ГИППОКРАТ АНТЫНА АДАЛ ЖАН

ГИППОКРАТ АНТЫНА АДАЛ ЖАН

          Түркістан облысы Сарығаш ауданының денсаулық саласының дамуына елеулі үлес қосқан өз саласының майталман маманы Әсілхан Жүнісов мерейлі 75 жасқа толды. Мерейтой иесін адам жанының сақшысы десек болғандай. Адамның басты байлығы – денсаулық десек, осынау зор байлығымызды сақтау жолында тер төккен кәсіби білікті дәрігердің жүріп өткен жолына бір сәт көз тастасақ дейміз.

Дәрігер дертіне шипа іздеген жандарға кәсіби көмек көрсететін мамандық иесі болғандықтан кез келген уақытта ерекше құрметке ие. Десе де халықтың ықыласы мен сенімі бір күнде қалыптаспайтын белгілі. Сенім кәсіби білім мен ұзақ жылдар жан аямастан атқарылған қажырлы жұмыс арқылы келетіні рас. Тарихы қатпар Сарыағаш ауданының денсаулық саласында халықтың шынайы ықыласына ие болып, ерекше құрмет көрген ақ халатты абзал жандардың қатары аз емес. Бүгінгі «Мерейтой» айдары Гиппократ антын өзінің өмірлік ұстанымы еткен дарынды және «Алтын дәрігер» Әсілхан Жүнісовке арналып отыр. 

        Әсілхан Жүнісов Тойжанұлы 1949 жылы 1 қаңтар күні Шымкент облысы Киров ауданы Большевик елді мекеніндегі қарапайым шару отбасында дүниеге келді. Әкесі Жүнісов Тойжан Ұлы Отан Соғысының ардагері, анасы Жүнісова Айымхан колхозда жұмысшы болып еңбек еткен. Жүнісовтер отбасы 1954 жылы Сарыағаш ауданы Дарбаза елді мекеніне жанұясымен көшіп келді. 1956 жылы Дарбазадағы №29 орта мектепке бірінші сыныпқа барып, 1966 жылы 10 класты тәмамдап, арман қуып алып шаһар Алматыаға аттанды. 1968 жылы Алматы мемлекттік медицина институтының емдеу факультетіне түсіп, оқу орнын 1974 жылы аяқтайды. 1974-1975 жылдары Шымкенттегі облыстық ауруханада интернатурадан өтіп, жолдамамен қазіргі Бәйдібек ауданы Боралдай ауылдық емханасында ең алғашқы еңбек жолын бастайды.

         1978 жылы Әсілхан Жүнісов Сарыағаштағы шипажайға дәрігер болып ауысып келеді. Міне, содан бері 50 жыл Сарыағаш емдеу-сауықтыру орталығында табан аудармай қызмет атқарады. Қарапайым дәрігерден басталған еңбек жолында бөлім меңгерушісі, директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары, бас дәрігердің орынбасары қызметіне дейін тағайындалды.Шипалы қолдарымен талай дертті жандарға дауа дарытқан дәрігер кәсібилігін шыңдап, ізденуден әсте жалықпады. Ширек ғасырға татитын қызмет бабында медицина саласына өлшеусіз үлес қосты. «Сарыағаш» ЕОК ЖШС жұмысын жетілдіруге ұтымды әдістерді енгізіп, демалушылар мен емделушілерге шипалы ем-шара алуға, шипажайлық-курорттық жағдайларда емделудің біріңғай стандарттары мен құжаттамалық хаттамаларын әзірлеуге, практикалық жұмысқа жас мамандардың бірнеше буындарын дайындауға ат салысты. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттері мен мақсаттарын толықтырып жазып, әр маманға алгоритм мен шипажайда қабылданатын ем түрлерінің ережесін құрастырды. Күндізгі стационар бөлімін ашып, тиісті дәрі-дәрмектермен емдеу тәсілін жолға қойып, клиникалық лаборатория бөлімінде биохимиялық анализатор аппараты арқылы қанның биохимиялық көрсеткіштерін және гематологиялық анализатор аппараты арқылы арнайы қан талдау көрсеткішін жолға қойды. ВЛОК аппараты арқылы қан тазалау әдісін енгізді. Сонымен қатар түзды шахта кабинетін ашты. Физиоаппараттармен емдеу бөлімінде санитарлық-эпидемиолық талаптарға сай күрделі жөндөулерден өткізіп, заманауи физиоаппараттар: андрогин, биоптрон, оттегімен емдеу, оттегі коктейілі, лимфадренаж т.б. аппараттармен емдерді ұсынып жүзеге асырған курортология саласындағы ірі тұлға. Ұлттық Медицина Қауымдастығы ұйымдастырған халықаралық конференцияларда құнды баяндамалар жасап, шипажайлық-курорттық жағдайлардағы емдеу тәсілері жайлы 20-дан аса медициналық тақырыптарда еңбектерін жарыққа шығарды. 

          Жетпіс бестің төріне шыққан дарынды дәрігердің жүріп өткен жолы өнегеге толы. Ол жастық жалыны мен қабілетін, дәрігерлік мейірімі мен шапағатын бір орында тапжылмай еңбек еткен ұжымына арнады. Жемісті һәм жеңісті жылдарға толы болған қызметтік биігінде көптеген наградалар мен марапаттарға ие болды. Соның ішінде Әсілхан Тойжанұлы «Ұлттық Медицина Ассосациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Алтын дәрігер» медалі, БҰҰ қоғамдық ұйымының «Құрмет белгісі» ордені ерекше ыстық екенін айтады. Сонымен қоса өз мамандығын ерекше қадірлейтін дәрігер 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Жаңа Қазақстанның Жыл Адамы» номинациясының иегері атанды. Білікті дәрігер қазіргі уақытта да өзі сүйген мамандығынан қол үзіп қалған жоқ. Курорттық аймақтағы «Рауан Нұры» шипажайында бас дәрігер қызметін атқарса, Сарыағаш ауданы бойынша Медицина Ассосациясының Президенті болып еңбек жолын жалғап келеді. 

        Отбасына келер болсақ, Әсілхан Тойжанұлы текті әулеттің ұрпағы болғандықтан, сол дәстүрді ұстанып, өз перзенттеріне де сапалы білім, саналы тәрбие берген жан. Құдай қосқан қосағы Алмагүл Сманова екеуі өмірдің барлық қиыншылықтары мен қызықтарын бірге көріп келеді. Артта қалған сағынышты жылдарға еш өкініш білдірген емес. Үш қыз, екі ұл тәрбиелеп, ұлын - ұяға, қызын – қияға қондырған. Барлығы да жоғары білім алып, түрлі салада абыройлы еңбек етіп, ата-ана аманатын ізгілікті жолмен жалғап келеді. 

       Мамандығын қапысыз дұрыс таңдап, өз ісінің шебері атанған, айналасындағы адамдарға мейіріммен қарайтын «Алтын дәрігердің» шипалы қолдарының шарапатын көрген бесіктегі баладан есіктегі қартқа дейін айтар алғысы шексіз. «Гиппократ антын» өмірлік ұстанымы санаған, адам өмірінің сақшысы бола білген Әсілхан Жүнісовтің ерен еңбегі еленбей қалмақ емес, атқарған істері халық жадында сақталып қалмақ. 

 Майра Нұрмахан

Qazaquni.kz