Букмекерлік кеңселер – құмар ойындар орталығы

ladbrokes4Құмар ойындар алаңына айналып бара жатқан букмекерлік кеңселерді жою қажет. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Лотереялар және лотереялар қызметі туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында депутат Рауан Шаекин осылай мәлім етті.

Заң жобасының тұсаукесері барысында сөз алған депутат Рауан Шаекин құжатта көрсетілген лотерея нарығына ұлттық оператор енгізумен тұжырымдамалы түрде келісуге болмайтынын алға тартады. «Ұлттық оператор не үшін керек? Ертеңгі күні бұл оператор нарықтағы басқа ойыншыларды «тұншықтырып», біз саланың ашықтығын бақылай алмай қаламыз. Дұрысы - заң арқылы бәріне бірдей жағдай жасап, бәрінің жұмысын ашық ету», - дейді депутат. Оның пайымынша, Қазақстанның лотерея нарығына ұлттық оператор енгізу халықтың осы салаға деген қызығушылығын арттыра алмайды. «Қазақ халқының тумысынан лотерея ойнайтындай менталитеті болған жоқ. Қазақтар салмақты, жеңіл ақшаға жоқ, құмар ойынға да бара бермейді. Сондықтан да, лотерея нарығының дамымауын ұлттық оператордың жоқтығынан емес, біздің менталитетімізден көргеніміз көңілге қонымды. Егер шынымен спортқа, қоғамға игі іс жасағымыз келсе, онда бұл заңды қабылдамай-ақ, оның орнына елдегі қаптаған букмекерлік кеңселерді жою керек. Бұрын казино мен ойын автоматтарына уланғандар қазір осы кеңселерден шықпайтын болды. Міне, осыларды құрту керек. Сонда ғана барып, лотереяға жол ашуға болады деп ойлаймын. Біз лотерея арқылы инвестиция салып, спортты дамытуды қолдаймыз. Алайда, букмекерлік кеңселерді құртпай тұрып, лотереяны дамыту әсте мүмкін емес. Сосын идеология жағын да күшейтуге тиіспіз», - дейді депутат Р. Шаекин.

  Оның пайымынша, қазіргі букмекерлік кеңселер құмар ойындар алаңына айналып барады. «Бұл ешкімге құпия емес. Бұл - азарт ойындарының бүркеншек көрінісі», - деді ол.