Бизнестің қаржысын бас пайдасына жарататын басшылар бар

photo_105621 (1)Еліміздегі кәсіпкерлік нысандарына құзырлы органдар тарапынан жыл сайын шамамен 100 мыңдай тексеру жүргізіледі екен. Ағымдағы жылдың өзінде оның 10 мыңдайы тиісті заң талаптарын бұза отырып іске асырылғаны анықталды. Ал 2 мыңнан астам тексеру заңға мүлде қайшы болғандықтан прокуратураның араласуы нәтижесінде тоқтатылған. Осындай оспадарсыздықтан кейін кәсіпкердің ісі қайбір оңсын?! Таяуда Үкіметтің құрамымен өткізген кеңесінде Елбасы Н.Назарбаевтың барша тексеруші органдарға қарата айтқан реніші мен сыны әлгіндей белден басқан әрекеттерден салдарынан туындағаны түсінікті. Кеше елордада Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасының бизнесті қорғау жөніндегі тапсырмасына орай баспасөз мәслихатын өткізген Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов пен Өңірдік даму вице-министрі Серік Жұманғарин тоғыз айда атқарған жұмыстарымен таныстырды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына жауапты Өңірлік даму министрлігінің өкілінің мәлімдеуінше, мемлекет тарапынан қолға алынған шараға 36 мыңнан астам кәсіпкер тартылып, 58 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылыпты. Сондай-ақ 170 мың жұмыс орнын қысқартпай сақтап қалуға мүмкіндік туған. Әрине ол үшін кәсіпкерлер ұсынған 3376 жобаны субсидиялауға қазынадан 810 млрд 400 млн теңге жұмсалыпты.Ісін жаңадан бастаған 137 азаматқа 408 млн теңге көлемінде грант таратылған. Бұл бағдарлама басталғаннан бергі нәтиже. Ал ағымдағы 9 айда 55,5 млрд теңге 496 жобаны қаржыландыру үшін ұсынылып отыр. 113 жобаға кепілдеме беру үшін 2,5 млрд теңге тағы да бөлінген. «Кәсіпкер атанғысы келетін азамтарды да үйретіп жатырмыз. 791 топ менеджер «Назарбаев университетінде» оқыды, 85 кәсіпкер Германияға, 107-і АҚШ-қа барып білімн жетілдіріп қайтты. Ал кәсіпкерлікті қолдаудың ең тиімді бағдарлама «Бизнестің жол картасына» үш рет өзгеріс енгізілді. Енді төртінші рет өзгертудің ұсыныстарын жинақтап, жақын күндері Үкіметтің алдына қоямыз. Президент таяудағы кеңесте кейбір өңірлерде несиелер мен гранттардың мүлде аз таратылатындығын сынады. Оған бірнеше себеп бар. Аудандағы кәсіпкерлердің кепілге қоятын мүлкі болмағандықтан екінші деңгейлі банктер тәуекел етпейді. Соның салдарынан Батыс қазақстан облысындағы 12 ауданның 7-де ғана, Шығыс Қазақстандағы 19 ауданның 9-да, Қарағандыдағы 17 ауданның, 11-де, Маңғыстаудағы 6 ауданның 3-де ғана жаңа жобаларға бағдарламаға сәйкес қолдау білдірілген» – дейді, С.Жұманғарин. Жарайды, солай-ақ болсын. Өз алдына жеке кәсіп ашудың азабы мен қияметін жылы кеңсе мен тұрақты жалақы алып отыратын шенуніктің түсінуі қиын. Тіптен керек десеңіз өз шаруасын дөңгелетіп, оншақты отбасының жұмыс орнын қалыптастырған азаматты барынша қолдаудың орнына қайта тынымсыз тексерп, кедергі келтіріп ұсақ-түйек кемшіліктерін қазбалап оны жабу үшін пара дәмететін лауазым иелерінің лас тірлігі елге құпия болудан қалғаны қашан?! Бұл сөзімізді Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов та қуаттайды. – Кәспкерлік туралы заңдарды бұзып жүргізген 10 мыңнан астам тексерудің деректерін жою үшін 1233 қадағалау актісі енгізіліп, прокурордың наразылығы нәтижесінде 993 акті бұзылды. 