Бесінші рет сайлауға түспек...
2014 ж. 13 ақпан
2717
7
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев америкалық Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында 2016 жылы өтетін сайлау жөнінде әңгімеледі деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Журналистер Президенттен Қазақстандағы билік ауысар кезеңді қалай топшылайтынын сұраған.
"Бәрі жиі қоятын және бірдеңе естігісі келетін қызық сұрақ, бірақ ешқашан естігісі келгенін ести алмайды. Тәуелсіздік таңы атқан кезде қалай даму керектігін, кімнен тәжірибе алу керектігін, бізге кімнің, қай елдің, қандай көшбасшының жол көрсете алатынын ойладық. Сонда ойладым, бізге ешкімді, ешқандай елді қайталауға болмайды, оның үстіне, Қазақстанның өз тарихи жолы бар. Мысалға, Ли Куан Ю біз үшін қызығушылық туғызатын адам, бірақ Сингапур - қала-мемлекет - Қазақстанмен салыстыруға әсте келмейді, дегенмен олардың білім беру, денсаулық сақтау, инвестиция тарту бойынша істеген ісі бізге қызық. Маргарет Тэтчердің жекешелендіруді жылдам жүзеге асыруы қызығарлық болды. Біздің Конституция генерал де Голльдің конституциясынан көп нәрсені қабылдады. Сондықтан өтпелі кезең міндетті түрде болады, қатып қалған ештеңе жоқ. Барлық жайт қарастырылған Конституция бар. Бес жыл сайын сайлау өтеді, халық кімді таңдаса, сол басқаратын болады", - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы шетелдік ақпарат құралының "2016 жылғы сайлауға қатысасыз ба?" деген сауалына: "Мен 2016 жылдың желтоқсанының соңына дейін сайланғанмын, уақыты келеді - сол кезде айтатын боламыз", - деп жауап берді.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл сұхбаты барысында Қашағандағы мұнай өндірісінің келешегі жайлы да айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қашаған мұнайы 2018 жылға дейін ел экономикасының жылына 6%-дан кем емес деңгейде өсуін қамтамасыз ете алады.
Өзінің жобалық қуатына жеткен кезде кен орнынан күніне 370 мың баррельден артық мұнай өндірілетін болады. Егер жобаның екінші кезеңі іске асырылса, бұл мөлшер екі еселенуі мүмкін.
"Қазақстан өзіне қанша мұнай өндіруі керектігін шешіп алуы керек. "Қалғаны келер ұрпақтың еншісіне тисін" деп айтуға болар еді, бірақ олай болғанын қаламаймыз, біз жұмысты жалғастырамыз", - деді Президент.
Tengrinews.kz