Қазіргі тойлар жиған байлықты көрсететін бәсекеге айналып барады
2014 ж. 14 наурыз
10036
1
Қыз жасауы – ұлттық ғұрып һәм ананың перзенті алдындағы парызы. Шаңырақ көтерген екі жастың игілігі үшін құралған жасау олардың ертеңіне деген алғашқы көмек десек, артық айтпаспыз. Бірақ, сонау ерте заманнан оюлап көрпе тігіп, тізерлеп текемет жасаған аналар бүгінде неге «дүкеншіл» болып кетті? Қазіргі қыз жасауына тойға жұмсаған ақшадан кем түспейтін көп қаражат неге жұмсалады? Біз айтайық, өйткені, бүгінгі күн — бәсеке заманы. Тойдың ертесі қыз жасауы көрсетілетін күн. Апа-әжелеріміз, көрші-қолаң мен қыз-қырқынның күткен күні де осы кез. «Келіннің жасауы қандай екен?» деп, көруге асығатын абысын-ажын мен сандығына сұқтанатын көздер мұндайда міндетті түрде табылады. Бұл кезде буылған, түйілген жүктердің аузын ашу да өзінше бір мәртебе. Сандықты ашып, буылған жүктің түйінін шешкен сайын, ішінен шығатын әшекей бұйымдар мен кәдесыйларды үлестіру де өзінше қызық. Одан кейін қыз жақтан келген пысықай жеңгелеріміз жиналғандардың барлығын назарға ала отырып, сандықтағы бұйымдарды рет-ретімен көрсетеді. Заманауи қыз жасауына арналған сәнді «махаббат көрпе», «құдағи көрпе» секілді анасының қолынан шыққан бұйымдар жасаудың шымылдығын түреді. Жарасымды. Бірақ, ыдыс-аяқ пен киім-кешекті айтпағанда, кейінгі жылдары шамасы келсін-келмесін «кредиттенген» кір жуғыш машина, тоңазытқыш, қысқатолқынды пеш, теледидар, тіпті көліктің кілті де жасаудың ажырамас бір бөлігіне айналғандай. Оған жатын бөлмеге арналған жиһазды қосып қойыңыз. Әрине, қолынан келіп, қалтасы көтерсе, жасай берсін ғой. Десек те, көрпеге қарай көсілетін қазақы мінез әлденеге алаңдаулы, алақ-жұлақ. Иә, «қыздың бағы кісі есігінде ашылатыны» белгілі. Ал ата-ананың мұндағы ойы барған жерінде жұпыны жасау қызғалдағымның бетіне салық болмасын дегені шығар, бәлкім. Сонда біз кіммен жарысамыз?
Қазіргі заманның ағымына қарай жасау дайындаудың да бүгінде сипаты өзгерді. Заманауи құрал-жабдықтар көп заттардың орнын алмастырды. Бүгінде «жат-жұрттыққа» жаралған қыз баланың бағы барған жерінде ашылатынына осы жасаудың да көп әсері болатын көрінеді. Аттаған босағасында күндемесін, менсінбеушілік орын алмасын деген ата-ана барын салып жасауға дүние жинайды. Мұндайда «жұмыла көтерген жүк жеңіл болатынын» ескерген кейбір отбасында әр туысы бір-бір затын алып беріп, жәрдем береді. Оған да шүкір. Міне, біз осылайша жасаудың «жетім қыздың жүгіндей» болмағанын қалап, бар жиған-тергенімізді баламыздың бақыты үшін сандыққа саламыз. Ал жасауы жақсы қыздың маңдайы ашық, жүзі жарқын жүретіні айтпаса да түсінікті ғой. Бірақ, осы тұста «дайын асқа тік қасық» болған екі жас дүниеге мастанып кетпей ме деген ой да қылаң беретінін жасырмаймыз. Ата-ананың тыраштанып берген дүниесі оларға дәнекер бола ала ма? Адамға дүние жолдас емес, адамға адам ғана жолдас. Сондықтан, бақытты дүниемен бағаламайық. Одан да босаға аттаған келіннің жанұя жарасымдылығын сақтап, әулеттің абыройын асыратын тәрбиелі де ибалы, атына заты сай келісті келін болғанын тілейік. «Көрінген таудың алыстығы жоқ». Үмітін үкілеп, қыз өсіріп отырған кез келген ата-ананың ертең-ақ қыздары бойжетіп, қалыңдық атанары сөзсіз. Ал қалыңдықтың туған-туыстары жасаусыз қызын тұрмысқа бермейтіні анық. Ендеше, сіз қызыңыздың жасауын қалай жасар едіңіз? Көңілге ой салар ұсынысыңыз болса, хат жазып, хабарласыңыз. Ой бөлісейік…"Алматы ақшамы"