Сәрсенбаевтың өліміне қатысты шындықты ашуға "кедергі күш" көп
2014 ж. 05 ақпан
3645
0
Прокурорлардың өтiнiшiмен, судьяның шешiмiмен жөпелдемеде өткен жарыссөзде әр тараптың, оның iшiнде үкiмi қайта қаралып отырған сотталушы Ержан Өтембаевтың да айтары көп болды. Ол атын атап, түсiн түстеп, көзге шұқып көрсетпесе де, ақиқаттың ашылуына мүдделi емес күштердiң бар екенiн меңзедi. Бiр күн бұрын сотта тергеудегi түсiнiктемесi оқылған бұрынғы iшкi iстер министрi Бауыржан Мұхамеджановтың “әрбiр екiншi сөзi өтiрiк” екенiн мәлiмдедi. Е.Өтембаевтың сотта айтқан соңғы сөзiнiң толық нұсқасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдiк.
Ержан ӨТЕМБАЕВ, сотталушы:
“Құрметтi сот және осы сот процесiне қатысушылар!
Жарыссөзде көп жайттар айтылды. Бiрақ мәселенiң басқа қырына назар аударғым келедi.
Көптеген қателiктерге жол бергенiне қарамастан, бiздiң мемлекеттiк сот және құқық қорғау жүйесi осы сот процесiнде сапалы бұрылыс жасады. Сегiз жылдың iшiнде Ибрагимов алғаш рет өз кiнәсiн мойнына алып, нағыз тапсырыс берушiнiң атын атады. Бұл қаншалықты дәлелдi, негiздi болды, бұл ендi басқа мәселе.
Мемлекеттiк айыптау Өтембаев тапсырыс берушi деген ойынан бас тартты. Бұл кеш болса да, әйтеуiр жасалды. Мұның өзi оқиғаның анық‑қанығын анықтау мен шындықты ашуға үлкен үлес қоспақ. Әрине, бұл бағыттағы iзденiс әлi де талай уақытқа созылатыны, оңайға түспейтiнi түсiнiктi.
Бiрақ, менiңше, қазiр жасалған нәрсенi де бағалау керек. Себебi бүгiн болмаса, ертең осы процесс бекiтiледi, есепке алынады. Осы сотта алдағы уақытта қай бағытта жылжып, iзденiс жасау керектiгiнiң бағдары белгiлендi. Десек те уақыт заулап өтiп жатыр, дәлелдердiң кей бөлiгi жоғалып жатса, ендi бiр бөлiгi ұмытылып қалуда. Дегенмен әлi де оқиғаны ашуға ықтимал мүмкiндiк бар. Бұл – бiр.
Екiншiден, өз басым “тапсырыс берушiден” “қылмысқа айдап салушыға” айналғаныма қатты таңғалдым. Құқықтық жағын былай ысырып қойғанда, мазмұнына, сөздiң астарына келгенде, менi “айдап салушы” дегендерi миға қонымсыз. Менi “Мұсаев пен Әлиевтi қылмыс жасауға айдап салды” дегенi – сандырақ.
Менiң әрекетiм – бұл оқиғаға түрткi болды дегендi мойындадым. Қамауда өтеген жаза мерзiмi осы қылмысыма сай берiлдi деп есептеймiн. Бiрақ дәл қазiргi түрде келтiрiлген айыппен келiспеймiн. Ал ендi неге дәл осылай болып жатыр? Әрине, бұл мәселенi ұзақ талқылауға болады. Алайда, менiңше, шындықты ашуға кедергi келтiрушi күштер бар екенi анық. Олардың қандай күштер екенiн, не үшiн кедергi келтiруге тырысып баққанын бәрiмiз жақсы бiлемiз. Процесс ауыр, оңай емес жолмен өрбiдi. Алдағы уақытта да жүре бермек. Және дұрыс бағытта жүредi деп есептеймiн.
Тергеушiлер мен мемлекеттiк айыптау сүйенген дәлелдер жүйесiне келсек, олар ерекше жолмен жасалды. Сөздердiң қайсысы дұрыс, ал қайсысы бұрыс екенiн қандай негiзге қарап ажыратқанын бiр Құдай бiледi. Маған қарсы қолданылған айғақ негiзiнен Ибрагимовтiң сөзiнен алынды. Мемлекеттiк айыптау таққан айыптың басым бөлiгi бойынша менен “шын мәнiнде солай болды ма, жоқ па” деп сұрап жатпады. Ақиқаты осы екен деп қабылдады да, тiгiсiн жатқыза салды.
Сондай‑ақ, атақты Гаши Машанло дайындаған айыптау әуелден‑ақ қатаң түрде: “Өтембаев Ибрагимовтiң қоян‑қолтық ұрысты жақсы меңгергенiн, қарудан жақсы ататынын бiлдi”, – дейдi. Айыптау да осы бағытта жүрдi. Бiрақ Ибрагимовтiң қаруды меңгергенiнен бейхабар болдым. Оны кiм қайдан шығарып алғанын бiлмеймiн, менен тергеуде де, сотта да мұны ешкiм нақтылап сұраған жоқ.
