Әлімхан Әужан: Қазақстанның бренді – «Алтын адам»!
2024 ж. 30 қазан
1191
0
«Қазақстан қайтсек алға басады?»
– Осыдан бір ай бұрын газетімізде жарияланған сіздің сұхбатыңыз оқырмандар арасында қызығушылық туғызып жатыр. Сол сұхбатты жалғастырып, Әлекеңнің бүгінгі өміріне, қызметіне кеңірек тоқталсақ...
– Рахмет! Бизнеске біржолата бет бұрғаннан кейін, оның еліміздегі болашағы жайлы ойланбау мүмкін емес. Осыған байланысты өзімді толғандырып жүрген бір-екі ұсынысымды айтайын.
Біріншіден, Үкіметте люстрация жасалуы тиіс. Айтылып келе жатқанына ол жайлы отыз жылдан асты, бірақ, қолға алынар емес...
Екіншіден, Парламент мүшелері әділетті түрде қайта сайлануы тиіс. Халық бір рет қателесуі мүмкін, екіншіде қателеспейтін болады.
Үшіншіден, Ұлттық Банк негіздік мөлшерлемені төмендететуі керек. Бұдан он-он бес жыл бұрын кредит 9-11 пайыз еді. Кәсіпкер 4 пайызын, мемлекет 7 пайызын төлеуші еді. (Ипотекамен үй алатындар үшін одан да төмен болатын). Кәзір 20 пайызға шығып кетті. Соны қайтадан төмендетуге әбден болады. Болдырмайтын кедергі көріп тұрған жоқпын мен. Сол кезде барып бизнеске даңғыл жол ашылады. «Инфляция көтеріліп кетеді» деген сөз – өтірік.
– Кедергі жоқ болса, неге төмен түсірмейміз?
– Мен оның басты себебін біздің экономикамыздың ресейлік экономикаға шамадан тыс тығыз байланысып қалғанынан деп ойлаймын. 2014 жылы желтоқсанда Мәскеуге барғанымда бір доллар 40 рубльге, бізде бір доллар 200 теңгеге тең еді. Бүгін бір доллар оларда 90 рубльге, бізде 480 теңгеге тең...
Доллардың біздегі шынайы бағасы 150, ары барса, 200 теңгеден аспайды. Ресеймен қарым-қатынасты бұзбай-ақ, бірақ, түрлі шектеудің не бір түрін қолдана отырып – олар қит етсе біздің біресе ана тауарымызды кіргізбей қойып, біресе мына тауарымызды кіргізбей қойып жатады ғой, біз де сол саясатты қолданып – долларды шынайы бағасына түсіріп ұстауымызға болады деп ойлаймын. Сонда сатып алатын техника мен түрлі жабдықтардың бағасы арзандар еді, өндірістің тынысы кеңейер еді.
– Әлеке, бірақ сіз ЕвроОдақтың мүшелеріндей «бір ел – бір дауыс» дейтін құқыққа ие емес ел екенімізді және жалпы ішкі өніміміздің (ЖІӨ) 75 пайызын құрайтын мұнайдың 80 пайызын Ресейдегі Новороссийск порты арқылы сыртқы шығаратынымызды ұмытып кеттіңіз ғой деймін...
– Мен он жыл бұрын бизнеске келгеннен кейін «экономикамызды қайтсек көтереміз?» деген мәселені бес жыл зерттеп, осыдан бес жыл бұрын президент Қ-Ж.Тоқаевқа өз ұсыныстарымды айтып, хат жаздым.
– Е, міне, сол жайлы айтсаңызшы!
– Мұнай деп отырмыз... Бұдан алты жыл бұрын менің екі балам Қытайға, Гуанчжоуға барып келді. «Ол жақтағы автомобильдің 35 пайызы электромобидьдер екен» деп келді. Ол кезде бізде оның әлі бір де біреуі жоқ-тұғын!
– Алты жылда қытай электромобильдері әлемді жаулап ала бастады..
– Енді он жылдан кейін мұнай ешкімге керек болмай қалады... Мен шетелге көп шығамын. 2014 жылы Германияға барғанымда бұрын Шымкенттегі атақты Орынбаев медицина орталығында істеген Феликс атты еврей жігіт күтіп алып (сол елдегі белгілі дәрігер екен), машинасымен 350 шақырым жердегі Бремен қаласына ала жөнелді. «Бармаймын, ел аралап жүруге уақытым жоқ» деп қарсы болып едім, «барған соң түсіндірем, өкінбейсіз» деді. Шағын қала екен. Оларда да «Ескі шаһар» дейтін бөлігі бар болып шықты. Пәленбай жүз жыл болған көне үйлер сол баяғы қалпында сақталыпты. Кейбіреуінде тіпті әйнектің орнына өгіздің терісі ілулі тұр. Шетінен сувенир сататын дүкендер, кішкентай кафелер, бәрінің іші тола турист. «Сіз кішкене болса да қалада абыройы бар азаматсыз ғой, әкімдерге айтыңызшы, Шымкенттегі «Старый городты» бұзбасыншы!» деді...
