Министрлік «монстрға» айналып бара жатқан жоқ па?
2014 ж. 03 наурыз
1775
0
Өткен жолы Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы ұзақмерзімді ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлуді тапсырып, қазына қаражатының тиімді жұмсалуын Премьерге қатты-қатты тапсырған болатын. Осы триллион төңірегінде мәселе аз емес. Өйткені, бұған дейін де Ұлттық қордан талай-талай триллиондар бөлінген, сөйтіп қыруар қазына қаражаты барар жеріне барған. Алайда, одан келетін тиімділік мәселесіне күмәнмен қарайтындар қатары көбейіп бара жатқанға ұқсайды. Мәжілісте Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың Жолдауды іске асыру жоспарына арналған баяндамасынан соң, біраз депутат әрбір тиынның тиімділігін төтенше мәселе етіп көтеріп бақты. Экономика министрінің бірсарынды баяндамасынан соң сөз алған Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова атқарушы билік алдындағы жедел шешімін табуы тиіс міндеттерге, проблемалы мәселелерге тоқталған болатын. Бұл ретте Қарағұсова ханым "Қазақстан-2050" стратегиясы аясындағы барша бағдарламалар нақты әрі тиімді болуы керектігін экономист-министрге қатаң ескертті. "Өйткені мақсат – қаражат жұмсау емес, әрбір тиынды нақты жағдайды жақсартуға, нақты міндетті шешуге бағыттау. Мәселен, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын алып қарайық. Біздің білуімізше, бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – экономиканы әртараптандыруды қамтамасыз ету, импорт ағымын төмендетіп, бюджеттің кіріс бөлігіне түсімдерді арттыру, ішкі нарықты отандық өндірістердің сапалы тауарларымен толтыру болатын. Алайда, өкінішке қарай, бұл міндеттердің бір де біреуі орындалмай отыр», - деді Гүлжан Қарағұсова. Бақсақ бағдарламаға бюджет қаражаттары аз жұмсалмаған, оған инвесторлар тарапынан тартылған қаржыны да қосыңыз. Алайда, бағдарлама аясындағы 5 жылда экономикалық тиімділік соншалықты емес. Осыны ескерген депутат Қарағұсова жаңа кәсіпорындарға енгізілген алдыңғы қатарлы технологияның да осы уақытқа дейін өзін-өзі ақтайтын кезі жеткенін алға тартады. Техникалық ревалюция ғасырында кез-келген қондырғының технологиялық циклы ұзаққа шыдамайтыны, яғни оның "тозуы" да тез болатынын айтады. Ендеше бағдарлама басында енгізілген технология «асарын асамай» жатып-ақ «қартайып» қалуы ықтимал. Одан бөлек, депутат соңғы уақытта инновацияны желеу еткен жаңа бағдарламалар да жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кеткенін, алайда олардың экономикаға, халықтың өмір сапасына әсері мардымсыз екенін" де алға тартады. "Бұл әсіресе, зерттеу сипатындағы бағдарламаларға қатысты, олардың тиімділігін тексеріп байқау да мүмкін емес. Дәл қазіргі уақытта осындай бағдарламалардың қажеттілігі нешік? Мәселен, денсаулық сақтау саласын алып қаралық? Қомақты қаражат құйылып жатыр, Қазақстанда керемет, теңдессіз медициналық орталықтар салынды, бірегей операциялар да жасалуда. Ал қарапайым тұрмыстық деңгейде ұсынылатын медициналық қызмет жыл сайын нашарлап барады", - деді депутат Г. Қарағұсова. Айтпақшы, статистика еңбекке қабілетті азаматтар арасындағы мүгедектіктің көрсеткіші де өсіп отырғанын көрсетіпті. "Мүгедекке айналғандар өндірістік немесе басқа да жарақаттардан жапа шегіп жатқан жоқ, олардың басым бөлігі жалпылама аурулардан мүмкіндігі шектеулі болып отыр. Ал олардың саны бүгін 274 мың адамға жетті. Неге бұлай? Бұл фактілерге кім талдау жасап отыр?», - дейді Г. Қарағұсова. Сосын депутат ханым денсаулық секілді «білім саласының да ақсап тұрғанын» айтып қалды. Соңғы 11 жылда қазақстандық оқушылар бірнеше білім реформаларын бастан кешкенін, ал мұндай жылына жүз құбылатын реформадан кейін білім сапасы туралы не айтуға болатынына қынжылыс білдірді. «Білім министрлігіне кішкене тоқтаңқырап, нақты басымдықты айқындауға шамасы жетпей ме? Ең ақыры балаларға басқамен бас қатырмай тып-тыныш оқитын, ал мұғалімдерге тып-тыныш қана оқытатын заман қашан туады? Жалпы, адами капиталды дамыту Қазақстанның әлемнің озық отыз елінің қатарына қосылудағы ұзақмерзімді басымдықтарының бірі. Ал бұл бағыттағы стратегиялық жоспарларымыз бұлыңғыр, сондықтан да нәтиже көз алдыда. Ал сапалы стратегиялық жоспардың жоқтығы ең бірінші кезекте түпкі нәтиже туралы түсініктің жоқтығында», - деп түйіндейді Гүлжан Қарағұсова. Сөйтіп, Елбасы Жолдауын жүзеге асыру барысы талқыланған Үкімет сағатында біраз жұмыстың жай-жапсары, кем-кетігі ашық айтылды. Тіпті, жиынға жетекшілік жасаған вице-спикер Қабиболла Жақыпов қызды-қыздымен Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Ерболат Досаевқа «монстр» министрлiкке айналып бара жатырсыздар-ау» деген ескертуін де ұмытпады. «2020 жылға дейiн ауыл шаруашылығы мен шағын және орта бизнесті дамыту үшiн әрбiр салаға бөлiнiп жатқан 1 трлн теңгенiң дұрыс жұмсалуы маңызды. Мен кейде, бұл қаржы талан-таражға түседi ме деп қорқамын. Қазынадан бөлінетін қаражат жаңа жұмыс орындары мен жаңа өндiрiс орындарына берiлгені жөн әрі оны қатаң қадағалау керек. Олай бақылау болмаса, соның салдарынан олқылық жiберген банктер жабылады да, бiз қайтадан жер сипап, кiнәлiлердi артынан iздей бастаймыз. Ерболат Асқарбекұлы, осы мәселенi қадағалауыңызды сұраймын. Абай кезiнде бұл туралы «бас-басына би болған өңкей қиқым, мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын» деп дұрыс айтқан. Бөлiнген 1 трлн теңге ертең жан-жаққа тарап кетедi, одан қалса ұрланады, ақыры қаражат түпкі мақсатқа, бөлiнген бағытына жетпейдi», - деген депутат министрге ағалық ақылын да айтып салды. «Жасы үлкен аға ретінде сiзге ескерту жасағым келедi. Сiздер «монстр» министрлiкке айналып бара жатырсыздар. «Мұны мен шешемін!», «Мұны мен ғана қарастырамын!» дейсiздер. Осының түкке де қажеттi жоқ», - дедi депутат Қ. Жақыпов.
"Алаш айнасы", Қанат Қазы