ЖҰМЫСШЫ ДЕГЕН АТЫМ БАР

ЖҰМЫСШЫ ДЕГЕН АТЫМ БАР

Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қатардағы жұмысшыларға зор құрметпен қарау мәселесіне айрықша мән бергені аян. «Ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

ОЙЛАНУҒА БІР ДЕРЕК. Жас та болсақ, біз де ұлан-байтақ еліміздегі небір дүбірлі өзгерістерге куә болып үлгергеніміз анық. Қазір, боса-болмаса, ілкімді Жаңа Қазақстан оқиғаларын өткерудеміз.  

Дегенмен, жасыратын не бар, кейбір әлеуметтік әділетсіздік көріністері төбе көрсетіп, түрлі түйткіл іште қала беретіндей екен. Мұндайда «Машайықтан қашайық» дейтіндей, көбіне үнсіз қалған да жөн бе деп ойлайтынымыз жоқ емес. 

Үнемі қайнаған өмірдің бел ортасында жақсылыққа жанашыр болып, қиянатқа қынжылатын журналист ағайын өзге мамандық иелеріне қарағанда көбіне өткір, әділетті, батыл келетінін аңдайсың. Біздегі бір кемшілік – жеке адамдар жайында жазылатын дүниелердің көбіне-көбі орден, медаль иелеріне арналатындай немесе тек лауазымды тұлғалармен сұхбаттасуға ұмтылатындай екенбіз. Бұл орайда, әрине, еңбегімен ел құрметіне бөленген озаттар туралы жазбау керек деген ой тумас; сонымен қатар еш абырой-атаққа ілігіп үлгермеген жай жұмысшы жастар да назардан тыс қалмаса дейсің. (Тереңірек үңіліп қарасақ, мұнан да алалық, мұнан да әлеуметтік әділетсіздік белгілері аңғарылмай ма). 

Жаңа Қазақстан жағдайында, расында да, еңбек майданының алғы шебінде жүргенімен, еңбегі аса елене қоймаған кейбір құрыш білек замандастарымыз – қарапайым жұмысшы қыз-жігіттер жайына да жіті үңіліп, көкейіндегі ой-арманын білуге тырыссақ артық болмас еді. 

ДОСТАРМЕН ДИАЛОГ. – Қолқалаған соң айтуға тура келеді, біздің отбасымызда бес жігіт бармыз. Мұны өзің де жақсы білетін шығарсың. Жұмыскерлер әулетінде тәрбиеленгендіктен де болар, бәріміз де кішкентайымыздан трактор руліне отырдық, шөп маяладық, жер жырттық, әйтеуір, еңбекке ерте икемделіп өсіппіз. Бүгінде аға-інілерімнің бәрі талайдан бері шаруашылықтың түрлі салалары мен өнеркәсіп орындарында еңбек етіп жүр. Мақтанғаным емес, бауырларымның тындырымдылығын, тапсырылған іске мұқият қарайтындығын жақсы білемін. Жүктелген жұмысты адал атқарғанға не жетеді. Шынымды айтайын, мансапқұмар болмасақ та, кейде өскен өлкеден ұзап шықпай, ел ризығын еселеуге аянбай атсалысып жүрген туыстарыңның есімдерін баспасөз бетінен көргің келетін сәттер кездеседі екен. Жуырда аудандық газеттің тілшілері інім Қанатпен әңгімелесіп, суретке түсіріп әкетті. Әулетіміз болып қатты қуандық. Анда-санда болса да адал еңбекті бағалап отырған қандай жақсы! Осыдан соң көкейімде өз ісін жан-тәнімен сүйетін жастар жайында жиі жазылып тұрса деген тілек пайда болды. Мәселен, біздің шахтада он жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Өміржан Тілеуберлин, бес-алты жылдай жұмыс істеген Таңғали Болатбаев, Бөкен Мағзин сияқты бауырларымыз бар. Бұлар туралы да жазуға болатын шығар?

Бұл – Ақжал фабрикасының слесары Мағжан Әбітаевтың сөзі.

