«Эйр Астана» – әлемдегі әйдік әуе компанияларының бірі
Ғашықтар қаласы әсем Парижде маусымның 17-23-і күндері өткен Ле-Бурже 50-ші мерейтойы халықаралық авиасалонына «Эйр Астана» әуе компаниясының шығарылған Embraer 190 лайнері «үздік сервис» сыйлығымен марапатталып, «Орталық Азияда және Үндістанда ең үздік әуе компаниясы» құрметті атағына ие болды.
«Эйр Астана» – халықаралық әуе жолдарында ұшып жүрген ірі компаниялардан бастап, ішкі рейстерде жүрген шағын әуетасымалдаушыларға дейін 200-ден астам әуе компаниялары қатысқан үлкен додада жеңіп шықты. Осымен «Эйр Астана» компаниясы Skytrax агенттігінің халықаралық байқауының бесінші жүлдесін жеңіп алды. Компанияның мінсіз қызметі алғаш 2009 жылы 3 жұлдызды белгімен бағаланғанса, 2011 жылы осы санатта екінші орынға табан тіреген болатын.
Skytrax рейтингтік агенттігінің бағасы – әуе компанияларының жолаушы талаптарын қаншалықты қанағаттандыратыдығын айқын көрсететін негізгі тәсіл. Жеңімпаз авиакомпания жолаушылар арасында телефонмен сауалнама жасау мен онлайн-дауыс беру арқылы анықталады. Үздік әуе компаниялары 10 ай ішіндегі қызмет көрсетуінің сапасы бойынша белгіленеді.
«Эйр Астана» әуе компаниясының авиашоуға қатысқан Embraer 190 ұшағы – орта қашықтағы тар фюзеляжды жолаушы ұшағының Е тобы үлгісіне жатады. Ұшақтың жолаушыларының сыйымдылығы – 97 орын. Ұшу қашықтығы – 4200 шақырым. Ұшақ экономикалық жағынан тиімділігімен ерекшеленеді. Ал салонның ішкі жабдықтары мен кеңдігі жолаушыларға жайлылық тудырады. Қазіргі таңда «Эйр Астана» әуе компаниясының осы үлгідегі 7 ұшағы бар, оның ішінде үшеуі өз меншігінде. Жаңа әуе лайнері ішкі рейстермен қатар, бірқатар шет елдерге қатынап, жолаушылардың сәтті сапарының сенімді серігіне айналуда!
Айбек БЕСТЕНҚҰЛ