Сөйтіп жүргенде «ковид» келді. Менің қалаға бір рет шығып, құрылыс нысандарымды аралауға рұқсатым бар. Аралап келген соң сәкіде шалқамнан түсіп, жатамын да: «Шіркін, Шымкенттен Түркістанға шығаберіс жолда биіктігі жүз метр «Алтын адамның» ескерткіші тұрса ғой!» Сонда Нью-Йоркті Нью-Йорк еткен «Азаттық» статуясындай, Рио-де-Жанейроны Рио-де-Жанейро еткен Санта Марияның статуясындай, «Алтын адам» да Шымкентті Шымкент етер-ау...» деп, армандаумен боламын.
– Мен Мария Магдалинаның Рио-де-Жанейрода мүсіні бар-жоғын білмеймін, ал, 1931 жылы Корковаду тауында тұрғызылған, қала мен мемлекеттің символы болып саналатын, бейресми түрде «әлемнің 8-ші кереметі» деп танылған, биіктігі 38 метр Иисус Христостың ескерткішін көру үшін жылына 2 млн. турист арнайы баратынын білемін...
– ...Одан бір жыл бұрын мен Стамбулда, аэропортта танысып қалған бір моңғолдық, қазақи сувенирлер жасап шығаратын кішкентай цехы бар кәсіпкер қазақ қыз 3 млн. тұрғыны бар Моңғолияға Шыңғыс ханның ескерткішін көру үшін 3 млн. турист келетінін айтқаны бар-ды...
Соның артынша Грузияға жолым түсті. Грузия дегеніңіз айнымаған біздің облыстың сыңары! Тбилисидің де Шымкент секілді 1 млн. тұрғыны болса, Батуми дегеніңіз Түркістан, ал, Боржоми – Сарыағаштың дәл өзі! Тбилисиде де «Ескі қала» бар екен, бірақ, онысы бұзылмаған, әуелгі қалпында көрінеді. Грузияға жылына 11 млн. турист келеді екен! Саакашвили басшы болып тұрғанында не істеген? Тбилисиде әдемі аэропорт салған, аэропорттан қалаға баратын жолды Шевардандзенің күйеу баласына істетіпті... Батумиде теңіздің жағажайында 5 шақырым жерге пальма еккізген... Әлі президент болмаған сенатор Дж.Байденді алып келген. Онымен бірген «Хилтон», «Рэдисон», т.б. біраз брендтік қонақ үйлердің қожайындары келген. Батуми кәзір қонақ үйден көрінбейді. Біздің Шымкентте барлық қонақ үй бір мезетте бар болғаны 2 мың адамды қабылдай алады. 11 млн. турист келсе қайда жатқызамыз?... Бізге 20 мың адамды қабылдайтын қонақ үйлер керек.
Біздің мектеп – адалдық алаңы!
Кредит арзан болса, бизнес жасауға дайын адам көп. Оның қымбаттап кеткені аздай, мемлекет кәзір кредиттің өзі төлеуге тиіс бөлігін төлемей қойды. Міне, төрт ай болды, «капиталдық шығын» төленбей отыр, бір оқушыға 95 АЕК-ке тең соманы қайтаруы тиіс, оған әлі құжат та қабылдамай жатыр. «Бюджетте ақша жоқ» дейді...
Екінші жағынан. Мен 1338 оқушы сиятын, 10 250 шаршы метрлік, барынша сапалы, демек, барынша қымбат материалдар жұмсалған, физика, химия кабинеттері, үйірмелері қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген мектепті 1млрд. 700 млн. теңгеге салдым. Пайда табу үшін салған жоқпын. Артымда жақсы дүние қалуы үшін салдым.
Өзгелерге үлгі болсын деп, біз кәзір минусқа кетсек те, мектепті бітіріп қойдық. Өйткені, мемлекет бізге бөлген ақшаға сеніп отырмыз. Дәл осындай әдіспен нақты бір ауданға қанша мектеп керек, соның бәрін салып, мәселені толығымен шешіп тастайын десек, ондай мәлімет ала алмаймыз. Оның үстіне елімізде «жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша үш жылда салынуы керек 600-дей мектеп құрылысын төрт-бес компания ғана ұтып алған. Шәуілдірде 550 балалық мектепке 5,5млрд. теңге жұмсалмақшы. 1000 балалық мектепке 8 млрд. теңге бөлінеді. Бұ қалай?..
Мен мектеп құрылысын мемлекеттік компаниялардан алып, түгелімен жеке меншіктерге берген жөн деп санаймын. Өйткені, таусылмайтын дау. Бүгінге жеткен жетістігіміз – мектеп директоры, ең таза, үлгі болуға міндетті адам еден жуатын әйелді де жұмысқа пара алған соң ғана қабылдайды!
– Өйткені, ауылды жерде мектептен басқа мекеме, кәсіпорын жоқ! Мектеп директоры кәзір бұрынғы совхоз директорына тең болып отыр. Сол себепті білгенін істейді, етікті қонышынан басады...
– Бізге бір мектептен келген мұғалима орналасқан екен, «мен директорды танимын, қожайынын танимын, үйтем де бүйтем» деп әңгіме айтқанын есітіп, үш күннен кейін қуып жібердім. Біздің бір де бір мекемемізде ондай айла-амал жүрмейді. Біз – адалдық алаңымыз!
– Кредитті арзандату, мектеп құрылысын жеке меншікке беру, туризмді дамыту. Тағы қандай ұсынысыңыз бар?
– Мен тұрғын үй кешенін салмақшы болып алдымен 16 га, кейін қосымша тағы 5 га жер сатып алдым. Кешенде жұрттың демалыс орыны, оның ішінде аквапарк те болады. Сосын бір шетіне өзім армандап жүрген «Алтын адамның» ескерткішін қоямын. Мынау – жобасы.
– Моңғолиядағы «Шыңғыс ханнан» аумай қалыпты ғой? Көшірменің түпнұсқадан әрдайым нашар болатыны белгілі. Ханзаданы статикада сірестіріп қоймай, айқас, аң ату, әйтеуір, динамикада, қимыл үстінде көрсеткен дұрыс-ау...
– Бұл кешен жайлы құжаттарым былтырдан бәрі әкімнің алдында әбден жатып, төрт ай дегенде мемлекеттік акт қолыма тиді. Енді сәулеттік-жобалық тапсырмасын жасатуға кірістім. Баяғыда бастап қоюымыз керек еді...
Одан бөлек, Президент Қ-Ж.Тоқаевтың туризмді дамыту туралы сөз сөйлегеніне төрт айдан асты. Иә Үкіметтің, иә министрлердің, иә әкімдердің сол саланы дамыту үшін мынаны істеп жатырмыз дегендерін есітпеймін...
Оның үстіне енді он жылдан бәріміз электромобильге көшеміз. Менің өзім соған көшіп алдым. Жанның рахаты екен, кешке қосып қоясың, таңертең қуатталып, құр аттай болып, ауыздығын қарс-қарс шайнап тұрады...
– Мұнайдың машинаға керек болмай қалуы әбден мүмкін, өйткені, сутегінің күшімен жүретін мотордың ойлап табылғанына жарты ғасырдан асты. Тек ол кезде әлемдік компаниялар жылына жүздеген миллион машина жасап шығарып жатқан, сағаттай сыртылдап істеп тұрған өнеркәсіпті ауыстырғылары келмеді. Міне, оның уақыты енді келді. Электр қуатына немесе сутегі мен торийге ауыстыруға болады...
Сіз өзіңіз сервис, білім саласынан тікелей өнеркәсіп ошағын салуға кірісу ойыңызда бар ма?
– Мен өндіріспен айналысайын десем, ашық ақпаратта ешқандай өнеркәсіп моделі жоқ бізде. Біз малды әлі күнге дейін айдап салумен бағудан басқаны білмейміз. Жер алдың ба, сол жеріңді қорша да, сол жерде бақ малыңды. Шет елдің бәрінде сондай. Бірінші, осы мәселені шешуіміз керек.
Егін шаруашылығында да дәл солай. Дихандарымыз әлі күнге дейін мақта егеді-дағы, оны теріп алған соң алғашқы өңдеу, тереңдетіп өңдеу дегеннен бейхабар. Мақта зауытқа өткізіп қойып, ақшасын айлап ала алмай, сорлының күйін кешіп жүреді. Оларға: «Міне, мына мини-техникамен матаңды жіпке айналдыр, мына техникамен марля (бөз) шығар, мына техникамен орамал тоқы» (мысал үшін айтып отырмын) деп ұсынып, оқытып, ұйымдастырып, алға сүйреп отырған мемлекеттік органдар жоқ.
Инвесторларды әкеледі, олар бір келеді де, қайтып келмейді. Неге? Елде темірдей тәртіп болуы тиіс. Екіншіден, жағдайы жасалмайтын жерді қайтеді? Әлемдегі «миллионник» қалалардың ішінде жалғыз ғана 5 жұлдызды қонақ үйі бар қала тек Шымкент екен... Ұят. Масқара! Соғыс жүріп жатқан Днепропетровскінің өзінде ондай қонақ үй – 12. Бұдан кейін не айтуға болады?..
– Ісіңізді алға баса беруіне тілектеспіз!
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ
Қазақ үні