ОЙЛАНУҒА БІР ДЕРЕК. Таяуда ескі газет тігіндісін парақтап отырып, ертеректе республикадағы ең өзекті мәселенің бірі – өнеркәсіп орындарында қазақ жұмысшылары санының күрт азайып кетуі болғанын білдім. Осыған орай орталық партия комитеті 1987 жылы шілде айында «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» деген арнайы қаулы қабылдапты. Онда: «...Республиканың басты органдары интернационализм идеяларының негізгі тұлғасы және жетекшісі – жұмысшы табының ұлттық кадрларын мақсатты түрде қалыптастырудан шеттеп қалды. Өнеркәсіпке, әсіресе, көмір және металлургия салаларында жұмысшылардың арасында қазақтардың үлес салмағы қысқарды» делінеді. Ал, сол жылы осынау ұлтаралық қатынастар проблемасы терең қамтылған республикалық ғылыми-практикалық конференция материалында: «...біздің республикада өнеркәсіпте қазақ жұмысшыларының үлесі бүгінгі таңда 13-14 проценттен аспайды. Атап айтқанда, металлургияда, көмір өнеркәсібінде, теміржол транспортында барған сайын азайып барады» деп жазылған екен. 

Ал совет заманындағы осы ахуал бүгін өзгерді ме? Бұл жәйт мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты да алаңдататынын көреміз. Мысалы, Президенттің бертінде ғана: «Мен облыстарға сапарымда жалпы елдің мәселелерін көтеріп жүрмін. Аймақтарда айтылған ой-пікірлерімді бүгін қорытқым келіп отыр. Біз жаңа қоғам құрып жатырмыз. Соңғы бірнеше жылда саяси реформа аясында көптеген өзгеріс жасадық. Бірақ, біз тек саяси мәселемен шектеліп қалмаймыз.Алда экономикалық, әлеуметтік және басқа да бағыттар бойынша ауқымды жұмыс тұр. Дегенмен, түпкі мақсатымызға жету үшін бұл жеткіліксіз. Біз өзгерісті, ең алдымен, өзімізден бастауымыз керек. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруымыз қажет. Әр азаматтың, бүкіл қоғамның санасы өзгермейінше, басқа реформаның бәрі бекер. Ұлттың жаңа сапасы жаңа құндылықтар арқылы қалыптасады» – дегені есімізде.  

ДОСТАРМЕН ДИАЛОГ. Кеніш жұмысшысы Тойкен Әлпейісов айтады: 

– Мысалды алыстан іздемей-ақ орта мектепті қатар бітіріп шыққан өз құрдастарымды тілге тиек етуіме болады. Жекелеген жігіттер болмаса, сыныптастарымның дені он жылдықты аяқтасымен бірден өнеркәсіп орындарына жұмысқа орналасты. Бүгінде олардың көпшілігі өз ұжымдарының ортасында үлкен беделге ие болып үлгерген. Олардың бәрі де қарапайым жұмысшы ретінде-ақ жас мемлекетіміздің еңсе көтеруіне лайықты үлес қосуға ұмтылады. Міне, солардың арман-мүддесі туралы неге жазбасқа? Қазіргі экономикалық-әлеуметтік жағдайымыздың өзі жұмысшы кадрларын тәрбиелеп отыруды бірінші кезекке шығарған жоқ па? Өнеркәсіп ошақтарында жүрген жігерлі жастардың игілікті істері баспасөз бетінде жиі көрініп отырса, осы тәрбие жұмысына қосылған үлкен ынталандыру әрекеті болар еді. Мәселен, сыныптасым Төлеубек Оспанов ерекше еңбекқорлығының арқасында ауысым мастері дәрежесіне дейін көтерілді. Төкен Алмасовтың есімі қазірде кен жұмыстарының қыр-сырын жетік білетін аса тәжірибелі мамандардың қатарында аталып жүр. Немесе он жылдан астам уақыт қысы-жазы жел өтінде тау-тасты тескілеп, барлау жұмыстарымен айналысып жүрген құрдасым Бөкенбай Қуатовты алайық. Міне, сол жігіттердің еңбегін жарқырата көрсетіп, көпке үлгі етуге тұрады ғой... 


ТҮЙІН: елімізде көтеріліп жүрген сонау жұмысшы кадрларын даярлау ділгірлігі шахталары көп Арқа өңірінде онша өзекті мәселе бола алмайтын сияқты. Кеніш орындарында еңбек етіп жүрген жұмысшы жастарымыз жеткілікті. Демек, бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. 

Ал барды бағалау тұрғысына келсек, еңбекқор замандастарымыздың игі ісін көпке паш етіп отыру – мерейлі міндетіміз болса керек.

Елжас МҰҚАШ

Қарағанды облысы