Атасына тартып туған ұл

Атасына тартып туған ұл

1991 жылы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне оқуға түскен шәкірттер «қандай ұстаздарға тап болар екенбіз» деп, университет қабырғасын имене аттағанбыз. Аға ұстаздарды айтпағанда, жас ұстаздардың ішінен көзге ұрып, көңілге орныққаны Сансызбай Мәдиев ағай болды. Қашан көрсек те костюм-шалбар, галстук, сымдай тартылып тұрады. Қимылы шапшаң, қозғалысы ширақ, көзқарасы қатқыл. Өмірі күліп көрмеген адам секілді тұрпатынан қаймығып та қалғанымыз рас. Талапшыл, қатаң тәртіптің адамы. Студентті білім-білігіне қарай бағалайды. 

Дәрісті де жинақы, жеделдетіп жүргізеді. Тілге бай, ойға жүйрік. Қазақтың би-шешендерінің «Асыл мұрасын» жатқа желдіртіп айта жөнеледі. Ауыз әдебиетінің біз естімеген үздік үлгілерінен мысал келтіреді. «Жалпы журналитеріміздің тілі орашалақ, тіпті өте кедей деуге болады. Оны түзеу үшін бай әдеби мұрамызды оқу қажет. Жыр-дастандарымызды жатқа білмесе де, бойына сіңіру керек» – дейді ұстазымыз. Сөйтеді де, «үйіп-төгіп» тапсырма береді. Және оның орындалуын қатаң талап етеді. Бүге-шүгесіне дейін сұрайды. Басқа-басқа Сансызбай Шәрапиұлының сабағынан қалмаймыз, тап-тұйнақтай орындауға тырысамыз. Батырлар жырын жаттап ұйықтап, сонымен таңымыз атады.

Атырау облысы Құрманғазы ауданы (бұрынғы Гурьев облысы, Теңіз ауданы) Ганюшкино ауылының тумасы Сансызбай аға үйдің үлкені болғандықтан атасының бауырында тәрбиеленген. Ақсақалдың жанында жүріп, еңбекке ерте араласады. Қолы қалт еткенде атасына «Батырлар жырын» оқып береді. Бара-бара жырларды көңіліне тоқып, жатқа айтып беретін деңгейге жетеді. Осылайша қазақта «сүйегіне сіңген» демекші, жастайынан сөз қонған Сәкең қазір де жырларды жатқа айтып, шәкірттерін таң-тамаша қалдырады. Міне, атасының батасын алған өреннің өнері өрісті, өмірі өнегелі.

       Атасы Мәди еңбектің адамы. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылда еңбек еткен. Ауылда, ұжымшарда шаруа болған. Қарт Каспиді бағындырған қазақтың өзі. Асау, үш метрлік толқындарына қарамай ашық теңізде атой салған балықшы. Ол кездері не моторы, не ескегі жоқ қара қайықпен желкен керіп, ау салып, балықпен ауылын асыраған, тонналап майданға балық жөнелткен. Бір Аллаға сыйынып, қара күшіне сүйеніп, қажыр-қайратының арқасында ол басқарған қайық пен ішіндегі балықшылар талай қауіп қатерден өтіп, ауылына аман оралып отырған. Қазіргідей моторлы қайығы жоқ сол уақытта буырқанған көк теңізге ашықтан ашық шығуға екінің бірінің жүрегі дауаламаған. Мәди ата «нартәуекелдің» адамы болыпты. Айтқанынан қайтпайтын бір беткейлігі тағы бар. Сол көзсіз ерлік қимылдары үшін де заманында «Мәди қайығының» аты аңызға айналған. Мәди ақсақал ауылда «балықшы ата» атанып кеткен. 

 Тоқсанды алқымдап барып, уақыты болған ақсақал ғұмырының соңына дейін шалғымен шөп шауып, бел жазбай еңбек еткен екен. Бастысы, сол еңбекқорлық пен бейнетқорлық кейінгі ұрпағына мирас болып қалыпты. Осылайша, атадан балаға, атадан немереге жұғысты болған шаршамай-талмай еңбек ету мен сабырлылық, имандылық пен ізеттілікті көріп өскен ұрпағы үлкен өмір мектебінен өткен. Мұндай тәрбиені көріп-білген буынның өз тамырына тартпауы мүмкін емес-ті. Тек жақсылыққа, ізгілікке ұмтылуы заңдылық еді. Тіпті, Сәкеңнің мінез-болмысына дейін тікелей атасынан дарығаны анық. Атасына тартып туған ұл. 

