ЕЛГЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ЕР АҒАМЫЗ ЕДІ…
2024 ж. 10 желтоқсан
1273
1
Ордалы Оңтүстікте, шежірелі Шардара өңірінде ел ағасы, Түркістан облысы Шардара ауданының Құрметті азаматы, қадірлі ағамыз Жұмабай Исым Шақайұлы дүниеден өткеніне де бір жылға жуықтап қалыпты.
Ағайын ғана емес, жалпы қазаққа болсын деп жанұшырып жүретін Жұмабай Есім алдымыздағы арқа сүйер ағамыз еді… Біз осы өңірде ел аузында жүрген, қайқы қылышы әлі күнге ұрпақтарында сақталып келе жатқан Құлажан батыр Қошқарбайұлының Санияздан туған немересі Мырзададан туған ағайынды Исым мен Исаның ұлдары Шақай мен Жарылқасыннан тарайтын туыстар едік. Біздің үйіміз 1965 жылы Киров ауданындағы Алғабас ауылынан (қазір Жетісай ауданы) Шардара ауданындағы алғашқы күріш шаруашылығы
“Қоссейіт” ауылында көшіп келіп, тұрып жатқанымызда жаңа шаруашылыққа жан-жақтан қоныс аударышылар келіп жатқан кез еді. Ешкім бір-бірін жақсы тани қоймайды.
Сөйтіп жүргенде, 1970 жылы Сырдың арғы бетіндегі Ащыкөлден туыстарымыз Шақай мен Текебай аталарымыз көшіп келіп, бір қауым ел көшіп келгендей қуанып қалдық.
Шақай атамыз алғаш ауылдың шет жағындағы дәу каналға жақын Үлкен Сейіт қорымы жақтағы ескі үйде тұрды. Біз өзіміз сияқты балалардың ата-әжелеріне қатты қызығып өстік. Сөйтіп жүргенде ауылға көшіп келген Шақай атамыз бен Тұмар шешемізді көруге кішкентай болсақ та, ауылдың мына шетінен арғы шетіне іздеп барушы едік.
Атамыз балажан еді. Құшағына алып сүйгенде сақалы бетімізді қытықтайтын. Бірақ көңнар ішіп, мүлгіп отырғанда көңілін бұзып, бұзықтық жасай қалсаң, таяғын алып, қуалап шығатын. Атқа мініп жүрген кезін де көріп қалатынбыз. Соқталдай ұлдары Сәрсенбай, Бейсенбай, Жұмабайларды көріп, ағаларға да, ата-әжеге де, туыстарға бай болып шыға келген едік.
Кейін бәріміз Шардара ауданындағы алтыншы күріш шаруашылығы “Қызылқұм” кеңшарына көшіп бардық.
Шақай атамыздың кенже ұлы Жұман көкеміз тек туыстарға ғана емес, ауыл-аймаққа ардақты ел ағасы бола білді. “Қызылқұм” кеңшарының тұңғыш және соңғы директоры болып, жиырма жылға жуық басқарған Батырбай Сейданұлының жанында көмекшісі болып жүрді. Шаруашылықтың қазығын бірге қағысып, шаңырағын көтерісті, керегесін кеңейтуге үлес қосты. “Қызылқұм” ауылында жүргізушіден бас агрономға дейін еңбек жолынан өтіп , кеңшар басшыларының біріне дейін өсті. Кейін мақта өсіретін “Ақ алтын” кеңшарына директор болып, кеңшарлар тарағанға дейін басқарды.
Жұмабай Шақайұлы қаншама жыл ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Мемлекеттік марапаттарға ие болды. Шардара ауданының Құрметті азаматы атанды. Өмірінің соңына дейін Қызылқұм ауылының биі болып, елді ынтымақ-бірлікке шақырып, ағалық ақыл-кеңесін айтып отыратын. Ағайынның жиын-тойы Жұмекеңнің басқаруынсыз өтпейтін. Ауылға келген аудан басшылары алдымен Жұмекеңмен ақылдасатын.
Жұман көкеміз ел ағасы ретінде қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсене араласты. Әділеттілік жолында өз ой-пікірін ашық білдіріп жүрді.
Парламенттік сайлаулар кезінде биліктің әдеттегідей “Ақ жол” партиясына халықтың берген дауысын еселеп азайтатын, бұрмалаушылықтарына батыл қарсы тұрып, айыптады. Мен қатысқан барлық парламент сайлауында ауыл-аймақты өзі басқарып жүрді. Сондықтан да болар, ауданға еңбегі сіңген Жұмабай Исымовқа Шардара ауданының Құрметті азаматы атағы қатарластарынан кейіндеу берілді…
Иә, Жұмекең “Ақ жол” партиясы құрылған кезінен бастап, барлық кезде қолдап келе жатқан өкілі еді...
“Ақ жол” партиясының 2002 жылдан бері қазығын қалауға өңірлерде еңбек сіңірген, 2015 жылы елімізді дамытуға сіңірген еңбегі мен қоғамдық-саяси белсенділігі үшін “Ақ жол” партиясының “Қазақ хандығына 550 жыл” медалымен марапатталған, Жұмекеңнің қайтыс болғанын естігенде, ҚР Парламент Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Тұрлыбекұлынан бастап, “Ақ жол” партиясының басшылары көңіл айтып, жаназасына, қоштасу жиынына арнайы мені жіберген еді.
Мемлекет және қоғам қайраткері, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткер Ислам Әбіш арнайы Жұмекеңнің шаңырағына арнайы келіп, құран оқып қайтқан болатын.
Астанадағы ағайындардың барлығы да көңіл айтты.
Жаназа жиынында кезінде Қызылқүм ауылында аймаққа аты белгілі айтулы еңбек ардагері болған Батырбай Сейдановтың басқаруымен құрылған кеңшарда бас агроном, бөлімше басқарушысы болған Жұмекеңнің орынбасары болып, бірге тізе қосып еңбек еткен, кейін ҚР Жоғары Кеңес депутаты болған, екі ауданды басқарған Зәуірбек Салықбай екеуміз қоштасу сөзін айттық.
Сондағы Жұмекеңнің кеңшарға сіңірген бар еңбегін жеріне жеткізе айтқан Зәукеңнің:
-Осы Қызылқұм кеңшарын құраған Батырбай Сейданов пен Жұмабай Исымовтың еңбегінің нәтижесі міне, гүлденген ауылымыз. Міне, еткен еңбектің нәтижесі - Жұмекең өмірден өтіп бара жатқанда қоштасуға Парламенттің бұрынғы және қазіргі екі депутаты - сонау Астанадан арнайы ұшып келген, қазір екі жыл қатарынан еліміз бойынша дауыс беруде Мәжілістің ең үздік депутаты атанған Қазыбек Иса інісі екеуміз келіп, тағзым етіп тұрмыз. Осыдан-ақ Жұмекеңдердің еңбегі далаға кетпегенін, жапырағын жайып, жемісін беріп жатқанын білуге болады!”-деген сөзі елді ұйытты.
Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша сырттай бітірген Жұмекең қай саладан сөз қозғасаңыз да, қамшы салдырмайтын білімді де, білікті, алғыр еді. Әңгімені әдемі айтатын, тауып сөйлейтін шешен еді.
Біз секілді інілерін үнемі қолдап, қуаттап отыратын. Парламентте ауылшаруашылығына байланысты, жер мәселесі, жайылымға байланысты депутаттық сауалдар жасағанда ауылға хабарласып, Жұман ағамыздың ақыл-кеңесін алып отырушы едік.
Өткен күзде ғана немересін үйлендіргенде Шымкентке бар ағайынды шақырып, үлкен той жасап еді. Одан кейін ауырып, ауруханаға жатқанда да хабарласып тұрдық. Ауруханадан күрделі ота жасатып шыққасын, Шымкенттегі үйіне кіріп, көңілін сұрап та шығып едік. Тәуір болып келе жатқандай көрінген.
Осыдан үш-төрт күн бұрын телефон соққанымда дауысы әлсіз екен, зорға сөйлеп тұрды. Сонда секемденіп қалған едім.
Өзі ауырып жатып, маған қуат беріп, мені қолдап жатыр қайран ағам. “Айналайын Қазыбекжан! Халықтың сөзін сөйлеп, Ұлттың мүддесін қорғап келе жатсың, осы бағытыңнан тайма! Ең үлкен атақ - Елдің сенімі мен Халықтың қолдауы! АЛЛА осы абыройыңнан айырмасын! Ағайындарға сәлем айт. Аман болыңдар!”-деген еді.
Бұл біздің ең соңғы тілдесуіміз екен…
Алладан үкім келді - амал жоқ.
Құдай қаласа, Жұмекеңнің өмірі мен еңбегі туралы кітап дайындалып жатыр. Зәуірбек ағамыздан бастап өз естеліктерін беріп жатыр ел ағалары, жақын серіктері мен достары.
Ағамыздың алды пейіш, арты кеніш болсын дейміз. Құдай ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін.
Пейіште рухы шалқи бергей.
Иманы саламат болсын!
Қазыбек ИСА,
ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” орденінің иегері. Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты.. “Парасат” және “Құрмет” ордендер>і иегері.
«Қазақ үні»