Қоғамымызда ер мен әйелдің орны ауысып барады
2014 ж. 11 ақпан
5615
5
Бүгінгі нәзік «еркектерді» көргенде осыдан жиырма жыл бұрын біздің ауылдың бір ақсақалы айтқан жалғыз ауыз сөз ойыма түседі.
Ғұмыры ат жалында өткен даланың қазағын, қаладағы студент ұлы бір ұйғырдың асханасына ертіп келеді. Алдындағы тамақты алғалы жатып ас үйге көзі түскен қарт «астағфираллаһ» депті. Баласы сасқалақтап «не боп қалды әке, харам бірдеңе көріп қалдыңыз ба?» дейді. Сонда қария қос білегіне шылбырдай оралған созылмалы қамырды алдындағы тақтайға шиырып ұрып тұрған қырықты аралаған ер адамды нұсқап: «Мынау не сұмдық! Еркегі қазан-ошақ ұстаған… е е е бұлар ел болудан кеткен екен» депті.
Иә, бұл оқиға қазір бізді де селт еткізе қоймайды. Оған бойымыз үйренді. Асхананы былай қойып теледидардан арнайы түрде еркектерге ас әзірлететін бағдарламалар шығардық. Ел алдына шығып күңіреніп сөйлейтін кейбір атпалдай азаматтарымыздың саусағы әйелдерден де майысқақ екен…
Есесіне жастарға отаншылдық рух, жігер беретін, Қазақстан Қарулы күштерінің, мемлекеттік шекарашылары мен ішкі әскерлерінің әлеуетін көрсететін (өздерінің айтуынша) сарбаздарға арналған «Айбын» деген бағдарламаны жүргізетін бір еркек табылмапты…
Сонда біз еркек пен әйелдің орнын мүлде шатастырып алдық деген сөз.
Қазақта баяғыдан белгілі отбасы қағидасы бар. Әке төрде, одан кейін бәйбіше, одан кейін ұл-қыздары, ас үйінде келіні дегендей. Енді осылардың орынын ауыстырып жіберсеңіз не болады? Төрде келіні тайраңдап, ас үйде атасы бүкшеңдеп жүруі ақылға сия ма? Ол шаңырақта қандай береке болмақ? Үйлесім табу мүмкін де емес. Міндетті түрде бұзылады. Енді осындай бұзылған отбасы тұтас қоғамды құрайды. «Әкесі тұрып ұлы, шешесі тұрып қызы сөйлегеннен без» дейтін қағиданың өзі қанша нәрсені түсіндіріп тұрғанын білеміз бе?
Ұларбек Нұрғалы, "Намыс" сайты.