінен бүгінге дейін қанша көлік ұтып алдыңыз?
– Жалпы есебі 27 көлікті тізгіндеппін.
- Ол көліктің барлығы өзіңізде ме?
– Жоқ. Көбісін сыйға тартып жібергенмін.
- Былтыр «Қазақстан Барысында» ұтылып қалсаңыз да, облыс әкімдігі қымбат көліктің кілтін ұсынды. Мұндай құрмет-ықыласқа ие болуыңызды мәні неде?
– Алла абыройыңды көтеріп жатса, көлік қайда кетер дейсіз? Сосын спортшыны қанаттандыратын жанкүйері ғой. Кілемге шыққанда әрдайым солардың үмітін ақтауды ойлап тұрамын. Ұтылып қалсам да, төбесіне көтерген қолдаушыларымды нағыз тілеулестерім деп білемін.
Ырысбек ЖАНТӨРЕ, jaqsy.kz