Бесіктен белі шықпай, бесік тербеткен қыздар көбейіп барады

ghitbcMdcI4Жыл емес, ай да емес, күн сайын дамушы елдерде жасы 18-ге толмаған 20 мың қыз оң жақта отырып босанып қалады екен. Бір күннің көр­сет­кіш мөлшері – осы, ал бір жылда олардың саны орта есеппен 7,3 миллионнан асып жығылады. Бұл бергі жағы, яғни 18 деген сәл де бол­са бойжеткен шақ десек, әлемде әлі ана сүті аузынан кет­пеген 15 жасқа жетпей де аяғы ауырлап қалатын өрім­талдар саны жылына 2 мил­лионды құрайды. Дабыл қа­ғар­лық жағдай, себебі дәл осы қарқынмен үдей түссе, он­да 2030 жылға қарай 15-ке де тол­май бала туушылар са­ны жы­лына 3 миллионды құ­рай­тын болады деген қауіп мол.  Мұндай деректер мен дәйектерді БҰҰ-ның UNFPA қоры алға тартады. Ғалам­зат­тық мәнге ие бұл проблема жайлы мың айтқаннан гөрі сондай тағдыр иесін көзбен көрсеткен жүз есе тиімдірек деп санаған аталған қор жорналшылар мен еліміздегі түрлі ЖОО студенттері және мектеп оқу­шы­ларын жүкті жасөспірім жайындағы көркем фильмге шақырды. «Тоқы­ма­ша­лар» деп аталатын француз фильмінің басты кейіпкері Клэр тағдыры өте аянышты еді, шынында. Жасы әлі 17-ге де толмаған өрімдей қыз бойына бала бітіп қалғанын бес ай дегенде бір-ақ біледі. Алдымен ар алдындағы азап, сосын ата-ана, қала бер­ді, сыныптастар мен жалпы жан-жағын қор­шаған қоғамның қаптаған ызғарынан бір басын қоярға жер таппай қиналған қар­шадай қыздың жағдайына бей-жай қарау мүмкін емес. Себебі ол жалғыз емес, яғни жоғарыда көрсеткеніміздей, бесіктен белі шықпай, бесік тербеткендер жер бетінде бүгінде миллиондарды құрайды. Алаңдар­лық мәселе ме? Әрине! Себебі жұмыр жерді шарпыған бұл қатер қазақ қыздарын да айналып өте алмаған. Жы­лы­на жасы 15-ке толмаған қазақтың екі мың қаракөз қызының аяғы ауырлап қалады екен. Бұл бізге мәлім, яғни тір­кел­ген­дері ғана. Бұл көр­сет­кіш қалада тұра­тын, ауқатты отба­сынан шыққан әрі жақсы білім алған қыз балалардан қарағанда, кедей әрі ауылды жерде тұратын отбасында тәрбиеленген балаларда әлдеқайда жоға­ры екен. Әрине, дүниеге сәби әкелгеннен артық бақыт бар ма, алайда жасына жетпей жүкті болудың пайдасынан гөрі зияны басым. Қазақтың ежелден «қызға қырық үйден, қала берді есіктегі күңнен тыйым» деуінде үлкен астар жатқан-ды. Алайда адамзаттың бәрі қазақ емес, жер бетінде әртүрлі ұлт өкілдері тұрса, «әрқайсысының салты әр басқа, иттері қара қасқа» екені анық. Алай­да қазақтың да қазақ болып сол ата салтына, айтқан тыйымына мән беріп, құлақ асып жатқаны шамалы ғана. Атам қазақ қызды бетімен жіберудің соңы тек қазаққа ғана емес, түбінде адам баласына қандай қауіп-қатер алып келетінін сонау бір кез­дерде білген. Десе дейтіндейі бар, «бүгінде дамыған елдерде жыл сайын 70 000 өрімтал жүктілік кезінде немесе тоғыз ай көте­ріп, босану үстінде көз жұмады» – дейді БҰҰ ның UNFPA қоры. БҰҰ UNFPA қорының Атқарушы дирек­торы Бабатунде Осотимехин он екіден бір гүлі ашылмай аяғы ауырлап қалған қыздар жөнінде бір сөзбен: – Балиғатқа толмай құрсақ көтеру қыз­дардың бағынан гөрі сорына айна­лады. Көбісі кірерге тесік таппай, орта жолдан жүктілікті үзуге мәжбүр, кейбірі, тіпті тастап та кетіп жата­ды. Арғы тағдыры тұманды екені белгілі. Баланы туайын десе қалай бағады, тумаса жасанды түсік жасатады. Ал оның тіпті сора­қы­лық­қа, яғни балғын жастың өз тамы­ры­на өзі балта шабуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан бала туудың да өз жасы бар. Әр нәрсе өз кезінде...  «Он үште отау иесінің» заманы өткен... «Мешкей деген жақсы ат емес», яғни біз бұл деректерді мақтану үшін айтып тұрмағанымыз белгілі. Ендеше, неге? Бір бастан екі бас артық, әсіресе осындай ғалам­заттық мәселе көптің талқысына салын­бай шешілмейді. Себебі ол проблема айдалада жүрген жоқ, қызы бар әр үйден табылуы әбден мүмкін. Құр әншейін «Бетін аулақ қылсын» деп қойып, қам-қарекетсіз отыру бөлек те, отбасы, мектеп, дәрігер, психолог болып, тұтас қауымның «мәселені майшаммен қарауы» тіпті бөлек. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінде екіншісінен гөрі біріншісі, яғни «Құдай сақтасын» деп қойып, көз алдында қызын бетімен жібер­ген­дер көп болып тұр ғой. Әйтпесе «әй дейтұғын ажа, қой дейтұғын қожасы» бар қоғамның қыздары 15-ке толмай, оңды-солын танымай құрсақ көтермесі анық еді. Бұл бір десек, екінші бір мәселе – жасына жетпей жыныстық қатынасқа түсу мен қыз қабағына ауыр мұң, аяғына құрсау түсуінің себептеріне үңілуіміз шарт. Мұның ең бірінші себебі – көбіне көп әлеуметтік тұр­мыс­тың төмендігі. Себебі ауқатты отба­сында өскен қыз балалардың арасында мұндай фактілер өте сирек ұшырасады неме­се олар басына түскен ондай абырой­сыз­дықты араағайындық немесе ақшаның күшімен жауып тастауы да ғажап емес. Десек те, 15-ке толмай сәби сүйгендердің көбі ерікті түрде ол шешімге бармайтыны айтпай-ақ түсінікті секілді. Яғни үріп ауызға салғандай үлбіреп тұрған қыз байғұстың кедей қоғамда немесе тұрмысы төмен отбасында тууы сорына дегізетін фактілер жоқ емес. Алайда зорлық болмай-ақ бала жастан екеуді үйлендіру ата салты сана­латын елдер де бар. Соның ең біріншісі мем­лекеті жоқ босқын жұрт – сыған. Мем­лекеті жоқ болғандықтан, олар Албания мен Сербияда және басқа да елдерде көптеп кездеседі. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, 2011 жылғы деректерде 13-17 жас ара­лы­ғында отау құрғандар саны Албанияда – 31 %, Сербияда 44%-ды құраған. Сон­дай-ақ бұл көштен Қырғызстан да құр қалмаған, яғни қырғыз қыздарының 12 %-ы 18-ге толмай күйеуге шығып, сәби сүйіп үлгереді екен. Қазақ та бұрын «он үште отау иесі» деген салтты ұстанғанын ескерсек, аталған елдердің әлі де сол даму деңгейінде екенін аңғару қиын емес. Бұл бала жастан жыныстық қатынасқа түскендерге бей-жайлық танытуы, тіпті өз еріктерімен үйлендіру фактісіне мысал болса, жасөспірім шақта жүкті болудың келесі бір себебі – мектеп пен орта кәсіптік білім беретін оқу орындарындағы тәрбие жұ­мысының дұрыс жолға қойыл­ма­ған­дығы. Себебі бар ынтасы білімге ауған, мектепті толықтай бітірген қыздардың бұл қауіпке ұшырауы екіталай. Болса да некен-саяқ. Яғни әлі өзінің бесіктен белі шықпай жатып, бесік тербеткендердің дені білім­сіз­дер деуге толық негіз бар. Әйтпесе көзі ашық қыз бала, жалғыз қыздар емес, бозба­лалар да күн сайын 20 000 жас­өс­пі­рім­нің аяғы ауырлайды десек, солардың 200-і жүктілікті көтере алмайтынын оқып, біліп, адам өміріне соншалық көз жұма қарай алмас еді. Ендеше, қашан да қор­даланған мәселенің барып тірелетін жері қараңғылық болып шыға келеді. Қырғыздың Джипара есімді 17 жасар қызы­ның мына сөзінен зор өкінішті байқа­мау мүмкін емес: – Неге екенін білмеймін, мен бала тусам, есейемін деп ойлап, соған жет­кенше асықтым. Енді сол ессіздігімнің залалын тартып отырмын. Расында, есім енді кіргендей, тіпті селк етіп оян­ған да сияқтымын. Бір кездері қашқан мектебімді сағынып, оқу керектігін енді ғана түсін­дім. Адам болып, бір нәтижеге жету керектігімді ұқтырған кішкентай ұлым. Бірақ менің өмірге келудегі бар мақсатым – тек «жаялық жуу» емес, сон­дықтан қалайда оқып, білімімді ұлғайтып, өзім секілді ойланбай от бас­қан қыздарды оятуым шарт. Опық жеу оп-оңай!

Мәриям ӘБСАТТАР