Қазақ тарихына терең үңілген жазушының жаңа еңбектері жарық көрді
2024 ж. 04 желтоқсан
1840
0
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында қоғам қайраткері, жазушы Үзбен Құрманбайұлының «Адамзаттың ақ жолын мейірімділік заңдылығы ғана аша алады», «Менің Астанам – Ғажайып қала» кітаптары мен «Әлем Қазақтары» журналының тұсаукесері 15 қарашада өтті.
Іс-шараға белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері, журналистер және оқырмандар қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды. Шараны алғашқы сайланым Парламент депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын-жазушы, қазақ тілінде алғаш жазылған заңның авторы Әкім Ысқақ жүргізді. Ол іс-шараның маңызын атап өтіп, кітаптардың авторы, «Әлем Қазақтары» журналының бас редакторы Үзбен Құрманбайұлының еңбегін жоғары бағалады. Автордың туындылары еліміздегі барлық кітапханалар мен оқу орындарына, мектептерге кеңінен таратылып, оқырмандар игілігіне жарайтынын айтты.
Алғашқы болып сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, академик Өмірзақ Озғанбаев Үзекеңнің әр еңбегіне жақсы таныс екенін және оның көтерген ұсыныстары қоғамға қажет екенін атап өтті. Әсіресе, «Адамзаттың ақ жолын мейірімділік заңдылығы ғана ашады» философиялық қағидасына ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Бұл мәселенің БҰҰ Бас хатшысына жолданғанын және әлемдік ұйымның оны ескерусіз қалдырмайтынына сенім білдірді. Үзбен Құрманбайұлының жазған көптеген кітаптарымен, шығармашылық туындыларына таныспын. Қазақ философия, Тағдыр, Жаңа Қазақстан кітаптарының орны бөлек, көтерген ұсыныстары құнды. Ал бүгінгі тұсауын кестіріп отырған журналдар да оқырмандардың ойынан шығатынына күмәнім жоқ. Осындай игілікті істер атқарып жүрген Үзекең ініме шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тілеймін деді.
Кітап және журнал туралы пікірлер:
Ақын-жазушы, қоғам қайраткері Жұмашәріп Шаһадатұлы «Менің Астанам – Ғажайып қала» кітабының қала тұрғындарына арналған бірегей еңбек екенін атап өтіп, оны әрбір мекеме мен тұрғынға таратудың маңыздылығын айтты. Мен бұл кітапты екі күн отырып оқыдым, жалпы Астана қаласы туралы түсінігіміз аз екенін ұқтым. Болып жатса бала-бақша, мектептерге, ары қарай тұрғындарға көптеп таратса, мекемелерге жүріп лекция оқылса дұрыс болар еді. Мемлекет қызметкерлерінің қазақ тілін игеріулеріне көмек болатын кітап екен. Ұғынықты, әрі қарапайым тілде жазылыпты. Елім, Астанам, халқым деп жүрегі соғып тұратын ағамызға Рақмет!
Келесі сөз кезегін алған қоғам қайраткері, мемлекет үздік педагогы Қажымұрат Нәсиұлы Үзбен Құрманбайұлының қазақ тарихы мен философиясына қосқан үлесін жоғары бағалап, оның еңбектерін үнемі оқитынын жеткізді. Мен Үзбенді Жаңа-Қазақстанның тарихшысы, және Философы ретінде танимын, солай бағалаймын. Жазған кітаптарымен туындылары көңілге қонымды, өзі де мейірімді, жазғандары да адамдарды баурап, өзіне тартып тұрады. «Менің Астанам-Ғажайып қала» кітабына байланысты біраз нәрсе дайындап келіп едім, оларды Жумашәрив інім айтып кетті, енді қайталамайын. Мемлекетіміз құрылғанына 800 жыл толғанын жаңа естіп, қуанып қалдым. Бұл туралы ой-ұсынысымды жазатын боламын. Ал Үзбен Құрманбайұлы өткен жылы ерен еңбегі медальімен сыйланыпты, оны да жаңа естідім, құтты болсын айтам. Шын ақиқатында Үзбен Құрманбай Қазақстан мемлекетінің еңбек еріне лайық адам, аман болса оған да жетер деп ойлаймын. Біз бір-бірімізді жақсы білетін тілеулес адамдар болдық, Үзекеңнің еңбегінен табыс тілеймін деді.
Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының орынбасары Қарлығаш Бекпатшақызы Үзбен Құрманбайұлына қауымдастықтың медальін тапсырды, Қауымдастық төраға бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың сәлемін жеткізді. Және өткен жылы Қауымдастық қолдап Үзбен ағаға ерен еңбегі медальі тапсырылғанын хабарлады. Әрмен ДЖҚҚ-ның іс-қызыметі жүріп жатқанын, кезікті құрылтай шақырылатынын атап өтті. Үзбен ағаның атқарып жүрген еңбектерін жоғары бағалады.
Жазушы, қоғам қайраткері, Қонаевтанушы Ораз Қауғабай «Әлем Қазақтары» журналының жарыққа шығуына сәттілік тілеп, оның Қалдарбек Найманбаевтың атымен шығуының маңыздылығын атап өтті. Кезекті саны Шайсұлтан Шаяхметов атымен жарық көргеніне рахметін айтты. Сондай-ақ, журналдың бір санын Дінмұхамед Қонаевқа арнауды ұсынды. Бұл ұсыныс жиналысты басқарған Әкім Ысқақ тарапынан қолдау тауып, журналдың келесі санын арнауға тапсырма берілді. Дәл осындай ой пікірлерді қоғам қайраткерлері Асқат Базарқанұлы, Әнуарбек Ералы, Сейдахмет Сейтжапарлар ортаға салып, Үзбен ағадан шығармашылық табыстар тіледі.
Үзекеңнің ұсыныстары жайында:
Қоғам қайраткері Қайырды Назырбаев уақыттың тығыздығына байланысты сөз ала алмадым, сондықтан бірауыз сөзімді жазып қалдырайын: Үзбен Құрманбайұлының қазақ тарихы мен философиясын дәріптеудегі еңбегіне сәттілік тілеймін. Үзекеңнің еңбектері мен ұсыныстары қоғам үшін маңызды екенін қашаннан білем. Сондай-ақ, Үзбен Құрманбайұлының «Оралған бақыт, орындалған арман» кітабын сонау 2004-жылы Әлібек Асқардың тапсырмасымен мемлекет тарапынан мен шығартып бердім. Содан бері Үзекең 20-ға жуық кітаптар жазды. «Оралған бақыт, Орындалған арман» кітабының идеясы көптеген орталықтарда жазылып, халыққа насихатталып жүрді. Ал бүгінгі жыйында керемет жаңалық естідім деп ойлаймын, ал оны кейбіріміз байқамай да қалдық. Ол қазақ мемлекеті құрылғанына 800 жыл, қазақ деген атаудың пайда болуына 6000 жыл толғанын дәлелдепті. Дәл осы мәселені қайтадан жеке қарап, Үзбеннің дәлелдерін тыңдасақ қандай тамаша болар еді деп ойладым. Бұл мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін үлкен жаңалық, «СҮЙІНШІ» хабар деп ойлаймын. Дәл осы жаңалыққа байланысты Үзбен Құрманбайұлымен жеке сұхбат өткізу орынды. Егер тарихымызды осылай жаңғырта алсақ «үһ» деп қаларымыз анық. Жақсының жаршысы атанған Үзбен жолдасыма мың алғыс! Сонымен қатар, Үзекеңнің ЮНЕСКО дәрежесінде Мемлекетіміздің Ұлттық тойын жыл сайын атап өтіп отырайық деген ұсынысын ең алдымен Парламент Үзекеңді қатыстыра отырып сөйлесулері дұрыс. Шынында бізде бергісін айтқанда Монғолия мемлекеті дәрежесінде мемлекетіміздің ұлттық тойын тойлап отырсақ неге жаман боламыз, абыройымыз артып, халқымыз қуанып қалмай ма? деген ойға қаласың. Егер осылай тойлайтын болсақ мемлекетімізге, келешегімізге, ұрпағымызға орасан пайдалы болары сөзсіз. Оның сыртында «Адамзаттың ақ жолын мейірімділік заңдылығы ашады» идеясы әлем халқын тығырықтан шығаратын жол ретінде қарастырылыпты, бірінен бірі артық туындылар екен деп Қайырды Назарбаев Ақсақал жазбасын ұсынды.
Шараның соңында Әкім Ысқақ жиналған қонақтарға алғысын білдіріп, Роза Бағланова атындағы Қазақ концертінде өтетін Шәмші Қалдаяқов концертіне шақырды.
Ерхожа Тілепбердиев,
Қазақ үні