Қазақстанда әйелдер денсаулығын қорғау науқаны басталды

1359724223Қазақстанда 23 қазан мен 3 қараша аралығында Дүниежүзілік денсаулық ұйымының (ДДСҰ) қолдауымен «Әйелдер денсаулығын қорғау» ұранымен онкүндік өтіп жатыр. «Қатерлі ісік ауруларының қазіргі кезде күрделі мәселе екендігі, яғни осы індет еліміздегі өлім-жітім себептерінің бірі болып отырғандықтан аталған онкүндік аясында әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар жөнінде ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізіледі»,-деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева . ДДСҰ мәліметіне қарағанда, жыл сайын әлемде сүт безі обыры дертіне шалдыққан 1,4 млн. жағдай анықталып, 460 мыңдай өлім-жітім тіркеледі. Осыған орай жылда қазан айында дәстүрлі түрде қатерлі дертке қарсы іс-шаралар ұйымдастырылады. Онкүндік барысында дәрігерлер тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ медициналық қызметкерлер үшін семинарлар мен тренингтер, ал емханаларда «ашық есік» күндері өткізіледі. Бұған қоса ата-аналармен, педагогтармен, жасөспірімдермен кездесулер ұйымдастырылады.