Сосын Ибрагимов осы сотта 2006 жылы 15 ақпанда менiмен кездескенде маған “жiгiттер асыра сiлтеп жiбердi” деп айтқанын жеткiздi. Ал бiрақ менiң есiмде “сiздi аяқтан шалды” деген оның сөзi қалыпты. Сотта менен неге мұның анық‑қанығын сұрамастан, Ибрагимовтiң сөзiн негiзге алды?
Ибрагимовтiң мәлiмдемесiн оқығанда, оқиғаның картинасын алғаш рет көрдiм. Бұл сөздi нақтыламағаным да содан. Тергеу де, сот процесi айыптауды көп ретте “егер ол бұл жерде дұрыс айтпаса, демек, мұнда да дұрыс емес” дегенге әкеп тiрейдi. Iздеу мен теңгерiмнiң күрделi жүйесi бұл. Осындай солқылдақ пайымдаулар жасалады да, соның негiзiнде қорытынды шығарылады.
Алпыс мың долларға келсек, егер бұл тапсырыс үшiн бөлiнген ақша болса, екi әйелдiң қолынан өтiп, берiлмес едi. Ақыл‑есi дұрыс адам осылайша өз келiнiн аяқтан шала ма?
Оның үстiне, ақшаның қайтарылғаны есiме кеш түсiптi дегенiне сенгiм келмейдi. Мен жиырма мың, әйелiм отыз мың, Ибрагимов қырық мың қайтарылды дейдi. Бiрақ iстiң материалдарынан “арыстандықтарға” отыз мың доллардың iшiнен тек жиырма мың доллар ғана “ЦентрКредит Банкiнiң” купюрасымен берiлгенi анық жазылған. Сонда қалған он мың кiмнiң ақшасы екенi белгiсiз. Бұл – бiр. Екiншiден, тергеу тобының “ұрлық‑қарлығы” туралы. Әбiкенов өткен сотта 23 мың доллар ипотекалық қаржысы iз‑түзсiз, сот шешiмiнсiз жоғалып кеткенiн айтты. Заттай айғақ ретiнде алынған бiздiң 10 мың доллар мен 11 мың еуро да жоғалып кеттi. Он мың доллар айғақ “арыстандықтардан” айғақ ретiнде алынған 20 мың долларға қосылып кетiп, осылайша купюралардың нөмiр сәйкестiгi “дәлелденген” сияқты. Ал шын мәнiнде онда бәрi аралас‑құралас болатын. Дәлелдер осыған сүйендi. Бұл да – үлкен бұрмалаудың мысалы.
Тапсырыс берушi мен оның бейнесiн кiм жасағанына тоқталмай‑ақ қояйын.
Үшiншiден, қатарлас өткен тергеу, зерттеу мен сот процесiнде менi, Кекшаев пен Әбiқаевты жауыз етiп көрсету әрекетi тығырыққа тiрелдi, одан түк шықпады. Бiзге мүлде басқа тарап жасаған әрекет таңылды. Мұның бәрi тергеу мен сотқа күмән тудырды. Расын айтқанда, салыстырар болсақ, қазiр де тура сол әрекет жасалып жатыр.
Тергеуде бұрмалаушылықтар көп болғаны түсiнiктi. 2006 жылы Ибрагимов хаттаманы өзгерткенiн айтып шағымданды. Мұндай бұрмалаушылықтың бәрiн тiзiп жатпаймын. Мұхамеджановтың жауабын алсақ та жеткiлiктi. Оны бес саусағымдай жақсы бiлемiн. Түсiнiктемедегi оның әрбiр екiншi сөзi өтiрiк. Не үшiн, не мақсатта өтiрiк айтқанын тап басып айту қиын, бiрақ болжауға болады. Мәселен, Кекшаев Ресей азаматы дейдi. Президент әкiмшiлiгiндегi құқықтық саланы басқарған, жетекшiнiң орынбасары, кейiн iшкi iстер министрi қызметiн атқарған адамның мұндай сөздердi айтқаны ақылға қонымсыз. Министр кезiнде бүкiл төлқұжаттар базасы соның қолында болды. Телефон тұтқасын қолына ұстап, сұрастырса, 2002 жылдан берi Кекшаевтың Қазақстан азаматы атанғанын бiлер едi. Бұл құпия мәлiмет емес қой. Десек те, ол бұл фактiнi әдейi келтiредi. Бәлкiм, бұлай деуге себебi бар шығар.
Сосын ол Мақашовты менiмен жайдан‑жай, еш себепсiз таныстырғанын айтады. Онысы да шылғи өтiрiк. Оны маған үнемi сүйреп әкеп жүретiн. Бiздi өзара жақындатқысы келдi. Мұны не үшiн жасағаны басқа мәселе. Мақашовпен жай ғана таныспыз, бет‑жүзiн бiлем дегенi де өтiрiк. Олар өте тығыз қарым‑ қатынаста, әлi де жақын араласып тұрады.
