Мен Шахкәрім қолжазбасын қорғаған соңғы адам болайын...
2013 ж. 12 желтоқсан
4326
12
Алтайдан хат
Енді қолжазбаны сақтау мен зерттеу сіздердің, болашақ ұрпақтың борышы!
Мен ұлтымыздың ұлағатты тұлғасы,халқымыздың бір туар ұлы Шахкәрім Құдайбердіұлының қолжазбасы туралы пікірлерді оқып келемін. Қолдарыңыздағы қолжазбаны осы күнге жеткізіп сақтадым дегеннен гөрі, сонау алма – ғайып қиын заманда қорғап қалдым дегенім дұрыс болар. Себебі, аумалы-төкпелі сол дәуірдің «ғұламаларына» мұндай қолжазбаны көрсету қолжазба үшін де, өзімнің өмірім үшін де үлкен қатер, кешірілмес күнә болар еді. 1. Ұлтымды осы аумалы-төкпелі заманнан қалай аман-есен алып шығамын деп жүрген өз заманының Асанқайғысы Шахкәрім қажы А. Байтұрсынұлының қазақ халқына жасап берген алфавитін сол тығырықтан шығаратын жолдың бірі ретінде қарайтыны сөзсіз. Бұл жаңалықтың бірінші қолдаушысы әрі жаршысы ретінде, А. Байтұрсынұлы алфавитін бірінші болып үйренетіні де даусыз. Сондықтан да, қолжазбада А. Байтұрсынұлы алфабиті қолданылған деп, қолжазба Шахкәрім қажыныкі емес деу - асыл мұраға селқос қарағандық. 2. «Ей, Қатағанның хан Тұрсын» деген Шалкиіз жыраудың жыры мен «Қанжығалы қарт Бөгенбей батыр қайтыс болғанда Үмбетай жыраудың Абылайға айтқан жыры» - бұл екі жырдың Шахкәрім шығармаларының арасында бірге жүруі бізді ешқандай бөтен ойға салмауы керек. Қайта бұл жырауларымыздың жырларының қажының шығармаларының арасында жүруі, қолжазбаның көшірме нұсқа емес екенін дәлелдей түседі. Шахкәрімнің екі жыраудың жырына арнаған өлеңінің ретімен, әрі жырдың соңынан келіп тұруы да соны көрсетеді.Ол заманды көрмеген адамға бұны түсіндіру қиын. Қағаз тапшы, емге таппайсың. Жақсы жырды жазып қою қажы үшін таңданарлық іс емес. 3. Қолжазба нағыз шығармашылық үстіндегі асығыс сүйкеп жазылған жазумен тұр. Егер біреу көшірген болса оны асықпай, баптап отырып жазар еді. 4. Мен жазушы Уахап Қыдырханұлының пікіріне қосыламын (ал Уахап Қыдырханұлы мен ұсынған қолжазбамен салыстырған «Қалқаман-Мамыр» дастанының қолжазбасын көрмедім.) Мен бұл қолжазбаны қорғаған соңғы адам болайын. Енді мұндай күн халқымыздың басына түспесін. Ал, мына бейбіт заманда қолжазбаны сақтау мен зерттеу сіздердің, болашақ ұрпақтың борышы! Шетелде жатсам да, көрнекті мемлекет қайраткері, рухани дүниенің маңызын терең түсінетін рухты азамат Иманғали Тасмағамбетов інімнің Тәуелсіз еліміз үшін сіңіріп жатқан ерен еңбегін жақсы білемін. Бұл қолжазбаның қадірі мен құнын біліп, ұлтымыздың болашағындағы маңызын түсініп, 76 жыл бойы осы күнге дейін сандықтан шықпай келген бір дәуірдің жүгін арқалаған киіз кітаптың бағын ашар деген ойдамын. Барлығыңызға дұғай сәлем!!!
Құрметпен, Көбен АСҚАРҰЛЫ,
Шахкәрім Құдайбердіұлының қолжазбасын
сақтаған төртінші адам, ақын.
Қытай Халық Республикасы, Алтай қаласы