Жұбаныш Жексенұлы: Фонограммаға тыйым салынса - әншіліктің сапасы жоғарылайды
2025 ж. 27 ақпан
600
1

ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырысында “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қабылданды.
Отырыс барысында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса талай жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе - фонограмманы пайдаланып ән айтуды тоқтатуды талап етті.
-Кең сарайда 20 мың теңгеге билет алып келген 3 мың көрермен алдында фонограмманы қойып қойып, ілесіп отыру - халықты алдау, әділетсіздік! “Ән айтсаң да, жаныңды жеп айтасың” дейді атам қазақ. Біздің көп әншілер әнді жанын жеп айтпайды, халықтың ақысын жеп айтады, - деді депутат.
Осыған орай "Қазақ үні" тілшісі қазақтың әйгілі дарынды әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұбаныш Жексенұлының фонограмма мәселесіне қатысты пікірін білген еді.
-Ақын депутат Қазыбек Иса ағамыздың фонограммаға тыйым салу туралы көтеріп отырған мәселесі өте орынды! Тек бұрынғыдай аяқсыз қалмаса екен.
Бұл әншілердің "техникалық жабдықтар жетіспейді" деген әңгімесі - сылтау. Қай жылдары осы мәселе бір көтеріліп, басылып еді. Біразымыз дұрыс болатын болды деп ойлап қалғанбыз.
Фонограмма қолданылатын жерлер, әсіресе, теле-түсірілімдер, радио хабарлар болуы мүмкін. Бірақ, 21-ші ғасырда отырып, техникалық жабдықты сылтау етудің өзі ұят емес пе?
Фонограммасыз менің әріптестерімнің бәрі ән айта алады-ау, бірақ, студияда, асықпай, екі-үш сағаттап, мұқият тексеріп отырып жазған фонограммасындағыдай шырқай ала ма, жоқ па, мәселе осында.
Ән - менің жеке басым үшін өмірімнің бір бөлшегі, өзегі десем де болар.
Фонограммаға тиым салынса, әншілердің (әсіресе, эстрадалық) көбі "жоғалып" кетеді деген сөзді көп естиміз. Одан бұрын, ел еститін әннің, әншіліктің сапасы жоғарылайтын шығар деп үміттенеміз. Фонограмманы көп қолданатын эстрадалық әншілер. Дәстүрлі және классика бағытындағы әншілер мүлдем қолданбайды деп айтуға болады. "Баррикада" құрып отырған қай әншілер екен деп ойлап отырмын.
Аға-апаларымыз да, біз де фонограммамен ән айттық, бірақ әрненің де шегі болуы керек шығар.
Бұл мәселе оңынан шешіліп, заң қабылданып жатса, талай әншіге "қамшы" болары һақ.
Ең бастысы, ел жүрегінің қылын шертіп, құлағының құрышын қандырар әндер мен әншілердің сапасы артар ма еді деген үміт бізде.
Өз басым, бұл көтеріліп отырған мәселені қос қолдап қолдаймын! Бұдан кейін, көптен айтып жүрген, көркемдік кеңес жайлы мәселе қозғалса ғой, шіркін! Ол уақыт та келер. - деді Жұбаныш Жексенұлы.