Сәби саудасымен айналысқан елдің ертеңі не болмақ?!
2014 ж. 20 ақпан
4854
3
Ащы да болса шындық: бүгінде сәбиді де сатып алуға болады. Қызылшақаның құны бар болғаны 30-ақ мың теңге. Тіпті, көк тиындық құны жоқ деп есептегендер «періштесін» қоқыс жәшігіне тастап та кетіп жатыр. Жуырда күнгейдің Сарағаш ауданы Құркелес ауылдық емханасында жұмыс істейтін 47 жастағы мейірбике жүктілігі басталған ананың жарық дүние есігін ашпаған шаранасына кепілдеме ақша алған. Ал, тұрмыс тауқыметін тартқан «көкек» ана әлеуметтік жағдайының төмендігін айтып зар илейді. Ол аздай, осыдан біраз бұрын Шымкент қаласында да жаға ұстатар жағдай орын алған еді. Темірлан тасжолы бойындағы көпқабатты үйдің ауласындағы қоқыс жәшігінен жаңа туған шақалақтың мәйіті табылған-тұғын. «Алаш айнасының» тілшісі осы мәселе төңірегінде ой толғап көрген еді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 10 жылда Қазақстандағы жетімдерге арналған балалар үйінің саны 3 есеге көбейген. Ал ата-анасының қарауынан айырылған балалар саны 100 мыңға жетті деп хабарлайды мемлекеттік емес ұйымдар. Олардың 80 пайызының ата-анасы тірі, сондықтар олар олар әлеуметтік жетімдер тобына жатқызылады. Дегенмен, соңғы жылдары адам саудасы, оның ішінде бала саудасы да өршіп барады бізде. Тіпті қоғамда белең алған келеңсіздік туралы ән де шықты. Жігіттер квартетінің «....Онсыз да биік-биік үйлеріңді, бала сатып тағы да биіктеткін. ...түскендеймін аңдардың арасына, мен жат па едім қазақтың баласына?! Мама!» деп келетін «Мама» әнін тыңдаған ананың жанары боталайтыны сөзсіз.
Сен мені жатқа саттың, күйікті еттің
Осыдан бірнеше апта бұрын ғана облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Ерлан Қуандықовтың «Без бүйрек ана үш баласын және құрсақтағы шаранасын сатты» деген мақаласы жарық көрген болатын. Төрт бірдей бауыр етін тірі тауарға айналдырған ана туралы әңгіменің ұзын ырғасы былайша өрбиді.
Былтырғы жылдың соңына таман облыстық ішкі істер департаментіне «аймақтағы бір отбасы бала асырап алыпты» деген ақпарат келіп түседі. Ақпаратты тексеру барысында бала саудасына қатысты баланы туған анасының сыбайласы бары анықталады. Нақтылай келгенде, сыбайласы жергілікті ауылдық емханада жұмыс істейтін 47 жастағы мейірбике болып шығады.
Тексеру барысында ісі әшкереленген өз баласын сатып жіберген «саудагер» ана 9 жылдан бері әркімнің малын бағып, талай қиыншылықты бастан өткергендігін, күйеуі ішімдікке салынғандығын, төркініне де сыймағандығын, туған әкесі үйден қуып шыққандығын сылтауратып, қайда жүрсе де тірі жүрсін деген шарасыздықпен саудалағандығын айтады. Сонда, күні ертең тірі жетім болып өскен бала анасының осы бір қатігездігін қалай кешіре алатындығын айтып жатудың өзі әбестік...
Ал, акушер мамандығы бар әлгі әйелдің сыбайласы емханада аға мейірбике қызметін атқарған. Қамауға алынар тұста ол өз еркімен жұмыстан кетіпті. Ондағы қызметкерлер, әсіресе басшылық мейірбикенің бұл әрекетінен бейхабар екендігін айтып, қазіргі таңда оның жұмыс істемейтінін алға тартты. Болған істің бәріне 28 жастағы әйелдің өзін кінәлағандай болды. Тіпті бар кінәні босанған әйелге аударып әлек. «Маған ол: «Қиналып жүрмін, ақшам жоқ. Тұрмысы жақсы отбасы болса тауып берші. Балаларды тапсырайын», – дегенді қайталап келе берді. Жаным ашығандықтан: «Ақыры баланы бір жерге бермей тынбайсың. Бала көтере алмай жүрген бір әйел бар. Сонымен сөйлес деген» еді деп уәж айтады.
Зерттеу барысында белгілі болғандай, шындығында сатылған балалардың әкесі 40-тан асқан, азаматтық некеде тұрған кісі екен. Әлгі әйел Қалипа есімді қызын Сарысу ауылындағы біреуге сатады. Алайда, сатып алған жақ ес тоқтатып қалған қызды ұрып-соғып, кейде тамақ бермей қинаған секілді. Кейіннен қашып келген бүлдіршінді қайтадан ақшаның құлына айналдырған безбүйрек ананың қылығына ашынбай тұра алмайсың.
Иә, айдың күнің аманында мұндай сұмдыққа не итермеледі? Әрине, басында әлеуметтік жағдай тұрса, соңғысынан отбасылық тәрбиенің жүйесіздігі қылаң береді. Құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйенсек, безбүйрек ана тоғыз ай көтеріп, толғағы жетіп дүниеге әкелген бүлдіршіндерінің екеуін 30 мың теңгеден, кіші қызын 120 мың теңгеге сатып жібергенін баяндайды. Бұл жан түршікпейтін нәрсе емес пе?! Ал, төртіншісі аздай, бесінші баласына жүктілігіне алты ай болғанда мейірбике екеуі әлі жарық дүниеге келмеген нәрестені саудалап, барлығы 1,5 миллион теңге пайда көрген. Мұндай тасжүректілікті мұқтаждықпен байланыстыруға қалай ғана дәті барып, ар-ұяты көтере алғандығына таң қалдық. Міне, осылайша, туған баласын саудаға айналдырған қатыгез ананың бала сату дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 133-бабы 2-бөлігімен іс қозғалып, күдіктілер сот шешімімен қамауға алынды.
Періштесін қоқысқа лақтырған
Бәлкім ашаршылық жылдары да бұлай болмаған шығар. Қаншама отбасы зар илеп тәңірден бір шикі өкпе дәметіп жүр. Отбасында томпаңдап жүрген сәбидің бейнесі, оның риясыз күлкісі, бал қылығы бәрі-бәрі шаңырақтың алтынға да айырбастағысыз қуанышы емес пе? Ал, шаһардағы мына жағдайдан соң айналадағы адамдарға, тіпті қоғамға да күдікпен қарауға мәжбүр боласың. Өткен жылдың соңында қызыл шақа сәбиді жалаңаш күйінде қоқыс жәшігіне тастап кеткен. Ал, сіз адамдық туралы әңгіме айтқыңыз келеді...
Нәрестені таңертең қоқыс төгуге шыққан қала тұрғыны байқаған, алғашында ішек-қарын деп те ойлапты. Жақындап қарағанда барып оның адам баласы екеніне көзі жетіп, дереу полицияға хабар берген. Куәгердің айтуынша, шарананы анасы түнде тастап кетуі әбден мүмкін. Түнгі аязға шыдамаса керек, сәбидің денесі қатып қалған. Бәлкім тіл бітсе «мама, кімге ұқсатам білмеймін қандайымды, мама кеп бір иіскеші маңдайымды, ақ уызға толмаған таңдайымды, толтырайын айтумен жағдайымды» деп тіл қатар ма еді? Оқиға орнына келген құқық қорғау органдары қызметкерлері мәйітті сараптамаға алып, «Айы-күні жеткен шарана өлі туылған» деген тоқтамға келіпті.
Сәбидің етін жейтіндер
Айтпағымыз, жыл сайын қаншама қазақ баласы заңды түрде, тіпті заңсыз түрде шетел асырылуда. Ертеректе, «Балалар үйі» немесе «жетімдер үйі» деген ұғым қазақ санасына жат еді. Алайда, соңғы кездері олардың қатары молайған. Елімізде 196 интернат үйі бар, ол үйлерде 11 мың бала тәрбиленеді. Аталған интернат үйлері үшін Үкімет жыл сайын ортақ қазынадан 8 миллиард теңге бөледі. Алайда, соған да орта жолдан қол салып, жырмыштап жататындар да табылады.
Ал, бізде сол тастанды, тірі жетім балаларға дұрыс шарт-жағдай жасалынбағандығы себепті, арнайы келісім-шарт негізінде қаракөздер шет ел асуда. Ал, ондағы жағдай қалай? Ол туралы теле бағдарламалардан тыс ештеңе білмейміз. Жуырда ғаламтор бетінен «адам етін жеу» туралы мына бір сұмдықты көріп шошындық. Ғалымдардың дәлелдеуінше, тірі адамның қансорғыш болуы, кісі етіне әуес болуы, жас өліктің қанын соруы тұқым қуалайтын зұлымдық ауру екен. Иә, қазақ тарихындағы ашаршылық жылдары бір отбасыны сақтап қалу үшін біреуін жеп қойыпты деген әңгіме естіп жататынбыз. Алайда, аста-төк тұрмыс, бейбіт күнде адам етіне деген ынтызарлықты оқып жаға ұстадық.
Қытайдың әйгілі тарихи романы «Батысқа сапарда» Таң патшалығының сопысы Чун Заң батысқа барып, ном алып келу үшін жүрген сапарындағы, тауқыметті тағдыры баяндалады. Яғни, жаңағы сопының етін жеген адам өмір бақи өлмейтін қуатқа ие болыпты-мыс. Енді қазіргі қытайлар сол аталарынан қалған кебісті қайта киді. Адам етін жемей тұрып қытайлар әуелі теңіз өнімі деп бақа-шаян жеген. Қазір ішкі қытайдың Гуаң Дұң өлкесінде нәрестенің етін жеу адам денсаулығына пайдасы бар деген қауесет шығып, баланың етінен тамақ жасап, соны жеу үрдіске айналып бара жатыр.
Түйін сөз: Тағы да айтарымыз, Біз шетел асқан сәбилерің жағдайынан бейхабармыз. Осы бейқамдығымызды өзгелер пайдасына жаратып кетпесін. Не көп әлемде түрлі ауру көп. Соған сай медицина да дамып кетті. Тіпті, адам ағзасының барлық мүшелеріне ота жасалуда. Сол өлмеу үшін жанталасқан шетелдіктердің кеудесінде қазақ сәбиінің жүрегі лүпілдеп, тамырында қазақтың қаны ағып тұрмасын? Ал, біз сол періште сәбилерді болмашы тиынға саудалап, немесе жетімдер үйіне, қала берді далаға тастап жатырмыз. Ойланайықшы, осы біз елдің ертеңін саудалап жатқан жоқпыз ба?...
"Алаш айнасы"