Өзгенің тұлпарына телміріп, өз жылқымызды жоғалтып алмайық

Өзгенің тұлпарына телміріп, өз жылқымызды жоғалтып алмайық

Әлемде қазақ жылқысы деген стандарт жоқ, жігіттер. Абай «ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» демекші, біз мініп жүрген жылқымыздың түрін түстеп, жасын анықтаудан қалып бара (ғылыми жағы былай тұрсын) жатқан елміз. Қазір көп-көрім жылқытанушы ретінде қалыптасыңқырап қалған біреуден қазақы жылқының дене-тұрқын сұраңызшы, біле ме екен? Ғылыми дәйектеп, стандарттау, патенттеу, тізілімін жасау жағы қарастырылған ба, білмеймін. Жасалып жатса неге жарияға шықпайды? Осы күз бойы жылқы тақырыбын қаузадым. Көбіненки «қымыз біздікі, көкпар біздікі» дегендей әңгіменің айналасы. Біздің журналистер әлі күнге Ботай жұртында қалыптасты делінетін жылқы мәдениеті әлемдік зерттеушілер тарапынан «талқандалып», бір «шашылып-жиналғанын», енді бір жақсылап ырғап балталаса қирағалы тұрғанын ести қоймаса керек. Өткенде National Goegraphic Qazaqstan журналына жылқы туралы мақала жаза жүріп, сонда үстінен түстім (ал енді жабылып мені талаңдар)). «Егемен Қазақстан» газетіне жаздым да. Е-е деген қазақ көрмедім. Және Ботай туралы әлі де талқыланып жатыр. 

Біз бұл туралы (қазақ жылқысы) бұған дейін де «Егемен Қазақстан» бетіне мақала жазғанбыз. Қазақы жылқы деген ұғымға титтей де тиянақ қалдырмаған және өзіміз. Жылқының атасы жабы дейміз, жаны бар сөз. Қазір қоя берсең осы далада өздігінен өсіп-өніп тұқым тарата беретін бірден бір қабілетті жылқың сол жабы. Ағылшын, арап, тағы басқа типтерді әкеп жіберіп көр, қатты бір қыста теңкиіп-теңкиіп өліп қалады. Сол жабының өзін мандытып өсіріп отырған шаруашылықтарды саусақпен санап аласыз.

