Кен орындарындағы басты мәселе - адам өмірінің қауіпсіздігі болуы қажет!
2025 ж. 19 ақпан
376
0

Кеше Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданындағы “Қазақмыс” АҚ «Жомарт» кенішінде апат болып, жеті адам қаза тапты.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдап,
Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеруді міндеттеді.
Жеті адамның өмірін алып кеткен апатқа «газ жарылысы себеп болды» деген алғашқы болжам бар. Кенішке ҚР вице-премьері Қанат Бозымбаев бастаған үкімет комиссиясы келіп, жұмыс істеуде.
«Қазақмыс» компаниясы тарапынан марқұмдардың отбасына қаржылай көмек берілмек. Қаза болғандардың аты-жөні жарияланды — 34 жастағы Орынбек Кенжебеков, 47 жастағы Ғалымжан Молдабеков. Олжас Нұрілдаев одан бір жас кіші, Константин Рожков 33-те екен. Ал Қайрат Ақшолақов пен Бақытбек Жұмадуллаев 50-ге келген азаматтар. Арасындағы ең жасы 27-дегі Ардақ Жақубаев.
Төртеуі Ұлытау облысынан, екеуі Түркістан облысынан, біреуі Қарағанды облысынан.
Марқұмдарды жерлеу рәсімін толық «Қазақмыс» компаниясы көтереді. Олардың отбасыларына кеншілердің 10 жылдық орташа жалақысы төленеді. Балалары кәмелетке толғанша мемлекеттен жәрдемақы алады.
“Ажал айтып келмейді” дегендей, кен қазып, нәсібін тауып, бала-шағасын асырап жүрген 7 бауырымыздың өмірі үзілді. Парламентте талай көтерілгендей, кен орындарындағы басты мәселе - адам өмірінің қауіпсіздігі болуы қажеттігі тағы да алдымыздан шықты.
Жаңарқадан шыққан Алаштың арқалы ақыны Ғалым Жайлыбайдың:
“Біледі дейсің өмірі ұқпаған,
Ажалдың мынау кім сырын?
Жеті қат жерде көміліп қалған,
Жеті арыс,
Жеті қыршыным!”-деп жазған азалы жырындағыдай, жеті арыстың қазасы - қалың елдің қайғысы!
Қайғылы қазаға ұшыраған кеншілердің отбасылары мен туған-туыстарының қайғысын бөлісіп, көңіл айтамыз. Пейіште рухтары шалқи бергей.
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты