БІЛІКТІЛІГІНЕ ТӘНТІ БОЛАТЫНБЫЗ...
2024 ж. 10 желтоқсан
1210
0
Мен, 1983 жылы қараша айының 14-жұлдызы күні Шардара ауданы «Қызылқұм» кеңшарына қызметке келдім.
Батекең (Батырбай Сейданов) екінші бөлімнің меңгерушісі Жұмабай Исым шақырып, мені таныстырып, «бүгіннен бастап, екінші бөлімшенің агрономі» болады, – деді.
Бөлімшеде жазғы терімнің бітіп, күздік арпа-бидай егісі басталғалы тұрған кезі екен. Жұмекең бірінші күннен маған сенім артып, толық еркіндік берді. Сондағы Жұмекеңнің айтқаны, «жақсы болды, мен енді көктемге дейін рахаттанып демалатын болдым» деді. Бөлімше қызметкерлерін, жұмысшыларды механизаторлары жинап, мені таныстырып, бүгіннен бастап, барлық агротехникалық жұмыстар, осы агрономның басшылығымен жүргізіледі, – деді.
Жұмекеңнің мені өте жақсы қарсы алғанының нәтижесі болар, жұмысты толық жақсы игеріп кеттім. Батекең бөлімшенің жұмысын менен сұрай бастады. Алғашында онша түсінбедім, себебі, күнделікті жиында Батекең басқа бөлімшелердің басшыларынан сұрап, оларға ұрсатын. Жиыннан қапа болып шыққанда, Жұмекең жігерлендіріп, қоятын. Сөйтсем оның барлығы тәрбие екен.
Жұмекең өте ақкөңіл, ешуақытта өтінішке жоқ демейтін, кең пейіл, қандай жағдай болмасын жәрдем беретін, көпшіл адам болатын. Бөлімшеден Жұмекеңде, Лесханда және Сайлау деген механизаторда "Жигули" автомашинасы болатын. Ұжымда адамдардың әртүрлі жағдайы болады, соның барлығына Жұмекең көлігімен шапқылап жүретін.
Жұмекең мен Шолпан жеңгейдің қонақжайлығы ерекше болатын, екі күннің бірі демей-ақ қояйын, бірақ Жұмекеңнің үйіне қонаққа көп баратынбыз. Шолпан жеңгей күліп қарсы алатын.
Кеңшарда 1987 жылы, «Комсомол-Жастар» бригадасы құрылып, Батекең мені басшы етіп қойды. Біріншіден, елдің арқасы Батекең Жұмекеңдердің кеңшар басшыларының тәрбиесі үш жыл бойы Кеңес Одағы бойынша ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткіздік. 1989 жылы жылдың соңында ҚазССР Жоғарғы Кеңесіне комсомол жастардың атынан депутаттыққа ұсынылып, 1990 жылы Батекеңнің жан-жақты көмегінің Асхан досымның ұйымдастыруымен ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болдым.
Қызылқұм ауылынан небір саңлақ азаматтар шықты. Ол көп жылдық Батекеңнің басшылығы, Жұмекең, Еркінбек аға, Бекмұрат аға, Бейсен аға, Сапаралы аға т.б ағалардың қосшылығы арқасында қазақта айтып жатады, таудың биіктігі алыстаған сайын биіктесе, жақсы адамдардың адами қадір-қасиеті жыл өткен сайын айқындалып, ардақталады екен.
Жұмекең қайтыс болғанда қалың ел қоштасқан жаназасында айтып едім.
Осы Қызылқұм кеңшарын құраған Батырбай Сейданов пен Жұмабай Исымовтың еңбегінің нәтижесі міне, гүлденген ауылымыз. Міне, еткен еңбектің нәтижесі – Жұмекең өмірден өтіп бара жатқанда қоштасуға Парламенттің бұрынғы және қазіргі екі депутаты – сонау Астанадан арнайы ұшып келген, қазір екі жыл қатарынан еліміз бойынша дауыс беруде Мәжілістің ең үздік депутаты атанған Қазыбек Иса інісі екеуміз келіп, тағзым етіп тұрмыз. Осыдан-ақ Жұмекеңдердің еңбегі далаға кетпегенін, жапырағын жайып, жемісін беріп жатқанын білуге болады!
Бүгінгі күні Жұмекеңді еске ала отырып, өмірімнің сол бір азамат боп қалыптасар кезінде Жұмекеңдей, атпал азаматпен қызметтес болғаныма мың да бір алғыс дер едім.
Зәуірбек САЛЫҚБАЙ
Қаз ССР ХІІ-шақырылымдағы Жоғарғы Кеңесінің Халық депутаты
22 қараша 2024 жыл
Шымкент қаласы