Қазақтың қазанаты, арғымағы, сәйгүлігі, қарабайыры қайда, ондай тұқымдар тіркелген бе? Кез келген мен деген атбегіден (мүмкін атбегісымақ шығар) сұраңыз, қазақ жылқысы қайсысы десеңіз, он екіде бір нұсқасы жоқ қораш жылқыны таниды. Қазақы тұлпар мен жүйрікті елестетуден қалған. Дене тұрқы жинақы, әндемділеуін көрсетсең, «ә, бұл ахалтеке не ағылшын ғой» дейді. Барып тұрған мешеулік осы. Ұлттық трагедия және! Кезінде қандай сұлу, құйып қойған күміс қасықтай тап-таза қазақы аттар болды ауылда. Байшыкештер дәрімен шабатын шетелдік ұзынсирақтарды (чистокровка (ЧК) әкелді де, күллі қазақ жапатармағай солай қарай өре түрегелді. «Ойбай, біз есек жүгіртіп жүр екенбіз» деп қолтумасы мен төлтумасын ұмытып кетті. Өзінікіне селекция жасап, тұқымын асылдандаруды көздеген жоқ. Әлі де солай, миллиондарға шетелден 3-ші, 4-ші сортты англ-араб дегендей бірдеңкені ап келеді де, жүгіртіп джип мінгенге мәз. Ей, әкемнің баласы! Олар бәлен рет тәжірибе алаңында сыналып, селекциядан селекция жасап, тек жүгіртуді көздеп арнайы мақсатта «жасап» шыққан жылқысы шетелдің. Жерден шөп те жұлып жей алмайтын мутант. Қазақы жылқыдан о баста сондығынан озды. Ал сен өз жылқыңның қанын өйтіп жаңартып, асылдандыра алған жоқсың ғой. Соның өзінде сенің кей тұлпарларың аналардың арнайы мақсаттағы жасанды жүйріктерін жеңіп озып жүрді ғой, неткен қабілет, неткен сүйекке біткен жүйріктік десейші! Ал сен мынандай ұланғайыр даланы сыйлаған сол қасиет пен текке түкірдің де, киеңді басқа қамшымен бір салып, керек болса итше сарып, ана шаталардың артынан кеттің! Неткен дарынсыздық! Неткен қасиетсіздік! Мынандай кеңістікті ата-бабаң шардақ мініп билеген жоқ қой. Анау Ғұн дәуірінен мынау Кенесары кезеңіне дейін көрші дұшпанның бәрі сенің арғымақтарыңа көз тігіп, қол жеткізе алмай қор боп өткен жоқ па? «Қаныңда шығысың мен батысың жоқ, арабтың дүлдүлінің қатысы жоқ, қашаннан қазағымның қолтумасы» деп Құлагер туралы жырлаған Жансүгіров қазақы тұлпарды емеурін етіп тұрған жоқ па! Көзіңді ашып қарасайшы, айналайын-ау! Анау ғұндардан қытайлар арғымақ аттар сұрағаны туралы аңыздар тегін қалды дейсің бе? Мынау Хан Кене заманында оның жасағына ілесе алмаған отряд әскерлері пұшайман боп, ақырында қазақы жылқы тұқымына ағылшын, дон, стрелец, тағы басқа ұзынсирақтарын салып, содан Қостанай жылқы тұқымын шығарған жоқ па? Әлемде талай рекорд орнатқан Қостанай жылқысы ежелгі қазақ арғымақтарының жұрнағы есебінде шығар, оның өзі қазір Қазақстанда мыңға да жетпейді. Қолымда Қостанай жылқы зауытының мәліметі бар. Соның өзін нешетүрлі шетелдік жылқысымақтармен шатыстырып, тұқымына балта шауып болдың ғой. Енді орнын толтыра аласың ба, арғымаққа міне аласың ба, білмеймін.

Есесіне қазір қазақ жылқысының табиғи геніне шетелдік ғалымдардың ықыласы қатты ауып отыр. Табиғилығына және Жабы, Адай, Найман, Қостанай жылқыларының гендік бірегейлігіне көз тігіп, өлердей қызығып, сараптамалар жасап жатыр. Оларға өздері жасап шығарған типтер қызық емес, олар жылқы болудан қалған, жасанды мүлік ретінде сыр берген. Сөйтсе де сен әлі сол жаққа ақша құйып, олардың бітуге айналған, сүйреп-сүйреп болған, дәрімен ұстап отырған ұзынсирақтарына елігумен келесің. Одан да сол ақшаңды желге шашқанша, өз жылқыңды зерттеуге сарп етіп, ғалымдардың басын қосып, қолтумаңды шығаруға неге ұмтылмайсың. Селекцияны ерте жасаған елдер жылқысының тұқымын құртып алған, түпнұсқадан айырылып қалған. Жанталасып сендегі төлтуманы зерттеп жатқаны содан. Саған абырой әкелгісі кеп отыр дейсің бе? Мақтап-мақтап сенен алуды көздейді. Өз отанына апарып бренд қалыптастырып, саған миллиардтарға сатады. Сен сонда да неге шетелге қарай бересің (құлдық психология сүйегіңнен өтіп кеткен-ау). Анада жылқы туралы іздеп жүргенде оқыдым: кез келген тұқымды қайта қалпына келтіру мүмкін емес екен. Егер мәліметтері сақталған күннің өзінде, бастапқыдай берік жаратылыс шықпайды (өйткені Құдай емессің ғой). Ал бар тұқымның өзінен селекция жасап шығарам дегенше кемі 35 жыл керек екен... Қызығын көрем дегенше... кім білген. Жасаған іс-тәжірибең сәтті шығып ақтала ма, жоқ па?.. 

Қазір әлем үшін қазақ жылқысы қызық боп отыр. Интернетті ақтарып көр нанбасаң...

Жәнібек Әлиман,

Фейсбук парақшасынан