ЖАСАЙ БЕРСІН ЕЛІМНІҢ ЖАС ҚАЙРАТЫ!
2025 ж. 12 ақпан
832
0

Тәрбие – ұлттың болашағын қалыптастыратын маңызды құндылықтардың бірі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзі осының айқын дәлелі.
Ахмет Ясауи университеті Қазақстан мен Түркітілдес елдерден келген студенттерге сапалы білім беру арқылы елдің болашағына жауапкершілікпен қарап, бәсекеге қабілетті, заманауи дағдыларға ие кәсіби мамандарды даярлауды басты мақсат етіп келеді.
Жастарды салауатты өмір салтына баулу – университеттің басты міндеттерінің бірі. Спорттық-сауықтыру орталығының бұл бағытта атқарып жатқан шаралары білім беру мен тәрбиенің үйлесімді дамуына ықпал етуде. Қазір университетте 13 спорттық үйірме жұмыс істейді. Олардың қатарында қазақ күресі, дзюдо, самбо, еркін және әйелдер күресі, таеквондо, бокс, баскетбол, волейбол, кіші футбол, ауыр атлетика, тоғызқұмалақ және үстел теннисі сияқты спорт түрлері бар. Үйірмелерді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушылары, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері және құрметті спорт қызметкерлері өткізеді. Осылайша, жастардың спорттық белсенділігі олардың денсаулығын нығайтып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Жүйелі жұмысымыз алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, бұдан да жоғары нәтижелерге жетелейді деп сенеміз.
Ал, ең бастысы, спортшы студенттеріміздің халықаралық аренадағы нәтижелері университетіміздің жетістіктерін еселей түсуде. Байрақты бәсекелерде еліміздің намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген студенттеріміз көп. Өз кезегінде, оқу орнымыз тарапынан спортшыларға қаржылай сыйақы мен қолдау көрсетіледі. Мәселен, олимпиада ойындарында жүлде иеленген студенттерге 3 000 000 теңге, әлем чемпионатында жеңіске жеткендерге 1 000 000 теңге, ал Азия және Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлеріне 300 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы береді.
Университетте студенттердің көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында студенттік басқару жүйесі жұмыс істейді. Бұл – жастарды жауапкершілікке, көшбасшылыққа және қоғамдық белсенділікке баулудың тиімді құралы. Соның нәтижесінде, студенттер өздерінің әлеуетін толық іске асырып, ел болашағына елеулі үлес қосатын азаматтар болып қалыптасуда.
Студенттік парламент жастарды ұйымдастырып, олардың шығармашылық және әлеуметтік дамуына мүмкіндік береді. Жыл сайын дәстүрлі түрде студенттік президент сайлауы және клубтар көрмесі өткізіледі. Студенттік парламент құрамына университетіміздің 9 факультетінің студенттік деканаттары, «Шаңырақ» студенттік клубтар координациялық басқармасы, түрлі министрліктер, амбассадорлар, жатақхана старосталары және Түркі әлемі студенттерінің лидерлері кіреді. Мұндай көпқырлы құрылым студенттердің әртүрлі мүдделері мен қажеттіліктерін ескеріп, олардың бірлесіп жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Оқу ордамызда Түркі әлемі жастарының бірлігін, рухани құндылықтарын сақтап, өзара ынтымақтастықтарын дамыту мақсатында көптеген шаралар мен бағдарламалар жүзеге асырылады. Түрлі мәдени және ғылыми іс-шараларының бірден-бір мақсаты – жастар арасында ынтымақтастықты нығайтып, ұлттық ерекшеліктерді құрметтеу арқылы ортақ болашаққа деген жауапкершілікті арттыру.
Университетіміздегі жастардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету және олардың шығармашылық, ғылыми, әлеуметтік әлеуетін арттыру мақсатында студенттік клубтарға ерекше қолдау көрсетілуде. Бұл қолдау тек материалдық тұрғыдан ғана емес, студенттердің қабілеттерін ашып, үлкен жетістіктерге жетуіне жағдай жасау арқылы да жүзеге асып келеді. «Шаңырақ» студенттік клубтар координациялық басқармасына қарасты 22 клуб халықаралық және республикалық деңгейдегі іс-шараларға белсенді қатысады. Мысалы, «Yasawi Debate», «DAS Yasawi», «Жас дипломаттар» клубы, KazMSA секілді ұйымдар белсенді түрде жұмыс істеп, конференциялар, семинарлар, тренингтер мен олимпиадалар ұйымдастырып, студенттердің әлеуметтік және ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Оқу орнымыздағы тағы бір керемет жобаға тоқталғым келіп отыр. Халықаралық университетіміз өз статусына сай түрлі серіктестік негізінде студенттерін шетелге жібереді. Қоғамдық жұмыстарда белсенділік көрсеткен, үлгерімі жоғары 40-50 студентке «Түркиядағы жазғы мектеп» бағдарламасын ұсынады. Білім алушыларымызға Түркияның 10-нан астам қалаларында жазғы демалысын өткізуге мүмкіндік береміз. Бұл бағдарлама студенттердің жаңа мәдениетпен танысып, білімін жетілдіруіне, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасуына ықпал етеді. Жастардың шетелдік оқу орындарымен байланысын нығайтып, олардың дүниетанымын кеңейтуге зор үлес қосады.
Университет студенттері үшін психологиялық және медициналық қолдау көрсету бағытында да көптеген мүмкіндіктер жасалған. Оқу ордамыздың базасында орналасқан Психологиялық қолдау көрсету бөлімі студенттерге тегін қызмет көрсетеді. Бұл бөлімде мамандар студенттердің эмоционалдық жағдайын жақсартуға, күйзеліс пен стрессті жеңуге, оқу үдерісіне бейімделуге көмек береді.
Сонымен қатар, университет клиникасы студенттер үшін тегін медициналық қызмет ұсынады. Білім алушыларымыздың денсаулығына байланысты мәселелерді дер кезінде шешу және алдын алу шараларын ұйымдастыру – университеттің басты міндеттерінің бірі.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен қауіпсіз ортаны қалыптастыру бағытында да ауқымды іс-шаралар өтеді. Нашақорлық, буллинг, экстремизм, қаржылық сауаттылық және деструктивті діни ағымдарға қарсы семинарлар өтті. Әскери-патриоттық тәрбие аясында «QAISAR» жобасы мен «Сарбаз болғым келеді!» акциялары жүзеге асырылды. «Болашақ прокурор кеңістігі» ашылып, құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары қолға алынды.
Қорыта айтар болсақ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жастардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды табысты жүзеге асыруда. Бұл жүйелі жұмыс болашақ ұрпақты рухани бай, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде тәрбиелеуге септігін тигізеді.
Бүгінгі ізденімпаз жастарымызға қарап тұрып көңіл тоғайғанда: «Жасай беріңдер, еліміздің жас қайраты! Ертеңгі халық тағдыры сендердің қолдарыңда» дегің келеді.
Еділ ТӨЛЕГЕНОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры