Аймақтағы айтулы жетекші
2013 ж. 21 тамыз
3124
0
«Ақ жол» ҚДП ОҚО филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің Бас директоры Анарбек Орманға сенім білдіріліп, ол партия филиалының төрағасы болып сайланған болатын.
Анарбек Оңғарұлы сайланған бір жыл мерзімнің ішінде кісі қызығарлықтай, атап айтарлықтай шалымды шаруалар атқарда. Филиал жұмысының тиянақты тәртібі, филиалы туралы пәрменді Ережені әзірлеп-бекіту, партия қызметкерлерінің нақты міндеттерін анықтау, іс-шаралар тізімін белгілеу, сапалы кадрлар мәселесі, материалдық-техникалық базаны нығайту – бәрі-бәрі қайта қаралды. Зерттелді. Сараланды. Жүйеленді. Бос сөз, құр уәде, «Ұзын арқан, кең тұсау» әрекеттің тамырына балта шабылды.
Еліміздің ең биік парламенттік мінберінен орын алған «Ақ жол» партиясының беделіне нұқсан келмей, атына артық сөз айтылмауы керек. Рас, «Біз өйтіп едік, біз бүйтіп едік» дегізіп, Анарбек Оңғарұлының өзіне де сөйлетуге болар еді. Бірақ, біз бұл жолы жүрісті сәл-пәл өзгерттік, әдіс-тәсілдің тың жолын қаладық. «Халықтан асқан сыншы жоқ» деген ұлықты қағидаға сүйеніп, қоғамның қалың өкілдеріне сөз бердік. Сонымен...
Уәлихан СҮЛЕЙМЕНОВ, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Анарбек Орман – «Ақ жол» демократиялық партиясының Оңтүстік Қазақстан облысы филиалының төрағасы. «Ақ жол» бүгінде Парламенттен орын алып, жемісті еңбек етіп келе жатқан партиялардың бірі. «Ақ жол» әу баста оппозициялық партия ретінде дүниеге келді. Әлі де сол рөлін атқаруда. Халықтың, оның ішінде, бизнеспен айналысатын азаматтардың жоғын жоқтап, тиісті дәрежеде қамқорлық жасайтын, биліктің халыққа оң көзқарасын қалыптастыру жолында белсенділігі өте жоғары партия, деп білемін.
Шымкент қаласында тұратын 50 мыңнан астам ардагердің атынан айтарым, біз Анарбек Орманға ризамыз. Себебі, ол қала әкімі болып қызмет атқарғанда-ақ ардагерлерге көп қамқорлық жасады. Барлық уақытта тыныс-тіршілігімізге көңіл бөліп, жиналыстарына шақыруды ұмытпайтын. Ал, қазіргі таңда «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің Бас директоры ретінде соғыс және тыл ардагерлеріне ай сайын 5 текше метр ауызсуды тегін беріп отыр. Бұл игі һәм қайырымдылық іс сонау 2004 жылдан бастау алғанын айта кеткен абзал.
Анекеңнің жаны жомарт, қолы ашық. Әрқашан жаныңа жалау болуға дайын. Өте іскер. Жұмыс істеу қабілеті зор. Әбден ысылған басшы. Өз басым, әрбір ісі мақтауға тұрарлық Анарбекті халық үшін туылған адам, деп есептеймін. Біз ол кісіге ұзақ өмір, шаңырағына амандық тілейміз.
Байдулла ҚОНЫСБЕК, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы:
– Анарбек қайда қызмет атқарса да, өзінің іскерлігімен және білімпаздығымен, сол істің үдесінен шығатындығымен ерекшеленеді. Шымкент қаласына екі мәрте әкім болды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды. Осы лауазымдарды атқара жүріп, облыс экономикасы мен мәдениетін өркендетуге аямай тер төкті. «Еңбегі жемісті болды» десем, еш қателеспеймін.
Бұдан бөлек, Анекең – халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің ұңғыл-шұңғылын меңгерген маман. Шымкент қаласы тұтынып отырған ауызсу – ең таза және ең мөлдір су. Қай кезеңде де тұрғындардың ауызсудан қағылған жері жоқ. Тіпті, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау шақтарда да Шымкент қаласы бойынша ауызсу бірде-бір рет проблемаға айналған емес. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ін басқарып отырған ол қазір де Шымкенттің ауызсуына жауапты.
