Қабдеш Жұмаділдің 90 жылдығына орай ел бойынша 84 іс-шара өтеді - Үкімет

Қабдеш Жұмаділдің 90 жылдығына орай ел бойынша 84 іс-шара өтеді - Үкімет

Биылғы жылдың 18 ақпанында Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев халық жазушысы, қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділдің 90 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өткізуді ұсынған еді.

- Қабдеш Жұмаділ барлық шығармаларында ұлтын ұлықтап, тіліміз бен дініміз үшін басын бәйгеге тігіп, тарихымызды қара күйеден тазартып, елдік рухымызды көтеру жолында жасаған жанкешті еңбегін мойындағанымыз жөн. 

Сонымен қатар ол тек жазушы ғана емес, сондай-ақ ұлт тағдырына ерекше үлес қосқан қайраткер еді, - делінген депутаттық сауалда.

"Қазақ үні" аталмыш депутаттық сауалға Үкіметтің ресми жауабын ұсынады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына

(тізім бойынша)

2025 жылғы 21 ақпандағы 

№ ДС-100 

Құрметті депутаттар!

Қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділовтің 2026 жылы 90 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты сауалдарыңызға мынаны хабарлаймын.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратына сәйкес жазушының 90 жылдық мерейтойын атап өту үшін еліміздің барлық өңірлерінің мәдениет ошақтары мен білім беру ұйымдарында танымдық сағаттар, әдеби және шығармашылық кештер, дөңгелек үстелдер, кітап көрмелері, ғылыми конференциялар, әдеби оқулар, тәрбие сағаттары, оқырман конференциялары, кітап оқу конкурстары, жазушы портреттері, бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар мен естелік басылымдарды жариялау бойынша 84 іс-шара ұйымдастырылатын болады. 

Осыған қоса Қазақстан Жазушылар одағы республикалық қоғамдық бірлестігі Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына орай республика деңгейінде іс-шаралар ұйымдастыратынын хабарлауда. 

Елді мекендердегі көшелер мен объектілерге жазушының атын беру қолданыстағы ономастика саласындағы заңнамаға сәйкес қарастырылады. 

Жалпы белгіленген тәртіп бойынша көшелер мен мектептерге ғылым, мәдениет және қоғам қайраткерлерінің есімдерін олар қайтыс болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң беру көзделген. 

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығы жоспарға сәйкес өңірлерде аталып өтіледі. 

Мәселе Мәдениет және ақпарат министрлігінің бақылауында болады. 

Е. Көшербаев,

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары

Тізім

А. Перуашев

С. Ерубаев

Е. Барлыбаев

Д. Еспаева,

Қ. Иса

Е. Бейсенбаев