Атасы Мәди ақсақалдан тағылым терген кейіпкеріміз Сансызбай Шәрапиұлының өмір бойғы ұстанымы да өзі көрген өнегемен өрілді. Алғаш осы жол, осы сүрлеу-соқпақ мектептен бастау алды. Ауылдағы Абай орта мектебінің қабырғасында жүріп әртүрлі үйірмелер мен сайыстарға қатысқан ол о бастан-ақ әдебиет пен өнерге жақын болды. Атасына батырлар жырын қайталап оқи беріп, жастайынан батырлар жырының бірнешеуі зейінінде жатталып қалған. Әрі Ғазымжан Ғұмарова апайы бастаған мектеп мұғалімдері әдебиетке деген ынтызарлығын одан әрі оята білді. 

Әдебиетке деген құштарлық ақыры мектепті үздік бітіргеннен кейін аудандық «Ленин жол» газетіне бастады. Біраздан соң, Новобогат ауданының орталығы Аққыстау селосындағы аудандық «Нарын таңы» газетіне қызметке орналасты. Еңбек жолын бастаған аудандық газеттерде шыңдалды, қаламы қуаттанды. Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда әңгімелері, очерктері жарияланып, аты дүркіреп таныла бастады. Журналистер Одағының мүшелігіне өтті. Арнаулы тілші, бөлім бастығы, жауапты хатшы сияқты қызмет баспалдығымен өсті. 

Үнемі ізденіп жүретін жас ақыры білім іздеп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистка факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, оны үздік дипломмен тәмамдап шықты. Университет қабырғасында жүріп, сөз өнерінің зергері З. Қабдоловтан, журналистиканың негізін қалаушылар Т. Амандосов, Т. Қожакеев, Ә. Ыдырысовтардан тәлім терді.     

Бір қызығы, Темірбек Қожакеев ағайдың тік мінез, талапшыл райынан батпай, курстастары ол кісімен тонның ішкі бауындай араласа алмаса, студент Сансызбай Темкеңнің тілін тапты. Емін еркін, қоян-қолтық араласты. Темірбек ағай рухани ұстазына айналды. Ұстаз бен шәкіртті тоқайластырған екеуінің ұқсас мінезі екені анық. Кейінгі әріптес болған уақытында да осы үрдіс жалғасын тапты.    

ҚазҰУ-дың аспирантурасына оқуға түсіп, ғылымға ден қойды. «З.Рүстемовтің әдеби мұрасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, репрессияға ұшыраған журналист, қаламгерлер туралы зерттеп, ұстазы Темірбек Қожакеевтің «Көксеңгірлер» ғылыми еңбегін одан әрі дамытты. Репрессияға ұшыраған алаш зиялыларын ақтауға, әдебиетімізде түркілік рухтың көрінуіне ғылыми жағынан өзіндік үлесін қосты. 

Факультеттегі оқытушылық қызметімен қатар, қосымша біраз уақыт республикалық «Пионер» журналында, «Санат» баспасында қызмет атқарды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бөлім бастығы бола жүріп, «Көне түркі жазба ескерткіштерін оқу-зерттеу орталығының» директоры, Халықаралық журналистика, Мерзімді баспасөз кафедрасының, Шетел азаматтарына арналған дайындық факультеттерінің доценті сияқты қызметтерді қоса атқарды. 