Анарбек – іскерлігі мен жұмыстың көзін таба білуінің арқасында әлдеқашан аяққа тұрған азамат. Халықтың қамын ойлап, оған қолайлы жағдай туғызатын, проблемалардың басы-қасында жүріп, мүмкіндігінше оның оң шешім табуына атсалысатын "Ақ жол" партиясының Оңтүстіктегі филиалын Анарбек Орманның басқаруы өте орынды, деп есептеймін.
Әбілда АЙМАҚ, Қазақстан Жазушылар Одағы ОҚО филиалының төрағасы:
– Мен, Анарбек Орманның кіндік қаны тамған жері Өзбекстан Республикасының Ташкент облысына қарасты Піскент ауданына арнайы барып, ол туралы үлкен кітап жазған адаммын. Ол кісінің бойындағы маған қатты ұнайтын бір қасиеті – қазақтың ертедегі жыр-дастандарына айрықша құмарлығы. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің бүкіл шығармасын жарыққа шығарды.
Анекең – Оңтүстіктің арғы-бергі тарихына байланысты қомақты дүниенің елдің қолына тиюіне де бірден-бір себепкер болған адам. Мен: "Қазақтың рухын жоқтап жүрген бір адам болса, сол – Анарбек Оңғарұлы" дер едім. Әрине, Оңтүстік қалталы азаматтардан кенде емес қой, бірақ, «Елге, қазаққа болсын!» деген қағида тұрғысынан алғанда, дәл бұл кісінің қарқынына ілесетін пендені көрген жоқпын.
Сондай-ақ, Анекең – шаруашылықтың қыр-сырын әбден меңгерген маман. Шымкентке екі рет әкім болып тағайындалды. Екеуінде де бөтен сөзге ілінген жоқ. Қалың бұқараның мүддесі үшін орасан тірліктер атқарды. Негізі, алған бағыты айқын адам. Нағыз қазақы жігіт. «Қазақ» десе, «Қазақтың рухы» десе, ішкен асын жерге қояды.
Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты:
– Анарбек Оңғарұлының іскерлігін Шымкентті басқарған кезінде байқағанмын. Бүкіл қаланың тынысын сезетін азамат. Нағыз шаруашылықтың адамы ғой. Ол кісінің адамгершілігі қандай! Кіммен қалай сөйлесу керектігін біледі.
Әр партия өз қазанында өзі қайнап жатады. А.Оңғарұлы сол сеңді бұзды. «Ақ жол» партиясының аймақтық басшылығының тізгінін қолына алған соң, «Нұр Отан» партиясының беделді азаматтарын, билік өкілдерін бір үстелдің басына жинап, кәсіпкерлердің проблемаларын ашық ортаға салып, алқалы жиын өткізді. Ұсыныстарды хатқа түсіріп, республикаға жолдады.
Баршамыздың жұдырықтай жұмылып әрекет еткеніміз – осы Анекеңнің тұсында болды. Осыған дейін «Ақ жолдың» ОҚО-дағы филиалын кім басқарып, не тындырғанын білмейтін де едім. Осының өзі-ақ А.Орманның кім екенін айшықтап отыр емес пе?! «Ақ жолды» осыдан кейін өзге партияларды өзіне бәсекелес санамай, халық үшін, кәсіпкерлер үшін жұмыс істеп жатқан партия деп қабылдайтын болдым.
Нұркөз ЖАҢАБАЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:
– Анекең өте еңбекқор адам. Шымкентті басқарып тұрғанында таңғы сағат алты жарымда жауапты мамандарды жинап, жиналыс жасап, әркімге тапсырма жүктеп беретін. Алла Тағалам да еңбекке жаратылған адамды қолдап, қорғап жүреді ғой. Әрекеті әрдайым берекетке толы. Адамгершілігі өте мол.
Екі рет әкім болғанында да, облыстық мәслихаттың депутаты болғанында да араласып-құраластық. Өте іскер. «Заманның талабына сай менеджер» десем, қателеспеймін. Саясаткер. Қай лауазымның тұтқасын ұстаса да, өзін мейлінше қарапайым ұстайды Ауыл шаруашылығы министрлігінде Су ресурстары комитетінің төрағасы болды. Ешқашан асып-тасыған емес. Жүрісінен жаңылмайды. Қазір «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің Бас директоры. Облыс орталығын ауызсумен қамтамасыз етіп отыр.
Қайырымдылықты өте көп жасайды. Күнкөрісі нашар отбасыларға, мұқтаж жандарға үнемі қол ұшын созады. Мешіттерге де жәрдем беріп тұрады. Алайда, ол – «Оң қолың берген садақаны – сол қолың көрмесін» деген қағиданы қатты сақтайтын азамат
Ал, «Ақ жол» партиясының қатарын толықтырғалы бері талай өзгерістер болып жатыр. Естуімше, «Ақ жолдың» ОҚО-дағы мүшелерінің саны артты. А.Оңғарұылының еңбекқорлығының арқасында жергілікті филиалдың беделіөсіп келеді. Партия төрағасы Азат Перуашев Оңтүстікке жиі-жиі ат басын бұратын болды. Өйткені, Анекеңнің ұйымдастыру қабілеті зор, тәжірибелі. Атқарылған шаруаны елге көрсете де біледі. А.Орман филиал төрағасы болып сайланғалы «Ақ жолдың» осында филиалы бар екенін сезіне бастадық. Әрине, филиалда оған дейін де іскер жігіттер болды. Бірақ, Анекең «Ақ жолдың» бет-бейнесі мен келбетін жаңа, ерекше қырынан көрсетті деп санаймын.
Анарбек Орманды су ресурстары саласының маманы ретінде де мойындаймын. Себебі, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің жұмысын тек Қазақстан бойынша ғана емес, ТМД аумағында үлгі тұтуға болады. Ол басқаратын кәсіпорын еуростандарттарға сәйкес жұмыс істеуде. Үнемі ізденісте, жаңалыққа жаны құмар жан.
Шымкент бір қарағанда, кішкентай шаһар секілді, алайда, Еуропалық қайта құру және даму банкінің назарын аударып, жаңғыртуға, жаңа технологияға негізделген тірліктерді атқаруы – таңғаларлық жайт. Мұндай жұмысты бүгінгі таңда бірде-бір монополист істеп жатқан жоқ.
Марат САПАРБАЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:
– Анарбек Орман «Ақ жол» ҚДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалына төраға болып сайланғалы, бір жылдан енді асты. Бір жыл, рас, ұзақ мерзім емес, алайда, тірліктің көзін білетін адамдардың осынау уақыт аралығында-ақ талай шаруаны тындыра алатынына сенімдімін. Мен Анекеңді осындай іскер азаматтардың қатарына қосамын. Келген бетте-ақ партияның аймақтағы жұмысын жүйеге түсіріп, даму арнасын қалыптастыра алды. Ұйымдастырушылық қабілетке бай. Бірнеше мәрте конференция-мәжілістер өткізіп, партияның жұмысын ұршықша иіріп әкетті десем, қателеспеймін.
«Ақ жолдың» Оңтүстіктегі мүшелерінің саны да едәуір артты. Менің пайымдауымша, бұл – қараша халық пен партия арасындағы өзара түсіністіктің, тығыз байланыстың және өзара сенімнің, артылған үміттің ақталып жатқандығының нәтижесі. Халыққа арқа сүйеген партия ешқашан өзін-өзі жоғалтпайды. Бүгінде арыз-шағымын айтып, «Ақ жол» партиясының ОҚО-дағы филиалының ғимаратына бас сұғатындар көп. Партияның абырой-беделінің артуына А.Оңғарұлы қомақты үлес қосып жатыр, деп есептеймін.
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі:
– Қазір Қазақстандағы қай партияның беделі мен ықпалы зор және жалпақ жұрттың сеніміне қаншалықты ие екендігін бағамдау һәм сараптау аса қиын шаруа емес. Себебі, егемен ел болған 20 жылдан астам уақыттың ішінде саясат сахнасына талай партия шығып, талайы түсті.
Белгілі мақсат-мүдделер аясында жұдырықтай жұмыла күш біріктіргендерді де, «екі қошқардың басы бір қазанға сыймай», «ортақ өгізден – оңаша бұзауын артық» көргендерді де көрдік. Демократиялық мемлекет саналғандықтан, бәлкім, қазақ топырағында құрылған партиялардың алуан-алуан өзгерістерді бастан кешіруі заңдылық та шығар.
«Дүниені өзгерткің келсе – өзіңнен баста» деген халық даналығын басшылыққа алған Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Азат Перуашев төраға болып сайланғаннан кейін өз қызметінің ұйымдық, кадрлық, идеологиялық, интеллектуалдық негізін түбегейлі жаңартуды жүзеге асырды және өз дамуының сапалық жаңа деңгейіне көтерілді. Парламенттік партияға айналды.
«Ақ жолдың» аймақтардағы филиалдарының жұмысы да әлдеқайда шираған. Әрине, бұл ретте сол филиалды тізгіндеп отырған адамның да үлкен рөл ойнайтыны ақиқат. Мысалы, осыдан бір жыл бұрын «Ақ жол» ҚДП-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалына төраға болып Анарбек Оңғарұлы сайланған кезде бәріміздің де іштей қуанғанымыз рас. Өйткені, шын мәнінде парламенттік партия болу үшін «Ақ жол» еліміздің түкпір-түкпіріндегі әрбір отбасының, әрбір азаматтың тыныс-тіршілігінен хабардар болуы тиіс.
Ал, халықпен тығыз араласып, етене еңбек етуде А.Орманның көрген-түйгені мен мол тәжірибесі қажет-ақ еді. Шымкент сынды шаһарды екі рет басқару мәртебесі бұйырған және Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасы лауазымын абыроймен атқарған Анекең алғашқы күннен бастап-ақ филиалдың кадр, материалдық-техникалық база, жұмысты жүйелеу мәселелеріне ерекше ден қойды. "Сырт көз сыншы" ғой, бұрынғыдай емес, партиялық конференциялар мен мәжілістер, «дөңгелек үстелдер» де жиі-жиі өткізілетін болды. Ең бастысы, қарапайым халық мұң-мұқтажын айтып, әділдік іздеп, осында бет бұра бастады.
Бүгінде ОҚО бойынша 15 қала-ауданның белсенді тірлік атқарып жатқаны қуантады. Бір жылдың ішінде 3 мыңға тарта оңтүстікқазақстандықтың «Ақ жолдың» қатарын толықтыруы да тектен-тек емес. Мұның барлығы – А.Оңғарұлының елжандылығының, әрқашан бұқараның бел ортасынан табылатындығының арқасы. Ал, қайырымдылық шараларына келгенде, бұл азаматтың алдына түсетіндер некен саяқ...
Ермек АБАСОВ, «Атамекен» Одағы» Ұлттық экономикалық палатасы» ОҚО филиалының директоры:
– Анарбек Оңғарұлын тек жақсы қырынан танимын. Адамгершілік қасиеті өте мол. Шамасы жетіп жатса, көмегін ешкімнен аяп қалмайды. Нағыз азамат. Бизнестік ортада да үлкен беделге ие. Бәрі сыйлайды. Барынша іскер. Ылғи ізденісте жүреді. Жаңашыл. Жұмыс барысында жаңалық енгізгенді ұнатады.
Анекеңді жұртшылық мықты, сауатты саясаткер ретінде де мойындайды деп ойлаймын. Мәселен, «Ақ жол» партиясы бұрындары тек орталықтағы іс-әрекеттеріне байланысты ғана белгілі болса, қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалының жұмысы жандана бастады. Сан алуан өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығара отырып, Анекең облыстағы аузының дуасы бар, абыройлы кісілердің басын қосып, келелі жиындар өткізіп, оң нәтижеге бағытталған нақты қадамдар жасауда. Анекең сөздің емес, істің адамы. «Айтылған сөз – атылған оқ», айтты ма, соны орындау үшін барын салады. Ол кісінің ұғымында жай «өтті, кетті» дегендерге орын жоқ. Көлгірсу, көзбояушылық, қызыл сөз дегендерге жаны қас. «Ақ жолдың» науқаншыл емес, халықшыл партия екенін дәлелдеуде А.Оңғарұлының ықпалы мен үлесі зор.
Әз-ағамыз (Әзілхан Нұршайықовтың) «Көп біліп халқыңа пайдаң жоқ болғаннан, аз біліп пайдаңның тиегені мың есе артық» деген болатын. Сол сықылды, халқы алдындағы қарызын сезініп, келген адамның барлығына қолдан келгенше көмек көрсетуі, елі үшін игі істерге мұрындық болуы Анарбек Орманның азаматтығы. Кешегінің сарқытындай іспеттес Анарбектей сардарлардың саны әлі де арта түссе, ел еңсесінің биіктей берері сөзсіз.
Жазып алған: Назипа МАМЫҚ,
Оңтүстік Қазақстан облысы