ШОТЛАНДИЯДАН ЖЕТКЕН СӘЛЕМ

ШОТЛАНДИЯДАН ЖЕТКЕН СӘЛЕМ

2025 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін 645 стипендия бөлінген-ді. Оның ішінде магистратура бағдарламасы бойынша – 411 стипендия, докторантура /резидентура бойынша – 41 стипендия. Ал тағылымдамалар бойынша – 193 стипендия. Осынау зор мүмкіндікті пайдаланып, бүгінде «Болашақ» бағдарламасының стипендианты атанған шәкірттің лебізін ұсынуды жөн көрдік.

Шетелде оқу туралы ниет алғаш 2014 жылы, 2-ші курс студенті кезімде, оянды. «Бакалаврды бітіріп алайын, сосын барамын» – деп жүрдім.

2016 жылы оқуымызды тәмамдап, дипломымызды қорғаған соң, жазда мен Оралға бармай, Алматыда қалдым. Екі ай дайындалып, IELTS тапсырдым. 6,5 балл алдым. Шетелге магистратураға түсуге жеткілікті деңгей. Бірақ ол кезде «Болашақ» бағдарламасына қалай тапсыратынын, қандай құжаттар керек екенін білген жоқпын, бағыт-бағдар сілтейтін де айналамда ешкім болған жоқ. Сондықтан магистратураға Астанаға тапсырдым. Түстім. 

2017 жылы жазда «Болашақ» бағдарламасына бірінші рет құжат тапсырдым. Түсетініме сенімді болдым, және Қазақстандағы магистратурамнан 1-ші курстан кейін шығып кетпек едім. Әуелі шетелдік университетке құжаттарымды жіберіп, Жаһандық медиа және коммуникация мамандығы бойынша шартсыз шақыру алдым. Сосын «Болашаққа» тапсырдым. 5 сатылы байқаудың 4-еуінен еш қиналмай өттім. 5-шісі әңгімелесу болатын (собеседование). Оған жұмыс арасындағы 1-2 сағаттық үзілісте қапылып, миым ашып тұрған кезде бардым. «Шетелге оқуға неге барғыңыз келеді?», «Неге бұл университетті таңдадыңыз?» – дегендей қарапайым сұрақтарға берген жауабыма комиссия мүшелері қанағаттанбады ма, әйтеуір, осы байқаудың 5-ші кезеңі әңгімелесуден құлатты. Аздап көңіл-күйім түсті. Бірақ ештеңе етпейді, келесі жылы тағы тапсырамын деп шештім.

Алайда енді журналистика саласынан гөрі, әдебиет мамандығында оқығым келетінін түсіндім. «Бұйырса, келесі жылы әдебиетке тапсырамын» деп ойладым. 

2018 жылы жұмыс істеп, магистрлік диссертациямды жаза жүріп, 2-3 ай дайындалып, екінші рет IELTS тапсырдым. Бұл жолы да 6,5 балл алдым. Шетелдік университетке магистратураға түсуге жеткілікті ұпай. «Ал енді биыл түсемін» – деп екі алақанымды ысқылап жүрдім. Әйтсе де, елдің жоғары білім беру жүйесіне біз күтпеген өзгеріс енді: педагогика саласында грантта оқығандар мамандық бойынша үш жыл жұмыс істеу керек! Менің шетелде қатты оқығым келді. Сондықтан кураторыма хабарласып, диссертация қорғауға бармайтынымды айттым. Өйткені, диссертацияны қорғап, диплом алып шықсам, тағы үш жыл Қазақстанда жүруім керек. Эдвайзерім: «Егер диссертацияңды қорғамай, оқуды орта жолда тастасаң, қара тізімге енесің. Сосын алдағы уақытта мемлекеттік гранттар саған берілмейді» – деді. Содан кейін әкеммен ақылдастым. Ол: «Меніңше, бастаған нәрсеңді соңына дейін жеткізіп, аяқтауың керек. 3 жыл тез-ақ өтіп кетеді» – деп кеңес берді. Сөйтіп, ата-анамның, ұстазымның сөздеріне құлақ асып, диссертацияны қорғап, Қазақ әдебиеті бойынша педагогика ғылымдарының магистрі болдым. Бірақ «Маған келгенде, неге осындай бір кедергі шығады да тұрады?!» деп іштей қатты қамықтым. 