Өтембаевтың марапаттық қаруы бар екенiн де аяқ астынан есiне түсiрiптi. Маған бұл қаруды он бiр жыл бұрын берген, неге марапаттық екенiн бiлмеймiн. Барлық жетекшiлерге оны өзiн‑өзi қорғау үшiн таратып берген болатын. Мен оны бiр айдан кейiн қайтарып бердiм. Ол туралы баяғыда ұмытып та кетiппiн. Ол болса, бiр жыл бұрын оны есiне түсiрiп, күштiк құрылымдарды жiберу керек дептi.
Рахатпен қарым‑қатынасы туралы сөзi де өтiрiк.
Көп эпизодтар бойынша сөз қозғап, жоққа шығаруға болады. Менiкi тек қана кеше оқылған жауапқа берген кiшiгiрiм түсiнiктеме.
Осының бәрiнiң түпкi мақсаты – мен емес, Сенат спикерi Н.Әбiқаев пен ҰҚК төрағасы Н.Дүтбаев екенi түсiнiктi. Оларды орындарынан кетiргiсi келдi. Бұл топ сол мақсатты көздедi. Әрi бұл топтың Әлиев және Мұсаевпен шектелмейтiнi түсiнiктi. Жақтастары әлi де көп, олар ықпалды және күштi екенi де түсiнiктi.
Ибрагимов, Мирошников, Әбiкенов сол адамдардың қолында отырғанда, ақиқатты айтады деп сену аңғалдық. Еш уақытта олай болмайды. Мұны да түсiну керек.
Соңғы айтайын дегенiм, мен iстiң жаңа материалдарын оқып, оны қорытып үлгермедiм. Себебi олар мен үшiн тың, жаңа деректерге толы. Бiрақ өзiмдi бастапқыда тапсырыс берушi емес, кiсi өлтiрушi қылмыскер еткiсi келдi‑ау деген iшкi түйсiгiм бар. Себебi бiрiншi күнi “сен аттың, Мұсаев сол тапаншаны қайтаруды талап еттi” дедi. Егер 25 ақпан күндерi Ибрагимов тапаншаны Мұсаевқа қайтарған жағдайда, онда менiң саусақ iздерiм “табылып қалса”, оған еш таңғалмас едiм. Ал бұл әлдеқайда тиiмдi болар едi. Сонда Әбiқаев пен президентке тiкелей жол ашылар едi. Бiрақ 2006 жылы бұл нұсқа дайындалғанымен, ол бiрқатар себеппен iске аспай қалды.
Әлi де ашылмаған талай мәселе бар. Мұнымен толық келiсемiн. Десек те процесс аясында оқиғаның анық‑қанығы түсiнiктi бола бастады. Мұның өзi оптимизмге жол ашады. Әрi қарай бұл жерде техникалық қана емес, саяси мәселе бар. Бiрақ шындықты қайдан iздеудiң бағыты айқындалды.
Сот кеше келiнiм Куватова мен Мұхамеджанов түсiнiктемесiн таңдап алып оқып бердi. Айтпағым, бiрiнiң түсiнiктемесi шылғи өтiрiк болса, екiншiсiнде хаттаманы тазалаған. Тергеушiмен текетiрес болғанын, бастапқыда “60-70 мың доллар деп көрсет” деп сөз қозғалғанын келiнiм мен әйелiмнiң сөзiнен бiлем.
Мемлекеттiк айыптау “егер Өтембаев ұрып‑соқ демегенде, онда қылмыс жасалмас едi” дейдi. Айыптау осыған негiзделедi. Тарихқа шарттылық тән емес. Десек те сол уақытта қылмыс дәл осындай әдiспен болмаса да, басқа жолмен жасалып, онда Алтынбек немесе басқа бiреу құрбан болар ма едi деген мәселе туындайды. Мен дәл осылайша бәрiбiр қандай да бiр қылмыс жасалар едi дей аламын. Кеше ағам “Республиканың” сайтында Кетебаевтың мақаласы жарық көргенiн, онда сол жылдары Әблязовке қарсы қастандық дайындалғанын айтып бердi. Ол да саяси қарсылас болды. Мен Тәжинге немесе Әбiқаевқа, не болмаса Алтынбекке қастандық басқа бiреудiң қолымен дайындалғанын жоққа шығармаймын. Себебi оқиғаның тiзбегi осылайша өрбiген. Өйткенi 2005 жылы ахуал қатты асқынған едi. Көпшiлiк Рахаттың бiтiспес жаулары кiм екенiн жақсы бiлдi. Рахаттың өзi де өз ортасында Сәрсенбайұлын, Тәжин мен Әбiқаевты жауы ретiнде айтып жүретiн. Сондықтан бұл оқиға болмаса, басқа оқиға болар едi. Олай деуге негiз бар. Сөзiмдi осымен аяқтасам деймiн.
Редакциядан: «тапсырыс берушiлер» делiнген Р.Әлиев пен А.Мұсаевтың не айтары бар? Бұл сұраққа таяуда жауап аласыздар, қадiрлi оқырман.
"Жас Алаш" газеті