Гүлшат ҚҰРМАНБЕКОВА, педиатр-дәрігер: КӨЗ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ ЕҢ АЯУЛЫ ӘЛЕМ
2025 ж. 31 наурыз
528
0

Бір қарағанда, дүниеге келген баланы өсіру аса бір қиындық туғызбайтын тәрізді. Десе де дәл қазіргі таңда бөбектеріміздің басым бөлігі жиі ауырып жататындығын көз көріп жүр. Ұлтымыздың жарқын болашағы – дені сау ұрпақ десек, олардың денсаулығын сақтау – ең бір өзекті мәселенің бірі. Осы орайда «Қайтсек дені сау ұрпақ өсіреміз?» деген сауалдың төңірегінде Қарасай аудандық көпсалалы ауруханасының педиатр-дәрігері Гүлшат Құрманбековамен сұхбаттасқан едік.
– Гүлшат Санақбайқызы, педиатр мамандығын таңдауыңызға не түрткі болды?
– Сәби деген – ең бір таза, ең бір мөлдір әлем. Оны жақсы көрмеу әсте мүмкін емес. Іңгәлаған өбек көрсем, ет-жүрегім елжіреп тұрады. Отбасында үйдің үлкені болғандықтан, көп жауапкершілік жүктелетіні де сөзсіз. Анамның көмекшісі бола жүріп, өзімнен кейінгі іні-сіңлілерімнің күтімімен айналыстым. Бұл маған кішкентайларды бағу, емдеу сияқты дағдыларды ерте үйренуге көмектесті. Сондықтан болса керек, педиатр болуды армандадым. Алғашқы жылы оқуға түсе алмасам да, алға қойған мақсатымнан танбадым. Келесі жылы тағы да бағымды сынап, Алматы мемлекеттік медицина университетінің Педиатрия факультетіне оқуға қабылдандым. Ең алғашқы еңбек жолымды Жаркент қаласындағы аудандық ауруханадан бастадым. 2010 жылдан бері Қарасай аудандық көпсалалы ауруханасында педиатр болып қызмет етіп келемін. Қазір ауырған балаларды сүзгіден өткізу кабинетінде педиатр-дәрігермін.
– Ауырған балапандармен жұмыс істеу қаншалықты қиын?
– Ешбір ана өз перзентінің ауырғанын қаламайды. Десе де, бүлдіршіндердің біраз бөлігі бізге ауруы асқынған күйде жеткізілетін жағдайлар жиі кездеседі. Әсіресе, күз, қыс айларында салқын тиіп, жөтелген баланы пневмонияға дейін жеткізіп әкелетіндер көп. Ең бірінші кезекте ата-аналар нәресетенің мазасы кеткен кезде бірден дәрігердің көмегіне жүгінсе, кез-келген ауруды тез әрі жеңіл түрде ауыздықтауға болатындығын үнемі ескертіп келеміз. Кішкентайы ауырырып тұрған әке-шешенің өздерінен де күй кететіні белгілі. Сондықтан, олармен жұмыс барысында да аурудан төнетін қауіп-қатерді айтып, оларды одан әрі тығырыққа тірегеннен гөрі, мүмкіндігінше сәбиді сауықтырудың жолдарын ұсынамыз. Емді дұрыс жүргізудің әдіс-тәсілдерін егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Егер де ауру асқынып, науқастың жағдайы үйде ем алуға келмесе, арнайы жолдама арқылы ауруханада ем алуға жібереміз.
– «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, жалпы балаларды ауыртпаудың жолы қайсы?
– Ең бірінші кезекте мүлде ауырмайтын балғын жоқ. Олардың салқын тиіп, тұмауратын ауырып тұруы қалыпты жағдай. Осылайша аурумен күресу арқылы бөбектерде мықты иммунитет қалыптасады. Дегенмен бұл құбылыс қайта-қайта қайталанбауы тиіс. Ауырмаудың жолы – бүлдіршіннің мықты иммунитетін қалыптастыру.
Осы орайда ескере кететін бір жәйт – нәрестенің денсаулығын сақтауды ол дүниеге келгеннен кейін емес, анасының құрсағына біткен сәттен бастау қажет. Жүкті әйел дәрігерлердің тұрақты түрде бақылауында болып, мерзімімен қажетті дәрумендерді қабылдап, тиісті талдауларды тапсырып, ультра дыбыстық зерттеулерді жүргізіп, толыққанды тексеруден өтіп тұруы тиіс. Өзінің немесе құрсағындағы шарананың денсаулығында қандай да бір өзгерістер орын алған жағдайда оған бей-жай қарамау аса маңызды. Одан әрі дәрігерлердің нұсқауымын өз денсаулығына тиісті ем-шараны дер кезінде қабылдап отыруы қажет. Сонымен қатар жүкті әйелдер дұрыс тамақтанып, тынығып, дәруменге бай тағамдарды тұтынуы тиіс. Апельсин, мандарин сияқты цитрусты жемістерді шамадан тыс жеу нәрестеде аллергия тудыруы мүмкін. Босанғаннан кейін де ананың тамақтануы маңызды. Егер дұрыс тамақтанбаса, бөбекте рахит, қан аздығы сияқты ауруларға шалдығуы мүмкін.
Бүлдіршіндерге таза ауада жүру өте қажет. Себебі, таза ауа миға оттегі жеткізіп, тәбетті жақсартады. Олардың уақытында сөйлеуі, қоршаған ортамен қарым-қатынасы, ойнауы маңызды. Егер дамуында кідіріс байқалса, уақыт оздырмай маманға қарату керек.
– Сөзіңіз аузыңызда дәрігер, балалардың иммунитетін нығайту мәселесін атап өттіңіз. Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз...
– Күшті иммундық жүйе ағзаны вирустар мен түрлі бактериялардан қорғайды. Ал әлсіз иммунитет түрлі инфекцияларға жол ашады. Сондықтан, бүлдіршіндердің қорғаныс күшін арттыру үшін кешенді шараларды қолдану аса маңызды. Олардың иммунитетін нығайтудың негізгі жолы – дәрумендер мен минералдар қабылдау. Атап айтқанда, С дәрумені (цитрусты жемістер, қарақат, болгар бұрышы), D дәрумені (балық майы, жұмыртқа, сүт өнімдері), мырыш (құс еті, жаңғақтар, дәнді дақылдар) баланың күнделікті рационында болуы тиіс. Аталған дәрумендер ағзаны инфекциядан қорғап, иммундық жасушалардың жұмысын жақсартады.
Сондай-ақ, ашық ауада серуендеп, таза ауамен тыныстауға денесін шынықтырып, физикалық белсенділігін арттыруға да ден қою қажет. Денсаулықтың негізгі кепілі – дұрыс және теңгерімді тамақтану.
Ұйқы – иммунитеттің қалпына келуіне көмектесетін маңызды фактор. Балғындар жасына байланысты күніне кемінде 8-10 сағат ұйықтауы қажет. Сонымен қатар, психологиялық жайлылықты қамтамасыз ету, ойындар мен демалысқа уақыт бөлу де иммундық жүйеге оң әсер етеді. Сондай-ақ, үйді таза ұстау, қолды жиі жуу, жеке гигиенаны сақтау аурулардың алдын алады. Біз атап өткен осынау шараларды әр отбасы айнымас серігі ету арқылы өз перзентінің ағзасын түрлі ауруларға төзімді ете алады.
– Гүлшат Санақбайқызы, осы орайда дұрыс тамақтану мәселесіне толығырақ тоқталсаңыз.
– Дұрыс тамақтану – бөбектің иммунитетінің мықты болуына септігін тигізеді. Сәбидің күнделікті рационында ақуыздар, көмірсулар, майлардың болуына назар аудару қажет.
Осы орайда иммунитетінің түсуіне дүкеннен алынатын арзан тәттілер, газдалған сусындар де залалын тигізіп жатады. Оның орнына құрт, табиғи айран, сүт өнімдерін беруді әдетке айналдырған жөн. Бұл тұрғыда бөбегіне ата-ананың өзі үлгі бола алатынын баса айтқым келеді. Үлкен кісілер мұндай зиянды өнімдерді тұтынбаса, балалар да олардан аулақ болары сөзсіз. Сонымен қатар дұрыс тамақтандыруды назарға алғанда, нәрлі тамақ беріп, оның артынан шәй беруге болмайды. Ол тамақтың құнарының бәрін жойып жібереді. Сондықтан сәбилерге қайнаған жылы суды көбірек беруді дағдыға айналдыру керек.
– Кейбір отбасылар екпеден бас тартып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Баласының денсаулығы – әр ата-ананы алаңдататыны белгілі. Дегенмен, олардың басым бөлігі екпе арқылы қандай аурулардың алдын алуға болатынын нақты біле бермейді. Сондықтан да оның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Мұның салдарынан қоғамда екпеден бас тартатындардың қатары көбеюде. Екпені мүлде салдырмаудың ақыры өмірге қауіп төндіріп, кей жағдайда мүгедектікке апарып соқтырып жатқаны әрбірімізді бей-жай қалдырмауы тиіс.
Осы орайда, вакцинация – белгілі бір инфекцияларға қарсы жасанды иммунитет қалыптастыратын ең тиімді әдіс екенін баса айтқым келеді. Елімізде екпе халықаралық стандарттарға сәйкес бекітілген алдын алу екпелерінің күнтізбесіне сай жасалады. Жоспарлы екпелер нәрестенің денсаулығы қалыпты, иммундық жүйесі жоғары кезде ғана салынады.
Екпе – қауіпті аурулардың алдын алудың ең тиімді құралы. Ол сәбидің ғана емес, барша қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бірақ бұл екпе алғандар мүлдем ауырмайды деген сөз емес. Екпе алса да, қауіпті дертпен бетпе-бет келетіндер бар. Десе де, ауру жеңіл түрде өтеді. Яғни қауіпті кеселмен ауырған күннің өзінде науқас аман қалады. Яғни, екпе адамға өмір сыйлайды. Осы әдістің арқасында көптеген аурулардың таралуы азайып, кейбірі мүлдем жойылды. Мысалы, дифтерия, көкжөтел, қызылша, полиомиелит сияқты дерттерден қорғанудың жалғыз жолы – екпе алу. Столбнякқа (тырысқақ) қарсы екпе жасалмаса, балғынның өміріне қауіп төнуі мүмкін. Қазір туберкулезбен ауыратындар көбейіп жатыр, ал біздің қоғамда жұқпалы дерттен сақтандыру үшін жасалатын вакцинаны алмағандар да бар. Сондықтан әке-шеше бұл мәселеге салғырт қарамауы керек.
– Бүгінде балалардың гаджетке тәуелділігі жиі айтылады. Бұл қаншалықты қауіпті?
– Иә, ата-аналар кейде бесіктен белі шықпаған бөбекті тыныштандыру үшін гаджеттерді беріп қояды. Бұл өте үлкен қауіпке алып келеді. Көздің көру қабілетінің нашарлауы, кеш сөйлеу, жүйке жүйесінің зақымдануы – осылардың бәрі шамадан тыс гаджет қолданудың салдары. Кейбір балалар мектепке дейін көзілдірік тағуға мәжбүр. Сондықтан жас өскіннің экран алдында өткізетін уақытын шектеу керек.
Медицинада гаджетке тәуелділік деген диагноз жоқ. Бірақ дұрыс ұйықтамау, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы денсаулыққа кері әсерін тигізетіні анық. Соңы түрлі созылмалы ауруларға апарып соқтыруы ықтимал.
Ең қорқыныштысы психикалық денсаулық орталығында аутизм мен шизофрения диагнозы бойынша тіркеуде тұрған жас өскіндердің қатары артып келе жатқаны алаңдатады. Сондықтан жасөспірімдер гаджетті білім алу үшін, яғни қажеттілік туындаған кезде ғана қолданғаны абзал. Анығырақ айтқанда, 7 жастан 12 жасқа дейін 1 сағат, ал 12 жастан 18 жасқа дейін 2 сағат ұстаса жеткілікті.
– Гүлшат Санақбайқызы, әңгімемізді қорытындылай келе, ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Баланың денсаулығы – бірінші кезекте ата-ананың жауапкершілігінде. Сондықтан олардың дұрыс тамақтануын, ұйқы режимін, дене қимылын қадағалап, уақытылы дәрігерге қаратып отыру міндет. Бөбектер – біздің болашағымыз, сондықтан олардың денсаулығына салғырт қарамауымыз керек.
Бүлдіршіндердің әрбір жасында скринингтен өту аса маңызды. Дамыған елдерде бұл дағдыға айналған. Бұл тұрғыда балалардың есту қабілеті мен жалпы денсаулығын бақылап отыру қажет. Аудиологиялық скрининг пен профилактикалық тексерулердің арқасында мүмкін болатын ауруларды ерте анықтай аламыз. Бұл өз кезегінде, уақтылы емдеу шараларын жүзеге асыруға мүмкігдік береді. Дер кезінде медициналық тексерулерден өтуге мән беру керек. Өкінішке қарай, бізде кейбір аотбасылар баласының ауырғанына қарамастан, оны балабақшаға немесе мектепке жібере береді. Бұл өз перзентіне ғана емес, өзгелерге де зиянын тигізетін әрекет. Мұндай жағдай туындаса, науқасты уақытында дәрігерге көрсетіп, үйде күтіп, жеке бөлмеде ұстау керек. Өз кезегінде бұл тезірек сауығуға жол ашпақ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