2018-2021 жылдарда негізгі журналистік жұмысымнан бөлек, сенбі күндері мектепке барып, сабақ беріп жүрдім. Қосалқы мұғалім ретінде «журналистика» үйірмесін ашқан болатынмын. Сөйтіп, үш жыл міндетті жұмыс өтілінен құтылдым. 

2022 жылы үйлендім. Той қамымен жүргенде, шетелде оқуды ойлайтын мұрша болмайтынын әр қазақ жақсы біледі деп ойлаймын. 

2023 жылы маусым айында үшінші рет IELTS тапсырдым. Тағы да 6,5 балл алдым. Мұның шет елде магистратураға түсуге жеткілікті көрсеткіш екенін жоғарыда айттым. Абердин университетінен Ағылшын тілі мен әдебиеті бойынша шартсыз шақыру алып, соны «Болашаққа» тапсырдым. Футбол ойнап жүріп, алған жарақатыма байланысты шілде айында тіземе операция жасаттым. «Болашақтың» бір шарты – қазақ тілін жақсы меңгеру. Мен қазақ тілінен тест тапсыруға отадан кейін балдақпен жүріп бардым. Байқаудың басқа да кезеңдерінен сүрінбей өттім. 2023 жылы желтоқсанның 20-ларында «Болашақ» стипендиаты атанғанымды білдім. Оқу 1 айдан кейін басталады. 1 айда не «Болашақпен» шарт жасасып, не виза алып үлгермейсің. Сондықтан оқуымды қысқы семестрден қыркүйекте басталатын, күзгі семестрге шегердік. 

Сөйтіп, былтыр қыркүйек айында Ұлыбританияға келдім. Ойланып қарасам, алғаш шетелде оқимын деген арман оянған 2014 жылдан бері 10 жыл өтіпті. Осыған байланысты түрлі ойлар келеді: 

Ағылшын тілін нөлден бастап үйренген біраз танысым, бір-екі жыл әрекет етіп, түсіп, шетелде оқып келді. Ал мен IELTS-ты үш рет тапсырып, жеткілікті балл жинасам да, 10 жылдан кейін келдім. Қазақ «Бап шаба ма, бақ шаба ма» – дейді. Әркімнің маңдайына бұйырған несібесі бар. Біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Өз басым шетелге оқуға отызға тақап келгеніме қазір ризамын. Себебі, 20-дағы немесе 25-тегі кезге қарағанда, дүниені көруің, өмірді қабылдауың басқаша болады. 

Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы магистратурада оқуға бір-ақ рет мүмкіндік береді. Егер мен 2017 жылы журналистика саласына түссем, екінші рет оқымайтын едім. Яғни, әдебиет мамандығына келмес едім. Қазір ағылшын ұлтының және ағылшынтілді елдердің кешегі һәм бүгінгі әдебиетін оқып жатқаныма өте разымын. Әр нәрсені қайырымен берген Аллаға шүкір. Өзімнің жаныма жақын, жүрегім қалайтын мамандыққа алып келген Аллаға шүкір.

Ең бастысы, табандылық. Сол 10 жылдың ішінде кеудемдегі «шетелде оқимын» деген арман бір сәтке де сөнбегеніне жақындарым куә. Үнемі айтып жүрдім. Ал 1-2 рет сәтсіздікке ұшырап, кедергілерге тап болған соң, сағым сынып, қолымды бір-ақ сілтесем, мен бүгін Ұлыбританияда болмас едім. Арман, еңбек және табандылық алып келді.

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА,

Абердин университетінің студенті

Ұлыбритания