Сансызбай Шәрапиұлы мемлекеттік қызметтің де қыр-сырына қанықты. Білім және ғылым министрінің кеңесшісі ретінде Жоғары оқу орындарындағы білім сапасын жетілдіруге атсалысты. Министр, академик Б. Жұмағұловтың мектебінен өтті. Қазақстан Баллон Хартиясына қол қойғаннан кейін, білім саласына қатысты үлкен мінберлерде сөз сөйлеп, даулы мәселелер шешуге араласты. Іскер маманды министр өз жарлығымен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне Бірінші проректор етіп тағайындады. Өзі туып өскен өлкеде бір жылдай жұмыс істесе де, аталған білім ордасында өзіндік қолтаңбасы қалды. Білім сапасын жақсартуда, жас мамандар дайындауда қыруар жұмыс атқарды. Кітапхана жұмысын жаңартып, білім беру жүйесінің жаңа белеске көтерілуіне бар күш жігерін жұмсады. Бір жылдан кейін министрлікке қарасты Алматыдағы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтына директордың орынбасары етіп жіберді. Ол осы қызметте он жылға жуық еңбек етті. Атақты академиктер Р.Сыздықова, Ә.Қайдаров, Ш.Сарыбаев, Ө.Айтбаевтармен бірге Сансызбай Шәрапиұлы институт жұмысын жаңаша құрды. Бірнеше халықаралық ұйымдармен байланыс орнатып, ғалымдардың тәжірибе алмасуларына мүмкіндік жасады. Көптеген ғылыми тәжірибелік конференциялар өткізіп, түркі тілдес халықтардың басқосулары ғылым көкжиегін кеңейтті.

 Білім мен ғылым саласының білікті ұйымдастырушысы Сансызбай Шәрапиұлы 2021жылы өзі білім алған қарашаңырақ – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетіне декан болып тағайындалды. Бір жылдан астам қызмет еткен ол абыройлы жұмыс істеді. Оқу бағдарламалары жаңартылып, тәртіп қатаң қолға алынды. Факультетте ҚР Журналистер Одағының бөлімшесі ашылып, жастар тартылды. Бұрынғы әдеби үйірмелердің жұмыстарына тың серпін берілді, мазмұны жаңарып, айтулы жазушы, ғалымдармен өткізілген үлкен басқосулар жұмысы жанданды. Сырттан мамандар тартылып, шетелмен байланыстар нығайды. Журналистика факультетінің жаңа эмблемасы пайда болып, ғалымдар кітаптары жаңа форматта басыла бастады. Ең бастысы, оқу үрдісіне, сапасына баса назар аударылып, жаңа деңгейге өтті.

Сансызбай Шәрапиұлы жиырмадан астам ғылыми, жүзден астам публицистикалық мақалалар, «Дәуір тарланы», «Бақытқа барар жолда», «Бес мүшел белесінде», «Алтын ұя», «Қасым хан» атты кітаптардың, «Зиябек ақын мұрасы» атты монографияның, екі оқулық авторы. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жылнамасының (І, ІІ, ІІІ том) жауапты шығарушысы. Оның ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде осы оқу орнында қызмет істеген ұстаз-ғалымдардың, түлектердің еңбектерін кейінгі ұрпаққа үлгі ететін «Өнегелі өмір» аты кітап сериясы жарық көре бастады. 

Сансызбай Мәдиев ғылым саласына өзіндік қолтаңба қалдырған ғалым. Ол 2012 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Алтын орда дәуіріндегі жазба ескерткіштер және қазақ әдебиеті» атты тақырыпта қомақты грантын иеленді. Өзі жетекші болып, бірнеше шетелдік конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. 

Сансызбай Шәрапиұлының саналы ғұмыры Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тікелей байланысты. Университеттің түлегі шығармашылығы толысқан уақыттан, қазір де Журналистика факультетінде дәріс оқып, шәкірт тәрбиелелеп келеді. 

Биыл қаламгер, журналист, ғалым Сансызбай Мәдиев алпыстың белесіне көтеріліп отыр. Еліміздің ғылым мен білім саласының абыройы асқақ, мерейі үстем болуына қолынан келгенінше еңбек етіп келе жатқан филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сансызбай Шәрапиұлының осы уақытқа дейінгі мұрасы жас ұрпаққа тағылымы мол құнды дүниеге айналды. Ал үлкенге ізетті, кішіге құрметті Сәкеңнің тілектес шәкірті әрі інісі ретінде алдағы уақытта да жазары көп, алар асуы биік болсын деймін!

Болатбек Төлепберген,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

философия ғылымдарының 

кандидаты