Сенатор: "Үкіметтегілердің тең жартысы - миллиардер"
2014 ж. 20 наурыз
3666
13
Бюджет елдің аузынан жырып, аймақтар жыртығын жамасын деп берген қаржының көпшілігінде игерілмей қалатыны қазір ғадетке айналған. Сонда сенатор Ғани Қасымов сол игерілмей қалатын қаржының елу пайызы ұрланатынын жайып салған болатын. Өз халқын өзі тонаушы ұрыны Қытай өлім жазасына кеседі. Біздің жебірлер миллион емес, миллиардтап қылғыта жұтса да, жұмырына жұқ болмай жүр. Судан құрғақ шығады...
«Үкіметтегілердің тең жартысы - миллиардер»
Бұл сөздің де авторы – да сенатор. «Бұл туралы айтуға қорқасыздар. Ақша ұрланып, қанша қылмыстық іс қозғалып жатса да, Үкімет мүшелері бірін бірі мақтап, соған мәз болып жүр. Кезінде Ұлттық банкті басқарған мықты экономист Үкіметтегілердің тең жартысы миллиардер деді. Неге үндемейсіздер?! Ұлттық банк 17 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылды деп Үкіметке есеп беріпті, ал қазір Марченко 14 млрд деп отыр. Бұл не сонда қалған 3 млрд құр қағаз ба?!» дегенін жалпақ жұрт көрді, естіді.
Осындайда ойыңызға Қадыр Мырза Әлінің «Айлықпен байыған адам жоқ» дегені еріксіз оралады. Қазақстанда айлықпен байыған шенеунік болса, оған ескерткіш қою керек шығар. Есеп комитетінің жария еткен мәліметтеріне сүйенсек, қаржыны игеруде заң бұзған 172 лауазымды тұлғаның 10-ы саяси қызметкерлер екен. Орыстар айтпақшы, бұл «гүлі» ғана. Оның «жемісі» әлі алда. Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің деректері өткен жылдың 6 айының өзінде экономикалық негізде 6000 мың қылмыстық іс қозғалған. Бұл алдыңғы жылғыдан 9 есеге көп. Ондағы басты айып – мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғызылатын құрылыс нысандарына бөлінген қаржыны жымқыру, пара алу сынды қылмыстар.
Мемлекеттік бағдарламалар демекші, бұл бағдарламаға бөлінген қаржы-қаражаттың біразы да желге ұшып жатыр. Мұны ел іші жақсы біледі. Бірақ тыңдайтын құлақ, көретін көз болмаған соң іштен тынып жүргені де рас. Халықтың көкейіндегін бір кездері Дариға Назарбаева тап басты.
Дариға Назарбаева «Туризм» мамандығы бойынша 2011 жылы 30 адам оқудан өтті, 10 адам жұмысқа орналасты. «Тамақтануды ұйымдастыру» мамандығы бойынша 389 адам оқудан өтіп, 20-сы жұмысқа орналасты. «Фермерлік шаруашылық» – 235 адам оқудан өтті, 19-ы жұмысқа орналасты... Осылайша ұзақ тізіп өтуге болады. Және осы мақсаттарға 2012 жылдың өзінде-ақ 15 млрд теңге бөлінген және «сәтті игерілген». Егер қаражат жаратылса, бірақ адамдар жұмысқа орналастырылмаған болса, жасалған жұмыстың пайдасы жайлы айта аламыз ба?», – деп сауал қойған еді. Бұл бір ғана мемлекеттік бағдарлама - «Жұмыспен қамту-2020-дағы» ахуал. Бұдан бөлек, мемлекеттік деңгейдегі өзге де маңызды бағдарламалар баршылық. Олар да игерілмей, сенатор Ғани Қасымов айтпақшы, соңынан «ұрланып» тынады.
«Бюджеттің қаражатын тиімсіз, немесе мақсатсыз пайдалану»
Бұл – бюджеттің ақшасын кертіп жеп қойғандарға қойылатын сыпайы «диагноз». Былайша айтқанда, жауырды жаба тоқу. Астарында бюджеттің қаражатын оңды-солды шашу тұр. Бюджет арқылы күнелтететін мекемелерде бұл «дағдыға» айналып барады.
Түйін
Бюджет- миллиардерлерге сауын сиырға айналғаны да өтірік емес. Емін-еркін еміп келеді. Тайыншадай миллиардер атанса да. Әлбетте, ел ішінде ауқаттылар болғаны жақсы. Сіңір шыққан кедейден гөрі байдың көптігі жөн. Бірақ сол біздің миллиардерлер қарынға емес, қазаққа қашан қызмет етеді екен? Мәселе – сонда...
Қызғалдақ Айтжанова, "Алаш айнасы"