11 мыңнан астам бизнес нысанының құқы қорғалды- дейді, Бас прокурордың орынбасары. – Биылғы 9 айдың өзіндегі 2 мың заңсыз тексеруді анықтап, мезгілінде тоқтаттық. Оны белгілеген 200-дей лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Бұлардың 90 пайызы санитария және эпидемиология, төтенше жағдайлар, ветеринария және экология саласының қызметкерлері. Алайда бір ойлантатын мәселе, прокуратура заңсыз тексеру жоспарлаған қызметкерге шара көру жөнінде тиісті басшыға ұсыныс бергенімен, кейіннен белгілі болғандай лауазым иесі қарамағындағы қызметкерді жеңіл-желпі жазамен немесе мүлде шара көрместен жылы жауып қоя салады екен. Енді біз осындайларды анықтауға кірісіп жатырмыз. Сірә, прокурорлардың өзі шара көруді талап етіп отырған сәтте заң бұзған қызметкерін қорғаштауына қарағанда басшының өзі астыртын байланысы бар демеске лаж жоқ. Себебі кез-келген тексеру құзырет иелерін көлденең табысқа кенелтетіндігі жасырын емес. Әйтпесе жылына 100 мыңнан астам тексеру деген не сұмдық? Мемлекет басшысы түбінде нарықтық қоғамның талабына көшіп, бюджет түсімінің 50 пайызы шағын және орта кәсіпкерліктен түсуі керек екендігін үнемі айтады. Дәл сондай жүйеген негізделген Оңтүстік Корея, Жапония, Малайзия елдерін мысалға келтіруден шаршаған емес. Ал бізде қазір бизнестен қазынаға түсетін салық 20 пайыздың төңірегінде. «Бизнестің жол картасы» сынды жалғыз бағдарлама арқылы кәсіпкерлерге соңғы екі жылда 800 млрд теңгеден астам қаржы тартылса да тірлігіміз неге алға баспай тұр? Әрине, мұның басты себебінің бірі-жемқорлық. Жол картасы бойынша бизнеске арналған қаржының өзі талан-таражға түсіп жатыр… Прокуратураның анықтауынша, Қызылорда облысында әлі құрылысы да басталмаған «Сыр Цемент» зауытының сыртқы инженерлік желілер құрылысы үшін 1,1 млрд теңге бөлу жөнінде өңірлік үйлестіру кеңесі шешім қабылдап жіберген. Кәсіпкерлікті сылтауратып бюджеттен қаржы бөлдірту оқиғалары Жамбыл мен Қарағанды облысында да кездескен. Кейінгісінде Елбасы ескерткен ұшақ жасау зауытына да қазынадан 1,5 млрд теңге жұмсалғанымен, бірде-бір ұшақ ұшпай, қайта қаржы желге ұшып кетіпті. Әрине, фактілерге байланысты қылмыстық іс қозғалып жатыр. Осындайда еске түседі, кейінгі жылдары көптеген облыс әкімдері мен министрлік жетекшілері қас пен көздің арасында зауыт құрастырып, Елбасыға лентасын қидыртуды әдетке айналдырып алды. Бақсақ, мұның сыры басқада екен. Әлгіндей кәсіпорынға бағдарламаның есебінен миллиондаған теңгені аудартып, арада 4-5 айдан соң «шикізат таусылды, сұраныс тумады, шетелдік әріптестер алдап» кетті деген секілді мың сан сылтаумен жауып тастайтынын қайтерсіз?! Мұндай мысалды әрбір облыстан оншақтысын келтіруге болады. – Біз аталған мәселеге байланысты жеке тексеруді бастадық. Ешқашан жүрмеген немесе санаулы уақыт ғана іске қосылған өндіріс орындарына бюджеттен қыруар қаржы бөлу фактілері табылып жатыр. Мұның деректерін жеке жариялаймыз, – дейді, Бас прокурордың орынбасары. Демек таяу күндері бизнестің қаржысын бас пайдасына жаратқан лауазымды тұлғалардың аты-жөнін естуіміз мүмкін. Әзірге заңсыз тексеруді тоқтату үшін Прокуратура жанынан мобильді топ құрылып, жедел іске кірсуді жолға қоюда. Топқа биылғы 9 айдың өізнде 758 қоңырау түсіпті. Енді интернетпен де жұмыс істеуге көшіп, кез-келген тексерудің заңдылығы жөнінде 1012 нөміріне смс жіберіп немесе 115 нөміріне қоңырау шалып, анықтауға болатындай етіп, жағдай жасауда.

Бейсенбай Дәулетұлы