ШЫМКЕНТ САПАРЫНАН ШЫҒАР ҚОРЫТЫНДЫ КӨП
2025 ж. 24 қаңтар
74
0
КОСТЮМІ ШЕТЕЛДІК КӘСІПОРЫНДАРДАН КЕМ ЕМЕС «SAMRUK. SJ»
Жақында өңірлерге елмен кездесуге шыққан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Шымкенттегі сапарын костюм тігетін «SAMRUK. SJ» кәсіпорнынан бастады.
2025 жылдың 8 қаңтарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Шымкент қаласында орналасқан «SAMRUK.SJ.» костюм шығаратын кәсіпорнына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол кәсіпорынның жұмысымен және қызметкерлерімен танысты. Депутатты кәсіпорынның директоры Сапарбек Ташмұхаммедұлы қарсы алып, мекеменің өндіріс процестерімен және жетістіктерімен таныстырып шықты.
Шымкенттегі «SAMRUK. SJ» кәсіпорны 2015 жылы құрылған және қазіргі таңда костюм өндірісі саласында аймақтық жетекші орынға ие. Жүзге жуық адам істейтін мекеме заманауи технологиялармен жабдықталған және жоғары сапалы отандық өнімдер шығарумен айналысады. Сапар барысында Қазыбек Иса кәсіпорын қызметкерлерімен еркін сұхбат жүргізіп, олардың жұмысы мен әлеуметтік жағдайлары туралы пікір алмасты.
-Мен бұл кәсіпорынның өнімімен өткен жылы күзде таныстым. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбішев хабарласып, осы кәсіпорынның өнімдерін көруді ұсынды. Келіп , көрген кезде, шығарып жатқан костюмдері шетелдік, мысалы, Түркия, Италия тб Еуропа елдері өнімінен ешқандай кем емес екеніне көзіміз жетті. Сондықтан, өзіміз де сатып алдық. Әріптестерім көріп, «Өзіміздің елде, Шымкентте тігілген костюм» десем, бәрі риза болып, сұраныс білдіруде.
Үкімет осындай, айына 3 мың жоғары сапалы, сәнді костюм шығаратын өндіріс орындарын қолдау керек.
Сонымен қатар, кездесуде «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Мұхтар Шымыров та қатысты. Ол кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлеріне партияның экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бағдарламаларын түсіндіріп, жергілікті деңгейде кәсіпорындарды қолдау тетіктері туралы айтты.
ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕР ҚАРЖЫЛАРЫН АЛА АЛМАЙ, ҚҰЛДЫРАУҒА ЖАҚЫН ТҰР…
Қаржы министрлігі бұл мәселеге қырын қарамауы тиіс…
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Қазыбек Иса Оңтүстік өңіріндегі жұмыс сапарында бірқатар өндіріс орындарының, әлеуметтік мекемелердің, білім және мәдениет салаларының тыныс-тіршіліктерімен танысты.
Шымкент қаласындағы «Auzhan KTL» көп тілді лицейінде аталмыш білім ошағының құрылтайшысы Әлімхан Әужановтың басшылығымен өткен басқосуда шаһардағы жекеменшік мектептердің бүгінгі жай-күйлері ортаға салынды.
Кездесуге Шымкент қаласындағы оншақты мектеп директорлары қатысты. Олар өз ұсыныстарын айтып, білім беру саласындағы түйткілді мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, еңбекақыны көтеру, аттестациялау жүйесін жетілдіру сынды маңызды мәселелер талқыланды. Директорлар бұл ұсыныстардың тиісті орындарға жеткізілуін сұрап, қолдау білдіруін өтінді.
Шынында, бүгінде еліміз бойынша жеке кәсіпкерлердің қаржысы есебінен 800-ден астам жекеменшік мектеп жұмыс істеуде. Соның арқасында оқушылар саны көп Оңтүстік өңірі мен ірі қалаларда үш ауысымды оқу мәселесі оң шешімін таба бастаған. Бұл — министрліктің кезіндегі мемлекеттік тапсырыспен жан басына қаржыландыруды енгізген мақсатты саясатының нәтижесі. Бір ғана Шымкенттің өзінде 2023 жылы жеке кәсіпкерлердің күшімен 46 жекеменшік білім ошағы пайдаланылуға берілді. Соның нәтижесінде қаладағы 586 мың оқушының 132 мыңы жекеменшік мектептен білім алуда.
Десек те, Мәжіліс депутатымен кездесуге келген қаладағы жекеменшік мектеп директорларының айтуынша, өздері басқарып отырған білім ошақтарының қазіргі жай-күйі дабыл қағарлық жағдайда екен. Әсіресе, ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтін мектептер банкрот болудың сәл-ақ алдында тұр. Ең басты кедергі — мемлекеттік қаржыландыру өз деңгейінде жүргізілмеуінде. Көптеген мектептер 2023-2024 оқу жылына арналған қаржыландыруды күні бүгінге дейін толығымен алмаған. Бүгінгі таңда мемлекеттің жекеменшік мектептерге берешегі 80 млрд. теңгеге жетіп отыр. Соның салдарынан білім ошақтары мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер, салық төлемдері алдында қарыз болып қалуда.
Басқосу барысында жекеменшік мектеп өкілдері Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаны төмендегі орын алып отырған түйткілді мәселелермен хабардар етті:
— “Қаржы“ АҚ оператор ретінде жекеменшік мектептермен оқушылардың санына қарай жан басына шаққандағы қаржыландыруын жүзеге асыруға келісім-шартқа тұрған. Алайда, өткен жылдың жаңа оқу жылынан бастап қаржыландыру нашар. Мәселен, мектептен шыққан оқушыны есепке алып, төлем жүргізуін бірден тоқтатса, ал, жаңадан қабылданған балаға қаржы бөлінбейді.
— Мемлекет жекеменшік мектептерді 9 ай ғана қаржыландырады. Бұл ұстаздардың жаздық сауықтыру ақысы мен кезекті еңбек демалысының шығындарын жаба алмайды.
— Оқушыларға тегін оқулық кітаптар берілмейді.
— Ұстаздардың біліктілігін арттыру курстары қамтамасыз етілмеген.
— Әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары мемлекеттік білім ошақтарында алатын мектеп формасын жекеменшік мектептерде ала алмайды т.б.
Жиын барысында мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке беріледі деген де сөз шықты. Бұл жағдайда жекеменшік мектептердің жағдайы одан сайын қиындай түспесіне кім кепіл?
Жекеменшік мектептердің бұдан да басқа түйткілді мәселелерінен хабардар болған Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса сайлаушыларының бұл аманатын тиісті құзырлы орынның алдына мәселе етіп қойып, нәтиже шығаруға тырысатындығын жеткізді. Білім беру саласындағы кез келген бастамаға қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, мектеп директорларының ұсыныстарын Парламент деңгейінде көтеруге уәде етті. Сонымен қатар, ол білім беру саласы ел болашағының негізгі тірегі екенін баса атап өтті.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда “Ana tili” газетіне берген сұхбатында “Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды… Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады” деп, жергілікті кәсіпкерлердің еңбегіне жоғары баға беріп кеткен болатын.
Сондықтан да, бәсекелі білім беруде болашағы зор жекеменшік мектептердің жағдайын қолдаймыз. Бұл өте маңызды мәселені біз “Ақ жол” фракциясында, парламентте талқылап, үкіметтің алдына қоямыз. Жақсы дамып келе жатқан жекеменшік мектептерді орта жолда, қайраңда қалдырмауымыз керек. Қаржы министрлігі бұл мәселеге қырын қарамауы тиіс.-деді депутат Қазыбек Иса.
Қазыбек Иса Парламенттегі “Ақ жол” фракциясының атқарған жұмыстары мен бастамалары бойынша айтып өтті. Парламентте қабылданған бірнеше маңызды заңдарға тоқталып өтті. Атап айтқанда «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Заңсыз активтерді қайтару туралы» және «Азаматтық алу туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы. Яғни, бұдан кейін Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды «Ақ жол» фракциясы атынан өзі ұсынғанын атап өтті. Бөлшек саудада салықтың екі есе түсуіне «Ақ жолдың» ұсынысы себеп болғанын да жеткізді.
Кездесу соңында жиналғандар лицей аясындағы әйгілі жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков атындағы әдеби орталықпен танысты.
Кездесуде «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Мұхтар Шымыров пен «Ақ жол» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасы орынбасары Әлінұр Әкімбай қатысты.
XI ҒАСЫРДА БОЛҒАН КӘРІЗ ҚҰБЫРЫ XXI ҒАСЫРДА ӘЛІ ЖОҚ...
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Шымкент қаласындағы №51 орта мектебінде жергілікті ауыл билері мен мектеп ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында тұрғындар өзекті мәселелерді көтерді. Олардың бірі – 200 мыңдай тұрғыны бар «Қатын көпір» ауданында канализацияның, кәріз құбыры жүйесінің болмауы мен Қошқар ата өзенінің тазалығы. Сондай-ақ, мектеп мұғалімдері білім саласындағы кадр мәселелеріне қатысты пікір білдіріп, педагогтарды конкурстық іріктеу арқылы қабылдауды ұсынды. Қазыбек Иса бұл мәселелерді жергілікті деңгейде шешудің маңыздылығын атап өтіп, оларды жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмаларды «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Мұхтар Шымыровқа тапсырды.
