Қазақстанның қара жолдары "қанды жолдарға" айналып барады
2014 ж. 17 ақпан
1743
0
Қазақстанның қай аймағын алып қарасаңыз да «қанды жолы» яғни, жол апаты жиі орын алатын аумақтары бар. Шымкенттен Ташкентке шығатын жолда жергілікті жұрттың тілінде «Қасқа» деп аталатын асу бар. Осы аралықта жол апаты жиі орын алады. Айына емес, апта сайын мұнда түрлі жол көлік оқиғасы тіркеліп тұрады. Осы маңға жақын жерде мұсылман зираты бар. Сол зираттың жанынан салынған түрлі бағытқа шығатын айналма көпір бар. Сол айналма көпірдің айналасының қай маңын алып қарасаңыз да жол апаттары жиі орын алып тұрады. Сол себептен де мұндағылар бұл жерді «қанды жол» атап кеткен. Кеңес одағы кезінен бері Карл Маркс деп аталатын ауыл бар мұнда. Осындағы тұрғылықты тұрғындар жол апатттарына жиі куә болып тұрады. Былтырғы жылы жол жиегінде автобус күтіп тұрған жап-жас қызды алып жүк көлігі қағып кетті. Жолды кесіп өтпек болған жүкті келіншектің ажалы да темір көліктен болды. Түркиядан жүк тасымалдайтын ұзындығы 25 метр болатын ауыр жүк көлігі жуырда жолдың шетіне тоқтаймын деп батпаққа батып аударылып қалды. Жуырда ғана көпір үстіне тоқтаған, Қытайдан әкелінген жап жаңа жолаушылар автобусы отқа оранды. Абырой болғанда ішіндегі жолаушылар дер кезінде сыртқа шығып үлгерген. Бұл берідегісі ғана. Оған дейін де естіген елдің жанын түршіктірер небір ауыр жол апаттары орын алған болатын. Ілгеріде ауыл ақсақалдары қанды жол аталған жолдың бойына бір мал құрбандық шалайық деген-тін. Ақыры бұл іс аяқсыз қалды. Одан бері де қаншама жол оқиғасы болды, қаншама жанның осы жол бойында қаны төгілді. Әлі де тиылар емес. Бәзбіреулер кезінде Ташкентке шығатын осы жолдың бойында зират болған деседі. Алып магистраль сол ескі зираттың орнына тұрғызылған-мыс. Сол себептен де қара жолдың бойында қан төгілуі тиылмайтыны осы себептен-міс. Кім білген, айтылған жәйдың бір шындығы бар шығар. Айналып келгенде шынында да неге осы жолдың бойында жол апаты жиі орын алады? Мұндай оқиғаларды тізбектей берсең тырнадай тізіліп кете береді... «Алаш айнасы» осы мәселеге ой жүгіртіп көрген еді. Көптің ажалы – темір тажалдан... 2012 жылдың қаңтар-шілде айларының аралығында елімізде 6 963 жол апаты тіркеліпті. Соның салдарынан, 1415 адам қаза тапқан. Ал 2013 жылы елімізде 2 273 адам қара жолдың бойында қазаға ұшыраған. Қаншама қазақстандық қара жолда қаза тауып жатыр. Жол апатының алдын алу үшін қаншама шара қолға алынып жатқанымен нәтиже мардымсыз. Жыл жылжыған сайын көлік көбейіп барады. Соған орай жол көлік оқиғалары да жиі орын алатын болған. Темір тұлпарды тізгендей алмай арғы дүниеге аттанғандардың әрбір төртіншісі көліктің аударылып кетуінен, әрбір бесіншісі қарама-қарсы бағытқа шығып кетудің салдарынан қаза табады екен. Асығыс айдаймыз, жолда жарыса жүйткиміз, біреу жолымызды кесіп кетсе, соны басып озғанша аптығамыз, ақырында арғы дүниеге де асығыс аттанамыз. Тіпті «кезексіз» десе де болғандай. Жол апаты болмаса да қара жолды бір-бірінен қызғанып, соның салдарынан бір-біріне оқ атып опат болып жатқандар да бар. Несін айтасың, көптің ажалы темір тажалдан келіп жатқаны да жасыратын жәйт емес. «Қыз мұраты –кету, жол мұраты – жету» дейтін ек, бүгінде жолға шыққандар жетер жеріне жете алмай, арғы дүниеге кетуге айналып бара жатқан сықылды. Тіпті соғыстағыдан да бетер қырылып барады. Сол себептен де еліміз жол апатынан көз жұматындардың көптігінен әлемде көш бастап тұр... Бүгінде темір тұлпардың тізгінінде тинақтай балалар отыр. Олар компьютердегі атжарыс ойындарының шеберлері. Компьютерде көлік айдап, қандай кедергіден де қашып құтылудың жолын үйренгендер. Сол себептен олар жолдың бойын компьютер ойындарымен салыстыра ма, жүйіткігенде желмен жарысардай. Жол белгілеріне пысқырып та қарамайды. Жол сақшыларының өзін қағып кете жаздайды. Бұл төрде тұрған көк жәшіктен үйренгендері. Компьютер-ұстазды тағы қосыңыз. Қолдарында ұялы телефон, құлақтарында наушник, ауыздарында темекі, көліктің іші көк түтін. Бұ құралдың бәрі де жол апатын жасауға апарып соқтыратын төте жол емес пе? Тіпті қара жолдың бойын ат жарыс алаңына айналдырып алған ба дерсің. Оның үстіне бүгінде иіскейтіні бар, тартатыны бар, егетіні бар кей жас қауіпсіз деп санайтын есірткінің нешетүрлісінің дәмін татып алып, жол бойында ләйліп жүретіндері де бар. Олар өз өмірімен қоса өзгенің де өміріне қауіп төндіретінін білсе де, білмегендей. Қолға түссе жақсы, сыбағасын алар-ау. Алайда оңай құтылып кетіп жатқандарды да жоқ дей алмайсыз. Тәртіп қаншалықты қатаңдатылған сайын жол ережесін бұзушылар да құтырып барады. Әрине жол көлік оқиғасының басты геройлары жүргізушілер, жол апаттарының 91 пайызы да солардың кесірі тиіп жатады... «Қанды жерлерді» зерттейтін орталық қажет пе? Көбіне жүргізушілерді кінәлап жатамыз. Бірақ жол апатының орын алуының себебіне үңіліп көрдік пе? Басында айтып кеткеніміздей «қанды жерлердің» бұған қосып жатқан үлесі қандай? Жуырда ғана дәл осы «қасқаның» маңында орын алған апатта зардап шеккен танысымды жолықтырып қалдым. Қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен көлікпен соқтығысып, қол-аяғы сынған ол оқиғаны былайша еске алады: «былайша қарасаң теп-тегіс жол. Апат орын алатындай да емес. Бірақ сол күні шынымды айтсам қарсы бағытқа шығып кетіп, құстай ұшып келе жатқан көлікті мүлде көрмей қалдым. Көзімді біреу байлап қойғандай. Көлігіме тарс етіп соғылғанда ғана білдім. Әйтпесе алдымнан көз алмай, жәй ғана жылдамдықпен ғана жүргізіп келе жатқанмын. Көрмедім десем ешкім де сенбейді» дейді. Расында дәл осы «қанды жерлерге» келгенде жүргізушілердің көзі байланып қалатыны несі? Мұнда бір тылсым күш бар деп есептейтіндер де жоқ емес. Мамандар расында жол апаттарын сараптау жүргізгенде жол ережесінің бұзылуына баса мән береді де, табиғи факторлар назардан тыс қалып жатады. Мәселен, американдық ғалымдар бізше айтқанда «қанды жол», яғни осындай жерлерде геомагнитті толқындар әсер ететінін дәлелдеп шыққан еді. Дәл осындай аумаққа келгенде жүргізушілер айналаны дұрыс бағдарлай алмай, оқыс оқиғаларға тап болып жатады екен. (Басында айтқан «көзі байланған» жүргізушінің басындағы жәймен тұпа-тура келетіндей). Ғалымдардың пайымдауынша геомагниттi толқындардың жол көлiк апаттарына әсерiн зерттеу ғылыми-тәжiрибелiк маңызы зор көрінеді. Геомагнитті толқынның әсерін зерттейтін орталықтар әлемнің дамыған елдерінде бар. Ол АҚШ, Германия, Жапонияда бар. Сондай-ақ Ресейде де бар. Ресейлік ғалымдар соңғы жылдары геомагниттік толқындарды зерттеуге басым көңіл бөлуде. Олар әсіресе магнитті дауылдардың көлiк апаттарына қатты әсер ететінін дәлелдеп те қойған. Геомагнитті өрісі көп маңдарға жол салмауға барынша кеңес береді. Ондай жерлерде жол апаты көп орын алатын ескеріп қаланың геомагнитті картасын да жасап қойған. Сол аумақтарға бейнебақылау орнатып, үнемі бақылап отырады. Оның үстіне жүргізушілерге қай күні магнитті күн екені алдын ала хабарланып отырады. Ондай күндері алыс сапарларға шықпауға кеңес береді. Сондай күндері мүмкін болса көлік тізгініне отырудан бас тартуға да шақырады. Әрине мұндай орталықтар біздің елімізге әбден қажет-ақ. Әсіресе қара жолдың бойы қабірстанға айналып бара жатқан қазіргідей кезеңде әбден керек-ақ.
"Алаш айнасы"