POS-терминал – бос терминал болып қалмай ма?
2013 ж. 11 қараша
2362
0
Биылғы жыл салық саласындағы өзгерістерге толы болып отыр. Кеше ғана пәтер мен автокөлікке салынатын салықтың еселенгеніне бір шулап едік, енді шағын және орта бизнес нысандарының жаппай POS-терминал орнатуы өзекті мәселелердің біріне айналып тұр. ҚР «Ақша төлемi мен аударымы туралы» Заңының 11-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне сәйкес, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өз қызметтерін жүзеге асыратын жерлерде төлем карточкалары арқылы төлемдерді қабылдауға арналған жабдықтарды орнатуды қамтамасыз етуге міндетті.
2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бұл заң сауда және ақылы қызмет ұсынумен айналысатын барлық кәсіпкерлерге қолданылады. Егер қызмет көрсетудің осындай түріне мойынсұнбаған болсаңыз, төлер айыппұлыңыз да аз емес. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап POS-терминал құрылғыларын қолданбау жеке кәсіпкерлерге 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), заңды тұлғалардың кіші бизнес субъектілері үшін 40 АЕК, орта бизнес субъектілеріне 60 АЕК, ірі бизнес субъектілеріне 80 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қондырғының әкелер пайдасы мен шығынын саралап жатпай, айыппұлдың мөлшерін белгілеп қойдық. Салық комитеті кейбір кәсіпорындарға айыппұлды салып та үлгерді. Жаңа заң бойынша кәсіпкерлердің қаржылық айналымына қарамастан, бәрі бірдей POS-терминал орнатуға міндетті. Қызметтің бұл түрінің артықшылықтары ретінде бірнеше жағдайды ұсынып отыр. Яғни, қолма-қол ақшаға қатысты қажетсіз мәселелер туындамайды, ұзын-сонар кезек болмайды, жалпы алғанда төлем карточкасын пайдалану анағұрлым қауіпсіз дейді ұсынып отырған тарап. Бұл тәжірибенің салық салу жүйесі үшін аса қолайлы екендігі белгілі. Бірақ, кемшіліктері де жоқ емес. Карточкамен төлем жасау жүйесінде жетілдірілмеген тұстары көп. Бұған кәсіпкерлер де дайын емес. Оның үстіне шағын және орта бизнес үшін мұндай терминалдарды орнату қалтаға әжептәуір салмақ салады. Сауда нүктесіне бір POS-терминал орнатудың құны орта есеппен 100 мың теңгеге барады. Қостанай өңірінде құрылғыны орнатуға байланысты түрлі пікір айтылды. «Ақ жол» демократиялық партиясы бірнеше сұрақтың басын ашып алуды ұсынып отыр. Ең алдымен, POS-терминалды кім орнатады, Ұлттық банк пе, әлде, жеке ұжымдар ма? Дамыған елдер бұл жүйені қанша жыл қолданып келе жатыр, тіпті, бүгінгі күнде көптеген елдерде қоғамдық көлікті пайдаланудың өзі карточкалық жүйеде жүзеге асуда. Егер біз осындай алға жылжушылыққа жетеміз деп талпынсақ, терминалды орнатуды кімге жүктейтінімізді шешіп алуымыз қажет. Егер қолданысқа ұсынған ұсынымызды бір жүйеге келтіріп, дұрыс механизм құрып алмасақ, POS-терминалымыз – терминал болып жүрер... Қостанай облысында соңғы деректер бойынша, 5000-ға жуық үлкенді-кішілі дүкендер бар. Соның қазір 1353-інде POS-терминал орнатылған. Ол құрылғылардың 80 пайызы сауда-саттық жерлерде қойылған. Енді айыппұлға ілініп қалмауымыз үшін әлі қаншамасына орнатып үлгеруіміз керек. Осындай мәселелердің алдын алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Бірыңғай процессинг орталығын құруды ұсынып отыр. Бұл жобаны жүзеге асырған кезде банктерден карточкалық бизнестің ең шығынды бөлігі (эквайринг желісін құру және қолдау) кетеді, ол банктерге негізінен қаржы қызметін көрсетуге баса назар аударуға мүмкіндік береді, сондай-ақ, оларды қызметтің банкоматтар және POS-терминалдар желісін техникалық қолдауға және сервистік қызмет көрсетуге байланысты қызметтің басқа саласынан босатады. Бұл ретте банктер эквайринг қызметінен алынған қаражатты маркетингке, өнімдік желіні дамытуға, жаңа бөлімшелер ашуға, жеке қаржы қызметі спектрінің сапасын арттыруға және кеңейтуге пайдалана алады екен. Ұлттық банк ұсынып отырған Бірыңғай жүйе шетелдік кәсіпкерлерге 10 пайызбен инвестиция құю арқылы жетістікке жетеді деп отыр. Алайда, бұл жағдайды еліміздегі екінші деңгейлі кез келген банкі жасай алады. Ендігі кезекте «Аузы күйген – үрлеп ішеді» дегенні ескеру қажет...
Ғабиден БЕКМАҒАМБЕТОВ, «Ақ жол» ҚДП ҚОФ ұйымдастыру мәселелері жөніндегі маманы Гүлнұр ӨМІРЖАНҚЫЗЫ, өз тілшіміз, Қостанай облысы