- Мен өткен жылы жазда келгенімде елдің өтініші бойынша №51 мектепке осы ауылдан шыққан, 18 жасында қан майданда ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Ережепбай Молдабаевтың есімін беру мәселесін Мәдениет министрлігіне ұсынғанбыз. Қазір бір тұлғаның атын бір жерге беру үшін ол «Тарихи тұлғалар» тізіміне кіруі керек. Ал қазір атын адам танымайтындардың көбісінің атына ауыл, көше, мектеп беріліп жатқанда, Кеңес Одағының Батыры Ережепбай Молдабаевтың есімі «Тарихи тұлғалар» тізіміне енбей қалыпты. Алдымен осы мәселені шешіп алу керек болды жергілікті өкілетті органдар. Бұл мәселе қазір қозғалып жатыр. Қалалық ономастика комиссиясы Ережепбай Молдабаевтың есімін «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу үшін шешім шығарып, тізім ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне бекітуге жолданды. Құдай қаласа, биыл мектептің 90 жылдығына дейін бұл игілікті іс іске асып, мектепке батыр атамыздың аты беріледі деп сенеміз.- деді депутат Қазыбек Жарылқасынұлы.
Сонымен қатар депутат «Қатын көпір» ауылындағы канализация жоқтығына тоқталды.
-Жақында Түркістандағы X-XI ғасырдағы Шойтөбе қаласының қазындысы жарияланды интернетте. Сонда қаладағы канализацияның, кәріз құбырлары табылған. Сонда осыдан он ғасыр бұрынғы шаһарларымызда кәріз суы құбыры болған да, XXI ғасырдағы еліміздегі үшінші мегаполист Шымкент қаласында әлі күнге дейін канализация жоқтығы қиын екен... Бұл мәселе шешімін табуы тиіс.
Қазыбек Иса ауыл үшін маңызы зор бұл мәселені «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Мұхтар Шымыровқа қала әкімдігі алдына қоюды тапсырып, өзі қадағалауға алатынын айтты.
Кездесу қорытындысында қатысушылар жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және білім беру саласын дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар берді.
Жиынға Шымкент қалалық мәслихатының VII шақырылым депутаты Жамалбек Жораев, «Ақ жол» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасы орынбасары Әлінұр Әкімбай қатысты.
КӨКБҰЛАҚТА КӨП ІС БАР...
Шымкент қаласы Абай ауданы Көкбұлақ аулына мәдениет үйін салу біраз жылдың мәселесіне айналған еді. Бұл мәселені тұрақты көтерген ауыл белсендісі Мираш Насыр бастаған тұрғындардың сұрауымен «Ақ жол» партиясы бұл мәселені жергілікті биліктің алдына бірнеше мәрте қойған болатын. Ақыры, қазығы қағылған ауылдың мәдениет үйінің құрылысы былтыр күзде біткен еді.
2025 жылдың 8 қаңтарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” ҚДП төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келгенде осы Көкбұлақ ауылына да келді.
Депутат Қазыбек Иса қала маңындағы Көкбұлақ тұрғын алабында жаңадан салынған екі қабатты Мәдениет үйін аралап, жергілікті тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Аталған Мәдениет үйінің салынуына Қазыбек Исаның өзі бастамашылық етіп, қолдау көрсеткенін ауыл белсендісі Мираш Насыр бастаған тұрғындар ризашылықпен атап өтті. Сонымен қатар ауылға интернет желісінің келуіне де «Ақ жол» партиясының үлесі зор болғанын атап өтті олар. Сондықтан да болар, Мәдениет үйінің директоры, белгілі айтыскер ақын, «Мәдениет қайраткері» Кәрима Оралова бастаған Көкбұлақтықтар ақын депутат Қазыбек Исаны арнау жыр айтып қарсы алды. Айтыскер ақын Мейіржан Жақып Қазыбек Исаға жырмен алғыс айтты.
Кездесу барысында тұрғындар бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Олар, әсіресе, көшелерді жарықтандыру, мектептен қайтатын балалардың қараңғыда қорқатынын айтты. Сондай-ақ, жабық спорт кешенін салып беру және балаларға арналған ойын алаңшасын орнату туралы өтініштерін жеткізді.
Қазыбек Иса парламентте қабылданған бірнеше маңызды заңдарға тоқталып өтті. Атап айтқанда «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Заңсыз активтерді қайтару туралы» және «Азаматтық алу туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы. Яғни, бұдан кейін Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды «Ақ жол» фракциясы атынан өзі ұсынғанын атап өтті.
Қазыбек Иса барлық айтылған мәселелердің жерде қалмайтынына, бәрін тиісті органдарға жеткізуге, шешімі табылуына ықпал ететінін айтты.
Ақын депутат та, өзін өлеңмен қарсы алған ауыл тұрғындарына бір ауыз өлеңмен суырып салып, алғыс айтып, қоштасты.
Бұл сапардың маңызды нәтижесі – депутат пен халық арасындағы тікелей диалогтың орнауы болды.
Әбдімәлік АҒЫБАЙ,
Шымкент қаласы